Жамбыл жаңалықтары Латын әліпбиі

Латын әліпбиі: Жаңғыру жазудан басталады

Кеше Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі – ел ертеңі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Маңызы зор, мәні ерекше жиынға елімізге белгілі ғалымдар, облысымыздағы бірқатар оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты.

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 23 қазандағы №569 Жарлығы негізінде облысымызда нәтижелі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айта келіп, басқосудың маңыздылығына тоқталды.
«Дөңгелек үстел» отырысында алғашқы сөзді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек алып, қаралып отырған мәселеге байланысты өзінің мазмұнды ойларын ортаға салды.
– Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір топ ғалымдарды қабылдады. Сонда Мемлекет басшысы «Мен әліпбиді бекіткеннен кейін бірден іске асырыңдар деп талап қоймаймын. Жан-жақты зерттеңіздер. Халықтың пікіріне құлақ түріңіздер. Әрбір Қазақстан азаматының пікірі қымбат» деп шегелеп айтты. Президенттің тапсырмасына сай мамандар жүйелі жұмыс жасап жатыр және алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Жалпы, өзге де түркі тілдес халықтар секілді еліміз тәуелсіздік алған жылдардан-ақ латын қарпіне ауысып алса болар еді. Бірақ, жасыратыны жоқ, ол кездерде еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы қиын еді. Сондықтан да, Президентіміз ең алдымен экономиканы көтеру саясатын ұстанды. Шүкір, бүгінгі таңда еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, өзгелер үлгі аларлық деңгейге жетті. Яғни, латын әліпбиіне ауысатын кез келді деуге толықтай негіз бар. Ел арасында жүргенде «Үйреніп қалған орыс тілінде қала беруге болмас па еді?» деген пікірлерді естіп қалып жатамыз. Ашығын айту керек, кириллицадан іргемізді аулақ салатын кез жетті. Себебі, орыс тілінің әсерінен ана тіліміздің табиғаты бұзыла бастады. Қазіргі таңда қырық екі әріпті кириллицаның кесірінен қазақ тілінде бірізділік жойыла бастады. Ал, дүние жүзінің әліпбиін қарасақ, ең тиімдісі де, ең оңайы да – латын әліпбиі. Болашақта бәсекеге қабілетті болу үшін де латын қарпіне көшу керек, – деген Ерден Задаұлы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Берік Уәлиұлына өз ризашылығын білдірді.
Мұнан кейін баяндама жасаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, профессор Жантас Жақыпов әлем бойынша 3 пайыз ғана халық кирилл әліпбиін пайдаланса, латын әліпбиін қолданатын елдердің үлесі бұл көрсеткіштен ондаған есе көп екенін тілге тиек етті. Жантас Алтайұлының айтуынша, латын графикасына көшу 2025 жылға дейінгі үш кезеңді қамтиды екен. 2018-2020 жылдар аралығындағы бірінші кезеңде жаңа әліпбидегі жазу ережелерін әзірлеу және мәтіндерді латынға көшіру үшін IT қосымшаларын дайындау жоспарланса, 2021-2023 жылдар аралығында жеке құжаттар, куәліктер және басқа да құжаттарды латын қарпінде беру қамтамасыз етіледі. Сол секілді 2024-2025 жылдары кезең-кезеңімен іс қағаздар жүргізу көшірілетін болады.
Ал, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының орфография бөлімінің басшысы Құралай Күдеринова болса жаңа әліпби негізінде әзірленген емле ережелерінің мазмұны мен құрылымын түсіндірді.
– Жалпы, орталықтың негізгі мақсаты – латын графикасына негіз­делген қазақ әліпбиін көшіру бойынша ведомствоаралық жұмыстарды үйлестіру, орфографиялық ережелерді дайындау, әліпби бойынша үйрету, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және мемлекеттік қызметшілер мен жеке тұлғаларға мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытуды ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету. Қазіргі таңда орталық мамандары жоспарлы түрде жұмыс жүргізуде. Осы ретте атқарылған жұмыстардың бірқатарына тоқтала кетсем. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары жаңа әліпби бойынша емле ережесін жасады. Ереженің алғашқы жобасы маусым айында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына ұсынылды. Орталық мамандары жаз бойы емле ережесін талқылау жұмыстарын жүргізіп, еліміздің алты облысында сынама сауалнамалар алды. Сауалнама нәтижесінде тамыз айының аяғында тағы бір түзетілген жоба дайындалды. Бұл жоба да көпшіліктің талқысына салынды. Талқылау жұмыстары қыркүйек айында аяқталып, айтылған ескертпе-ұсыныстардың барлығы ескерілді. Нәтижесінде 108 параграфтан тұратын, 9 тарауға жіктелген кітапша дайындалды. Емле ережесі толықтай түсіндірілген кітапша бойынша насихаттау жұмыстары еліміздің түкпір-түкпірінде жүргізілуде. Емле ережесі түсіндірілгеннен кейін 14 қараша күні жалпыхалықтық диктант алу жоспарлануда, – деді Қ.Бимолдинқызы.
«Дөңгелек үстел» отырысы барысында Астана қаласы әкімдігі «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ержан Еңсебай өзі жетекшілік ететін мекеменің латын әліпбиіне көшуге байланысты атқарып жатқан жұмысымен таныстырса, жергілікті оқу орындарынан келген ғалымдар Алмасбек Белботаев, Гүлнұр Мейрманова, Гүлзинат Қарымбаева өздерінің бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Пайымды пікірлер айтылып, орамды ойлар ортаға салынған жиынды Берік Құрманғали қорытындылады.
«Дөңгелек үстел» отырысынан кейін басқосуға қатысқан азаматтардың да ой-пікірлерін білген едік.

