«Latyn álipbıi ескіліктен арылуға, жастардың азат рухын көтеруге жол ашады»

0 0

Уақыт ағымында кезіккен өзгерістердің салдарынан жоғалта жаздаған құндылығымыз – ана тіліміздің қолданысын кеңейтіп, мәртебесін биіктету мақсатында еліміз жаңа әліпбиге көшуді қолға алды. Әрине, басталған іске сыншы көп. Әзірше қоғамда қарама-қайшы пікірлер көптеп айтылуда. Бұл жайында филология саласын зерттеп жүрген ғалымдар қандай ой айтады? Тіл арқылы ежелден бүгінге жеткен, келешекке қалдыратын әдеби мұрамыздың жайы қандай? Осы тектес сауалдарға нақты жауап іздеп, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Дулатитану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақпен сұхбаттасып, бабалардан қалған асыл мұра жайында сыр тарқатқан едік. Бірқатар оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиеті, журналистика саласы бойынша жас ізденушілерге дәріс беріп, жас ұрпақты тәрбиелеумен қатар ғылыми еңбекпен шұғылданған ғалымның айтары салмақты. 

– Сәмен Оразғалиұлы, тіл мәселесі – қашанда өзекті. Ана тіліміздің өзіндік құндылығын арттырып, қолданысын кеңейту үшін өз әліпбиіміз жаңадан әзірленуде. Латын әліпбиі қазақ тіліне не береді, филолог ретінде ойыңыз қандай?
– Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі ең алдымен халықтың ойындағы отарлық, құлдық санадан арылтуға бағытталатын үлкен мәселе деп ойлаймын. Өйткені, күні кешеге дейін, біз мойындайық, мойындамайық, отарланған халықпыз. Кеңес үкіметі заманында «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғанына 250 жылдығы» деген үлкен керемет той болды. Соған қазақтың сом сөзді, салмақты ойлы ақын-жазушылары көлемді романдар жазды. Уақыт өте келе қазіргі жағдайда сараптап қарасақ, бұл қазақ даласын орыс империясының, яғни патшасының отарлағанына 250 жылдығы еді. Бұл тойлайтын қуаныш па, әлде қасірет пе? Қалай десек те тарих солай баяндайды. Өткенге көз жүгіртсек, қазақ мың өліп, мың тірілген небір жағдайларды бастан кешті. Рас, кеңестік кезеңнің ұлтымызды рухани байлығынан жұтаңдатқанымен халықтың әлеуметтік жағдайына қажетті оң серпін жасалды. Қалалар бой көтерді, өндіріс орындары іске қосылды, халықтың сауаттануына жол ашылды. Дейтұрғанмен, қазақ халқы үлкен зұлматты да көрді. Сол кездегі идеологияның мықтылығы шығар мүмкін, менің қатарластарым, бізден үлкендер, сол заманның тәрбиесімен өскендер әліге дейін құлдық санадан толық арылып біткен жоқпыз. Міне, енді латын әліпбиін сол ескіліктен тазаруға, жастардың еркін де азат рухын жоғарылатуға жол ашатын үдеріс деп білемін. Рас, қиындықтары өте көп. Ол қоғамдық қолданысқа әбден қалыптасқанша, біраз сатыдан өтеді. Бізден бұрын төл әліпбиін жасаған халықтар да ол жолдан өтті. Бірақ, Елбасы айтқандай, алдымызға қойған нақты мақсатымызға тиянақты бетбұрыс жасап, соған жетуіміз керек.
Бұған қатысты Елбасы айтқан екінші мәселе – әлемдік үдеріске бағытталу. Емле қабылданды. Басылым беттерінде, ел ішінде жаңа әліпбиімізге байланысты сын-пікірлер айтылып жатыр. Бұдан өзімнің ең басты күтетінім – қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын сақтауға, дыбыстық айтылу ерекшеліктеріне мән берілетіні. Осы жағы жүзеге асса, нұр үстіне нұр болар еді. Несін жасырамыз, кириллица жазбасында көптеген сөздердің ана тілімізде айтылуынан гөрі басқа тілге бейімделген нұсқасына қалыптасып кеттік. Әрине, жаңа дүниеден бастапқыда кемшіліктер кездеседі. «Көш жүре түзеледі» демей ме халық. Қолданыла келе іс-тәжірибе кем-кетігін түгендеп, түзетеді. Тек, біз содан кемшілік іздеп, түйткілді мәселеге айналдырмай-ақ, уақыттың екшеуін күтуіміз керек. Былайғы адамға қарапайым көрінетін дыбыстардың әрбірінің өзіндік ішкі ерекшеліктері, заңдылықтары бар. Онымен айналысатын арнайы ғалымдар да жаңа әліпбидің ана тіліміздің мүддесіне қызмет етуіне бейімдеп, жұмыс жасап жатыр.
– Үштілділік саясатымен бүгінде мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге де ағылшын тілін үйрету қолға алынып жатыр. Қалай ойлайсыз, бұл әлі жетілу үдерісіндегі бала психологиясына ауырлық етпей ме?
– Бұл да қоғамдағы елеулі мәселе. Өмірге енді қадам басқан бүлдіршіннің миы онсыз да «анау не, мынау қандай болады?» дегендей қызығушылық сұрақтарға толы болатыны белгілі. Әрі ол – ойын баласы. Оны үш тілде қатар оқыту қиын соғатыны біз айтпасақ та анық жағдай. Дегенмен, тіл қатынас құралы болғандықтан да еліміздің азаматтары әлемнің кезкелген жерінде еркін жұмыс істей алса деген ниет бар екенін естен шығармаған жөн. Бабалардан қалған өсиетте де «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» демей ме. Тіл білгеннің болашағы жарқын екенін күнделікті өмірде де көріп жүрміз. Және әлемдік байланыс тілі ағылшыншаны білу ғылымға да жол ашады. Ұлтымыздың жанашыры Ахмет Байтұрсынов «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек» дейді. Себебі бастауыш дегеніміз білімнің барлық саласының бастапқы сатысы. Яғни, тілі енді шыққан бала өзінің ана тілінде бастаса, ілімнің іргетасын санасына түсінікті етіп құя алса ғана нәтижесін береді. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді» дегенін де ұмытпағанымыз абзал. Егер балаларымызды өз ұлтының, туған халқының нағыз жанашыр азаматы болып өссін десек, алдымен өз ана тілінде оқытып, содан кейін біртіндеп өзге тілді үйретсек те ештеңеден ұтылмаймыз.
– Өзіңіз балаларыңызды қай тілде тәрбиеледіңіз?
– Жұбайым да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Өзіміз қазақы ауылда туып-өстік. Көкірегі шежірелі ата-әжелердің тәрбиесін көрдік, ауылдың май топырағына аунап жетілдік. Балаларымызды да сол бірыңғай қазақы тәліммен тәрбиеледік. Тіпті, заманның ағымымен басқа тәрбиеге барайық десек те өзгере алмас едік. Себебі, біздің ортамыз – таза қазақы. Балаларым да мектеп қабырғасында бағдарламаға сай шет тілдерді бертін келе үйренді. Кейін ес білген соң, өз қабілеттеріне қарай бейімделді. Балаға әлденені үйрету үшін қинаудың қажеті жоқ. Бағыт-бағдарын нақтылап көрсетіп, жақсы әрекетпен үлгі көрсетсең, адам өсе келе өзіне қажеттіні уақытына қарай игеріп алады.
Дегенмен, бірнеше тіл білгеннің пайдасы көп. Өзіміз де жұмыс барысымен шетелдерге барғанда қасымызда аудармашы болмаса, айтқымыз келген ойды дер кезінде жеткізе алмай қынжыламыз.
– Бүгінде «Дулатитану» ғылыми зерттеу орталығының директорысыз. Зерттеу жұмыстары нендей тың жетістіктер беруде?
– Тараз мемлекеттік университетінде 1997 жылы Мұхаммед Хайдар Дулати аты берілген ғылыми зерттеу орталығы ашылды. Содан бері, міне 22 жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалды. Мен осында келгелі 2 жыл болып қалды. Өткен жылы университетіміздің 60 жылдығына орай әйгілі тарихшы ғалымға арналған халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Осы орталықтың дайындауымен үш кітап шығардық. Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлімен келісім шарт негізінде бірге жұмыс атқарып, үлкен еңбекті әзірледік. Екінші кітабымыз белгілі дулатитанушы Мұхтар Қазыбектің еңбегімен жарық көрді. Ал, үшіншісін «Дулатитану белестері» деген атпен таңдамалы жинақ ретінде шығардық.
Сонымен қатар, бұл орталықта тарихшы, әдебиетші магистрлар диссертациялық жұмыстарын жүргізеді. Рас, Дулатитану ғылымының өзіндік бір қиындығы бар. Шын мәнінде бұған терең бару үшін парсы тілін білу қажет. «Тарихи-Рашиди» парсы тілінде жазылған ғой. Бұл еңбектің ғажабы – XVI ғасырдан бастап әлем халықтарының біразына тарап кеткен. Яғни, оның көшірмелерін Душанбеден де, Түркиядан да, Үндістаннан да, Америка Құрама Штаттарының кітапханаларынан да, Германиядан да, Қытайдан да табуға болады. Дулатитану – әлемдік масштабтағы ғылым. Бұл туралы кезінде әлем зерттеушілері көлемді, мағыналы ғылыми мақалалар жазған. Яғни, соның бәрін білуіміз керек. Айналып келгенде бұл жұмыстың да түп-төркініне жету тіл білуді қажет етеді. Үнді елінің профессоры Мансура Хайдар осы Дулатиді зерттеп жатыр. Хат-хабар алысып, байланысып отырамыз. Жуырда жаңа еңбегін аяқтағанын білдік. Енді ол осы ақпан айында Үндістанда ағылшын тілінде шығады. Кітаптың бір нұсқасын бізге жібереді. Бұйыртса, соны біз қазақ тіліне аударамыз. Қазіргі уақытта аудармашы іздеудеміз. Аударылып, жұмыстар толық аяқталғаннан кейін алдағы күз айларында тұсаукесерін өткіземіз деген жоспарымыз бар.
