Қызылшарықта жаңа мешіт ашылды

0 2

Жердегі Алла Тағаланың үйі саналатын мешіттің мұсылман халқы үшін маңызы бөлек, орны қашанда ерекше болып қала бермек. Жаратушының нығметіне бөленіп, тілеу тілеп, жалбарынатын құтты мекен кім-кімнің болмасын жиі бас сұғатын қасиетті, қастерлі орны.

Жақында ізгілікті ту еткен Қызылшарық ауылының тұрғындары ауылына сәні мен кескіні жарасым тапқан зәулім мешіт салды. Оның ашылуына Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының облыс бойынша бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев қатысып, тұрғындарды құттықтады.
– Бүгін Жамбыл ауданында отыз бірінші мешіт ашылып отыр. Оған жергілікті жұртшылықтың үлес қосуы сауапты еселей түсетіні анық. Бұл – үлкен іс. Мешіттен ғұламалар шықсын, Алла Тағаладан тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Құран Кәрімді жатқа білетін қариларыңыз түлеп, ауылдың әлеуеті арта берсін,– деген Бейбіт Әлібекұлы жаңа мешіттің имамы Жасұлан Каримовты көпшілікке таныстырып, Құран Кәрімді сыйға тарту етті.
Сондай-ақ ауыл ақсақалдары да қайырлы іске ден қойған бірқатар азаматқа алғысын білдіріп, ел алдына шығарып, иықтарына шапан жауып, ақ батасын берді.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.