Қызылқайнардағы құптарлық қадам

0 0

Еліміз жаңадан егемендік алған жылдардағы қиын-қыстау кезеңде жекешелендіру саясатының алғашқы қарқыны дұрыс жүргізілмей, бірқатар мемлекеттік нысандар «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен еді. Сол кезде талан-таражға түскен нысандардың ішінде көптеген балабақша ғимараттарының да орны жермен-жексен болып, топырақ үйіндісіне айналғаны есте. Кейіннен ел еңсесін тіктеп, етек-жеңімізді жиған тұста балабақшаның қажеттілігі қайта туындап, қолда бар ғимараттар мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал жоқтың орнын толтыру үшін өзге мақсаттағы нысандар балабақшаға айналдырылды. Алайда халықтың табиғи өсімі балабақшалардың тым жеткіліксіздігін айқындай түсті. Бұл өз кезегінде бүлдіршіндердің мектепке дейінгі біліммен қамтылуына айтарлықтай кедергі келтірген еді.

Десе де, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын іске қосу арқылы және өңірлерде жекеменшік балабақшалар ашу жедел қолға алынып, қордаланған мәселелер біртіндеп шешімін таба бастады. Бұл жөнінде Президентіміз өткен жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «Төртінші. Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қатысты болып отыр. Бізде қазірдің өзінде оларды мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту саласында жақсы нәтижелер бар…Мен үшін осы сектордағы мемлекет-жекеменшік серіктестігінің үлгісі өте маңызды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық міндеттердің бірі – 3-6 жас аралы­ғын­да­ғы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді» – деп атап көрсеткен болатын. Бұл біріншіден жекеменшік балабақшалардың санын көбейту арқылы мемлекеттік балабақшаларға түсетін жүктемені азайту болса, екіншіден кәсіпкерлік негізде ұсынылатын қызмет түрін дамыту.
Осы бағытта облыс аудандарында да атқарылып жатқан шаруалар көңіл қуантарлық. Мәселен, Жамбыл ауданы әкімдігі білім бөлімінің сектор меңгерушісі Динара Қасымова жыл басынан бері ауданда мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 4 бірдей балабақша ашылғанын айтады. Жалпы, бұл ауданда мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтылуы тиіс 4 500 бүлдіршін болса, соның 85,9 пайызы 16 мемлекеттік, 6 жекеменшік балабақша және 20 шағын орталық есебінен орындалып отыр. Биыл пайдалануға берілген нысанның бірі – жақында ғана Қызылқайнар ауылдық округі, Қызылқайнар ауылында ашылған құны 250 мииллион теңгені құрайтын «Мөлдір» жекеменшік бөбекжай-бақшасы. Былтыр «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкер Айсұлу Раеваның аталған ауылға балабақша салу жөніндегі жобасының несиелендіруін қолдаған.
– Қор берілген несиенің 23,2 миллион теңгесіне кепілдік берді. Бұл несиеге алынған қаражаттың 29 пайызын құрайды. Тарқата айтқанда, «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы кәсіпкерге жылдық пайыздық мөлшерлемесі 15,5 пайыз болатын 80 миллион теңге несие берді. Оның ішінде пайыздық мөлшерлеменің 10 пайызын «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша субсидиялауда, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы аймақтық филиалының директоры Бақытжан Исақов.
150 бүлдіршінге арналған «Мөлдір» бөбекжай-бақшасында бүгінде 40 жеткіншек тәрбиеленуде. Мұндағы қызметкерлердің жалпы саны 17 адамды құрайды. Балабақшада бала санының аз болуы оның жаңадан ашылуымен байланысты болса керек.
– Өзім осы ауылдың келінімін. 1998-2002 жылдары мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Кейін жан жарым Ерік Серікұлымен ақылдаса келе, кәсіппен айналысуға бел будық. Ол «КамАЗ» жүк көлігінің жүргізушісі болғандықтан еліміздің өзге өңірлеріне, Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы секілді көршілес жатқан мемлекеттерге көкөніс, жеміс-жидек тасумен айналыстық. 2013 жылдың наурыз айында кәсіпкер ретінде заңды тіркеуден өтіп, мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болудың арқасында жүк көліктерінің санын көбейттік. Бұл жұмысты қазір жолдасым жүргізіп отыр. Біздің кәсіпкерлік бағытымызға жүк тасымалдау және мектепке дейінгі білім беру қызметтері кіретін болғандықтан, өз ауылымыздан балабақша ашқанды жөн санадық. Себебі, ауылда 560 түтін бар. Балабақшаға баратын әр үйде бір бала бар деген күннің өзінде бұл ауылдағы 130 орындық «Ертөстік» балабақшасы мен орта мектептегі шағын орталық елдің қажеттілігін өтей алмайды. Осыны ойлана келе, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» аймақтық филиалының кәсіпкерлікке қымзет көрсету орталығына барып, несие алуға өтініш білдірдім. Ол жердегі мамандардан қажетті кеңестер алып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде көрсетілетін қолдаудың мүмкіндіктерін пайдаландым, – деді балабақша директоры Айсұлу Раева.
Айсұлу Сәкенқызы алдағы уақытта бала саны көбейетінінен үмітті. Себебі 2 ән, 1 үлкен спорттық залы бар, заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген «Мөлдір» балабақшасы жекеменшік болғанымен, мұнда әр балаға төленетін ақы 8 мың теңгені құрайды. Бұл облыс көлеміндегі жекеменшік балабақшалармен салыстырғанда әжептәуір арзан. Балабақша іші бүлдіршіндерге толығып жатса, мекеменің жалпы штаттық бірлік саны 35 адамды құрайды деп күтілуде. Жалпы, мемлекет кәсіпкерлерді қай кезде де қолдауға дайын. Өйткені, мақсат кәсіпкерлерге жағдай жасай отырып, кезекке тұрған бала санын азайту. Түптеп келгенде, бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асқан жобалардың жемісі.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.