– М.Х.Дулатидің есімін киелі Әулиеата өңіріндегі іргелі оқу орындарының бірі ТарМУ-дың иемденіп, еңбектерін тереңдеп зерттеуіне не себеп?
– Университетіміздің алғашқы ректоры Уәлихан Бишімбаев болғанын білесіздер. Ғалым Уәлихан Қозыкеұлының айтуынша, ғылыми зерттеулер жасап кітапханада отырған сәттерінде шаршаса, басқа кітаптарды қараумен тынығады екен. Сондай уақытта Дулатиге қатысты кітаптарды көзі шалады. Оқып қараса, Дулати деген есімі, тегі қазақтың Дулат руынан шыққандай ой береді. Содан қызығушылық танытып, ішкі патриоттық сезіммен Тәуелсіздік берген мүмкіндікті пайдаланып, осы университетке әлемге әйгілі ғалымның есімін бергенді жөн санайды. Әрине, атын иеленген соң ол тұлғаны кейінгі ұрпаққа толықтай танытарлықтай пәрменді жұмыстар жүргізу керек. Оқу орнымызда қалыптасқан жаңадан келген 1-курс студенттеріне жүргізетін дәстүрлі ректордың лекциясы бар. Онда ректор үлкен аудиторияда 1 жарым сағат көлемінде Дулати туралы жан-жақты мәліметтерді айтады. Сонымен қатар, Дулати туралы 2 жылда бір рет өткізілетін конференциямызға да студенттерді көптеп тартамыз. Бұдан да басқа жастарға оң бағыт көрсетуді көздеген ғылыми, әдістемелік жұмыстар атқарылуда.
– Облысымыздың 80 жылдық мерейтойына орай шығатын жаңа кітаптың жетекшілік жұмыстарында жүр екенсіз. Өңіріміздің өткені мен бүгінін көрсететін жаңа кітаптың мазмұны қандай болмақ?
– Бұл жұмыс облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылмақшы. Ғылыми және әдеби шығармашылық бағытта көп томдық болып шығады. Облысқа қатысты небір оқиғалардың, жағдайлардың ғылыми негізін ашатын кітапқа облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының аға ғылыми қызметкері Сауран Қалиев, ал әдеби шығармашылық бағыттағысына мен жетекшілік етудемін. Өзіме қатысты бағытты айтар болсам, негізінен осы Әулиеата өңірінен бұрынырақ шыққан барлық әдеби шығармашылық иелерінің еңбектерін іздеудеміз. Алдымен материалдарды жинақтап, бір ізге жүйелендіреміз. Біздің Жамбыл облысы талантқа бай, өзіндік ақындық мектебі қалыптасқан. Айталық, бір жақта Жетісу ақындық мектебі, екінші жақта оңтүстік ақындық мектебі бар. Осы екі ортада көлемді Жамбыл өңірі жатыр ғой. Міне, осыны біз Шу-Талас ақындық дәстүрі деп қарастырғанды жөн көріп отырмыз. Расында бұл талай таланттарды тудырған кең алап. Тіпті, жыр алыбы – Жамбылдың өзі осында Майкөт ақынды арнайы іздеп келіп, ұстаз санаған. Және осы өңірден шыққан Өзбек Ақжолұлының өлеңдері ғибратқа толы, өзекті жырларымен көпке танылған айтулы ақын.
Жаңа кітаптан бұрын-соңды көрінбеген тың дүниені сұрайтындар көп. Біз соны беруге барымызды салып еңбектенудеміз. Іздеу, зерттеу жұмыстары ұзақ уақыт пен қажыр-қайратты талап етеді. Бұрын талай мықтылар болды, артына тұщымды өлең өрнектерін қалдырды. Бір өкініштісі – бәрі бірдей туындыларын жазбаша қалдырды ма, тіпті қолжазбалары болған жағдайда да олардың қайда қалғаны белгісіз. Міне, осының бәрін іздестіріп, табуға тиістіміз. Көнекөз куәгерлерді іздеп, көзкөргендермен байланысып, 2-3 шумақ өлеңі қалса да осы топырақта туған таланттарды іздеп, тауып жаңа кітапқа қосқымыз келеді.
Сондай-ақ, тарихқа көз жүгіртсек, бұл өлкеде небір тарихи оқиғалар орын алған. Ондай оқиғалар болған жерде аңыз-әңгімелер тумауы тағы мүмкін емес. Міне, бұларды да осы кітапқа қамтуға тырысып жатырмыз. Бірақ, уақыт өте тығыз. Бұл жұмысты ертерек бастауымыз керек пе еді деген ой келеді.
Қазірше «Бәрін түгел қамтимыз, жаңалықтар көп болады» деп алдын ала жар салмай-ақ қояйық, сөзбен емес іспен көрсеткен жөн ғой.
– Ұлтымыздың ұлы құндылығының бірі – халық ауыз әдебиеті. Өзіңіз осы саланың зерттеушісісіз, өскелең ұрпаққа құнды мұрамыздың маңызын жеткізе алып жүрміз бе?
– Бауыржан Момышұлының «Мен бесік жырын айтпайтын анадан, ертегі айтпайтын әжеден қорқам» деген сөзі бар ғой. Ертегі де халық ауыз әдебиетімен жеткен, тәрбиенің бір құралы. Әрине, жас ұрпаққа ауыз әдебиетіндегі барлық шығармаларды тықпалаудың қажеті жоқ. Тек баланы қызықтыратындай ертегі немесе тілі тартымды қисса-дастандарды сол кішкентайлардың тілімен жеткізе алсақ, көп нәрсені ұтар едік. Байқап қарасаңыз, ертегі, жыр-дастандар да, терме де тұнып тұрған тәрбие. Кейіпкерлер арқылы, оның басынан өткізген оқиғалары, түрлі өмірлік жағдаяттармен «кеше осындай болған, бүгін сен сол қателіктерді қайталасаң, сол секілді қиындықтарға ұшырайсың» дегендей мән беріп, тәрбиелейді.
Қазір «балаларға арналған туынды жоқ» дейміз. Төрт түлікке арналған туындылар да ертегі секілді балаға оң-солды танытатын құрал.
Бүгінде қоғамда мейірім азайып, адамдар қатыгездікке бой алдырып бара жатқанын жиі айтамыз. Міне, бұның да себебі сол ауыз әдебиеті арқылы кешегілерден жеткен тәрбиенің жұтаңдығынан. Ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке жетелейтін өнегелі әңгімені, жырды, термені тыңдап өскен бала ешқашан қателікке бой алдырмайды. Біз өткеніміздің өнегесін түбегейлі сіңірмейінше, баянды болашаққа қол жеткізе алмаймыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да осыны меңзейді. Бүгінге дейін нарықтың жетегімен материалдық қажеттілікке мән бердік. Енді рухани азыққа көңіл аударуға тиістіміз. Ал, рухани қорек түп-тамырыңды, сенен бұрын өмір сүрген ата-әжелеріңнің тұрмысы мен тәжірибесін білмейінше келмейді. Себебі, дүние есігін енді ашқан бала әкесі мен анасының бақылауынсыз, үлкендердің бағыт-бағдарынсыз өмірді тани ала ма? Өз бетінше өмір сүре ала ма? Дәл сол секілді, тарихымызды, ұлтымыздың құндылықтарын, халқымыздың ежелден келе жатқан асыл мұрасын танып-білмейінше, біз өркениетке қол жеткізе алмаймыз.
– Ізіңізден ерген жастарға не айтасыз?
–Жастарға үлкендер тарапынан сын тағушылық баяғыдан бар әдет қой. Мен керісінше қазіргі жастарға сүйсінемін. Бүгінгі жастардың бойынан еркіндікті, азаттықты және батылдықты көремін. Жаңа заманның жаңалығына құмар, үйренуге құштар қызығушылықты, талапкерлікті байқаймын. Және имандылыққа бет бұрған ізгілікті сеземін. Бәрібір жас адам әлі өмірдің алуан қырын көрмегендіктен де тәжірибесіз, албырт келетіні заңдылық. Сол себепті де аға буын тек құрғақ сөзбен ақыл айтып емес, өзінің ізетті іс-әрекеттерімен үлгі көрсетсе екен деймін. Несін жасырамыз, кейде кеңестік кезеңнің тәрбиесімен өсіп, «Дін – апиын» деген ұғымды санаға сіңдірген аға ұрпақ жиын-тойда карта ойнап, ащы суға ауыз былғап, өз орнын білмей кететін жағдайларға кездесеміз. Онысымен кейінгі ұрпаққа не үлгі көрсетеді? Содан кейін жастардан не ізет күтеміз? Баламыз қандай адам болып өссе де ол – өзіміздің берген тәрбиеміздің жемісі. Ал, жастарға ел ішіндегі «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» дегенді баса айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.