Пікірлер тоғысы

Сұлушаш Құрманбекова, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы

– Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Латынға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп жазған еді. Расында, біз латын қарпіне көшу жайын сөз еткенде әліпби мен тілдің төңірегін ғана шиырламай, бұл мәселеге байыптылықпен, кеңірек қарап, тереңірек үңілгеніміз жөн сияқты. Латын әліпбиіне көшу еліміз үшін жаңа мүмкіндік есігі деп есептеймін.
Облысымызда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының алға қойған мақсат-міндеттемелеріне сай басқарманың ұйымдастыруымен қыруар шаруа тындырылды. Нәтижесінде халықтың көзқарасы өзгерді. Өткен жылы латын әліпбиіне қатысты еліміздегі белгілі ғалымдардың қатысуымен 19 шара өткізілді. Ағымдағы жылы да мекемелерде, оқу орындарында, облысымыздың түкпір-түкпіріндегі елді мекендерде мамандарымыз ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ, жаппай «Диктант жазу» акциясы былтырғы жылдан бері өңірімізде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Екі жетіден кейін өтетін жалпыхалықтық акцияға да жамбылдықтар белсене қатысады деп сенемін.

Энвер Қапаған, Түркия мемлекеті Карабюк университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор

– Осыдан тура 90 жыл бұрын 1928 жылдың 1 қарашасында Түркия мемлекеті латын әліпбиіне көшті. Бірақ, бұл асығыстық жасалған шешім болды. Ал, зардабын бүгінгі ұрпақ көруде. Қазіргі таңда бізде 29 әріп бар. Ал, шын мәнісінде ел аузында 40-тан аса әріп жүр. Себебі, асығыс жасалған шешімнің салдарынан бірқатар әріптер әліпбиге енгізілмей қалды. Қазақстан елінде мұндай кемшілікке жол беріледі деп ойламаймын. Түркия жарты жылдың ішінде латын әліпбиіне көшіп кетсе, сіздерде әлі де барлығын жан-жақты сараптап, зерттеп, зерделеуге уақыт бар. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 немесе 2020 жыл емес, 2025 жылдан бастап толық латын әліпбиіне көшуіміз керек дегені тегіннен-тегін емес. Уақыт беріп отыр. Сондықтан, мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ұлттың ұлы мақсаты жолында жұмыла жұмыс жасау керек деп ойлаймын.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР