Сұхбат

«Латын әліпбиіне көшуді науқанға айналдырмау керек»

Written by Aray2005

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы –
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек

– Ерден Задаұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда елімізде латын әліпбиіне көшуге байланысты жемісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, өзіңіз бастаған елге белгілі тіл мамандары, ғалымдар латын әліпбиіне көшсек ана тіліміздің аясы кеңейіп, құлашын кең жаятынын айтып жүр. Егер шынымен солай болса, неге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ латын әліпбиіне өтпедік? Тым кеш әрекет етіп жатқан жоқпыз ба?
– Әрине, жөн сөз айтып отырсыз. Түрлі ортада бұл жайында қаншама адам айтып, өз ойларын білдіріп жатыр. Алайда, біржақты көзқараспен қарамау керек. Рас, кезінде Кеңес одағының құрамында болған бірқатар елдер баяғыда-ақ латын әліпбиіне көшіп алды. Біз неге әліпбиімізді ауыстыра алмадық?! Еліміздің тәуелсіздік алған, 1991 жылдардағы жағдайын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Кеңес одағы дәуіріндегі басқару тәсілі өзгеріп, жаңа жүйеге ауысудың қиындығы білініп, сын сағаты соғып тұрған шақ. Одақтың ыдырауымен күшейе түскен экономикалық дағдарысқа қарсы жүйелі күрес басталды. Нарықтың қатігез қыспағында қалып қоймай, сүбелі табысқа кенелу соншалықты күрделі болды. Сондықтан да аумалы-төкпелі кезеңде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы ең бірінші экономиканы дамытуға аянбай күш жұмсады. Өйткені, тұрмысымызды түзеп, ел еңсесін тіктеп алмасақ, басқа шаруаның барлығы бекершілік болар еді. Сол тұста Елбасы: «Сіздерді қысқа уақыттың ішінде үлде мен бүлдеге бөлеймін деп айта алмаймын. Осы күнімізге шыдауымыз керек. Түбінде біз өз жолымызды табамыз», – деп елдің еркін дамуына үлкен қолдау керектігін ұдайы айтып отырды. Ел болып өтпелі кезеңнің барша қиындығына төтеп бердік.
Ал, бүгінгі таңда саясат айдынында парасаттылық орнығып, ел экономикасының барлық саласында бәсекеге қабілетті орта қалыптасты. Жыл өткен сайын еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы нығайып, әлемдік деңгейдегі дамыған елдермен тереземіз теңесті. Қазақ елінің пікірімен санасып, өзара екіжақты қарым-қатынас орнатуға мүдделі мемлекеттер саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Өз тарихын жаспен емес, таспен жазып, озған елдердің қатарына қосылған қазақ елінің бәсекеге қабілеттілігі шын мәнінде сыналып та, іс жүзінде шыңдалып та келеді. Сол себепті де дәл қазіргідей мүмкіндігіміз зор кезде латын әліпбиіне көшу дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын. Әлі есімде, 1991 жылы Тіл білімі институты латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерді. Тіпті, академик Әбдіуали Қайдар Мемлекет басшысына хат жазды. Хатында «Тәуелсіз ел болдық, енді тілімізге сәйкес әліпби жасайық, тілімізді жаңғыртуды қолға алайық» деп көрсетті. Сөйтіп, Елбасы бірінші тапсырма берді, 2006 жылы мәселе етіп көтерді, 2012 жылы стратегиямызға енгізді. Енді міне, нақты қолға алынды. Егер осыдан жиырма бес не жиырма жыл бұрын латын қарпіне көшуге шешім қабылдасақ, көптеген кедергілер туындар еді. Басқасын айтпай-ақ қоялық, қаржылық шығындарының өзін өтеуге мүмкіндігіміз жетпейтін.
– Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі жайында ел арасында саналуан пікір қозғалып жүр. Осы үдерістің басы-қасында жүрген маман ретінде бұл мәселе турасында не айтар едіңіз?
– Латын қарпіне көше отырып, қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тілге айналдыра аламыз. Жаңа әліпбиге көшкенде тіл ережелері қайтадан жасалады. Біз кірме сөздерді шет тілінде қалай айтылса, солай дыбыстап жүрдік. Әлемнің ешбір тілінде ондай олқылық жоқ. Біздің грамматикамыздың ережелері орыс тілінен көшірілгені баршамызға белгілі. Енді сөз жоқ, орфоэпикалық, сөзжасам, фонетикалық, морфологиялық ережелердің бәрі жаңадан қарастырылады да, өте қарапайым тіл табиғатына тән нұсқалар шығарылады. Қазіргі әліпбиімізбен біз алысқа бара алмаймыз.
Қазақ тілі экономиканың, саясаттың тілі болуы керек. Сол үшін біз бір тілдің әліпбиін жасауымыз қажет. Бір тілдің ережелерін жасауымыз керек. Ал, бөтен сөздерді өз тілімізге бағындырып, тілімізге кіргізуге болады. «Москва» деген сөзді «Мәскеу» дедік қой. «Россия» дегенді «Ресей» дедік. Дәл солай кез келген сөзді қазақшалауға болады. Үйрену де қиын соқпайды. Ережесі де аз.
Біз алдымызға дамыған отыз елдің қатарына кіреміз деп мақсат қойып отырмыз. БҰҰ ережесі бойынша сол елдің мемлекеттік тілі толыққанды дамыған болуы керек. Ең басты көрсеткіш осы. Экономика екінші кезекте қалады. Сондықтан қазақ тілі ғылым тіліне айналмаса, техникалық прогреске ілесе алмасақ, онда ешқандай даму мүмкін емес. Сол себепті де латын әліпбиіне көшудің тиімділігі орасан.
– Латын әліпбиіне көшу барысында қандай дүниелерге басымдық бергеніміз дұрыс?
– Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір топ ғалымдарды қабылдады. Сонда Мемлекет басшысы «Мен әліпбиді бекіткен­нен кейін бірден іске асырыңдар деп талап қоймаймын. Жан-жақты зерттеңіздер. Халықтың пікіріне құлақ түріңіздер. Әр Қазақстан азаматының пікірі қымбат», деп шегелеп айтты. Ұлт көшбасшысы тегіннен-тегін мұндай тапсырма беріп отырған жоқ. Кезінде латын әліпбиіне көшкен елдердің жіберген қателігін жан-жақты зерделеп отыр. Мәселен, Ататүрік түріктерді жарты жылдың ішінде латынға көшіріп жіберді. Асығыс қабылданған шешімнің салдарынан 3-4 дыбысты ұмытып кетті. Мысалы, ә, ң, қ деген дыбыстарды таңбалаған жоқ. Бұрын «Гөзәл» деп айтушы еді, қазір «гөзел» дейді. Сол секілді түрікмендер де асығыстық жасады. Қателеспесем, 1993 жылы Түркияның Президенті Түрікменстанға ресми сапармен барады. Ататүрікке құрметі ретінде әрі сыйлық жасаймыз деп үкіметтің қаулысын шығарып, «Міне, біз латынға көштік» деді. Көп ұзамай-ақ әліпбиді ауыстырды. Бірақ, Түрікменстан кириллицаны қайталай салды. Олар да бір-екі әріптерді ұмытып кетті. Ала шапанды ағайындарымыз да латынға көшкелі бері әліпбилеріне төрт мәрте өзгеріс енгізді. Басқалар жіберген кемшілікке бой алдырмауымыз керек. Жақсысын кәдемізге жаратып, жаманын ысырып қойғанымыз абзал. Бізге қысқа немесе ұзақ мерзімде көшу маңызды емес. Ең маңыздысы, сапалы, орнықты, халыққа ыңғайлы әліпбиге көшуіміз керек.
– Латын әліпбиінің жаңа емле ережесі осы жылдың соңына дейін жарияланады деп айтылған болатын. Бірақ, жуырда ғана Тараз қаласында өткен алқалы жиында өзіңіз емле ережесі келесі жылдың көктемінде жарияланатынын айттыңыз. Бұлай кешігуінің себебі неде?
– Жаңа ғана айтып өткенімдей, асығыстық жасаудың керегі жоқ. Көктемге дейін жан-жақты саралап, халықпен кездесіп, талап-тілектерін тыңдауға мүмкіндік аламыз. Ең маңыздысы, латын әліпбиіне көшуді науқанға айналдырмау керек. Әліпби ғалымдар жылы кеңседе отырып жаза салатын немесе басшылар бұйрық шығарып, енгізе салатын дүние емес. Халықпен санасу керек. Біз үшін Қазақстанның кез келген азаматының әрбір пікірі құнды. Сондықтан да келесі жылға созылып отыр.
Тағы бір айта кететін жайт, Мемлекет басшысы «2022 жылдан бастап латын әліпбиін білім жүйесіне енгізе бастау керек» деді. Бірақ, құзырлы органдардың қашанда берілген тапсырманы ерте іске асырып тастайтын әдеті ғой. Сол әдеттеріне салып, 2020 жылдан бастап даярлық сыныптарына енгіземіз деп жатыр. Бұл дұрыс емес. Әлі ерте. Бұл мәселені әлі қарау керек. Асығыстық абырой бермейді.
– Әліпби ауыстыруды әріп ауыстыру деп ойлайтындар да бар…
– Олай емес. Ең негізгі жұмыс әліпбиді бекіткеннен кейін басталады. Алда тіліміздің бүкіл заңдылықтарын өзінің табиғатына сай жасап шығаруымыз керек. Бізде қазір
28 дыбыс болса, әріп саны 42. Ал, негізінде 28 болуы керек. Кезінде латын әліпбиіне көшкенімізде 28-29 әріп болды. Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуында да 28-29 әріп болған еді. Біздеде ықшамдалған, тіліміздің өзіндік ерекшелігіне сүйенген әліпбиіміз болады. Яғни, Ахмет Байтұрсынов іліміне оралуымыз керек. Біз тіл дамуының заңдылықтарын тірілткен жағдайда шынында да біртұтас ұлтқа айналамыз. Латын графикасын техникалық жағынан пайдалану бойынша барлық мәселелер бірте-бірте шешіледі. Ең үлкен проблема – психологиялық проблема. Ашығын айтсақ, біз – дұрыс жазуды ұмытқан халықпыз. Сондықтан жаңа жазу сәл тосын көрінеді. Бұл тұрғыда біраз үйрету керек, түсіндіру қажет. Қазір біздегі дыбыс санын түсінудің өзі қиынның қиыны. Қарапайым адам былай тұрсын, ғалымдардың өздері шатасады. Сол себепті қазақ тілінің заңдылықтарын сақтай отырып, дұрыс жазу үшін біраз уақыт қажет. Дайындық шараларын созып жатқанымыз да содан.
– Әлеуметтік желіде өте белсендісіз. Ұдайы қоғамдағы өткір мәселелерді бөлісіп, үн қосып отырасыз. Қызметіме кері әсері тиеді деп ойламайсыз ба?!
– Талай мәрте зияны тиді. Екі-үш мәрте қызметтен босатқан кездері де болды. Бірақ, Қазақстан мемлекетінің азаматы ретінде қоғамдағы қызу талқыға түскен, елді алаңдатқан мәселелерде үнсіз, бұғып қалғым келмейді. Едігедей егілмесем, елді ойлап, ет жүрегім езілмесе, онда менің азаматтығымның көк тиындық құны жоқ. Менің түсінігімде, ел алдында жүрген зиялы қауым өкілдері, айтары бар ғалымдар шындықтың шырақшысы бола білу керек. Әрине, шындықты айтудың да саналуан түрі бар. Мысал ретінде айтайын. «Құқық қорғау саласындағы олқылықтар қашан жөнделеді? Құзырлы органдар қайда қарап отыр?» деп қара аспанды төндіруге болады. Немесе қандай да бір кемшілік көрсеңіз, құр аттандап, байбалам салмай, олқылықты реттеудің, тығырықтан шығудың жолын ұсынып, үн қосыңыз. Соңғы ұстанымды ұстанып жүрген азаматтардың қатарындамын.
– Жалпы, өзіңізді қазақ қоғамындағы қандай мәселелер толғандырады?
– Тізбелесе мәселе көп. Біріншіден, қазақ тілінің жағдайы. Әрине, ауыл қазақтарына ана тіліміздің жағдайының күрделі екендігі білінбейді. Ал, ғалымдардың көзімен қарасақ, шешімін таппаған түйінді түйткілдер өте көп. Тіліміздің заңдылықтарын сақтамай сөйлейміз, жазамыз. Тіл ережесін бұзу бүгінгі күні «дәстүрге» айналды. Өйткені, бүгінгі дыбыстарды таңбалайтын қазіргі қолданыстағы әліпби көп шатастырып жіберді. Екіншіден, біздің тіліміздің дамуының кейбір заңдылықтары қазақ тілінің ережелеріне сәйкес жасалынбаған. Қарапайым сауаттылық турасында айтайықшы. Кез келген дамыған елдерде бір автор мақаласында 1-2 орфографиялық қате жіберсе үлкен дау болады. Бүкіл ел дүрлігіп кетеді. Ал, біздің елдегі кез келген кітап, мақалада қате өріп жүр. Әркім өзінше жазады. Біз мүлдем тілімізге тән емес таңбалармен, ережелермен тілді көркейтеміз деп біраз заманды өткізіп алдық. Енді орнына келтіретін уақыт жетті.
Одан кейін, тарихымызды білмейтініміз қапаландырады. Бір ғана мысал, V ғасырда өмір сүрген Ғұн билеушісі Аттила (Еділ) бүкіл Еуропа халықтары мен патшаларының үрейін ұшырды. Ол Еуропаның ортасында құрылған көшпенділердің Ұлы Ғұн империясын одан әрі күшейтіп, елді кеңейту мақсатында құдіретті Рим империясына қарсы күресті. Орталық Азия жерлерінен қазіргі Германияға дейін, Қара теңізден Балтық теңізіне дейінгі кең-байтақ аумақты бағындырып, Еуропа тарихында «Тәңір қамшысы» деген атпен қалған Батыс Ғұн империясының ұлы көсемі. Еуропа мемлекеттері мойындаған Атилла бабамыздың ерлігі неге дәріптелмей жүр? Францияда, Германияда, Англияда Атилла туралы том-том кітаптар, ғылыми зерттеулер жазылып, спектакльдер, опералар қойылып, кинолар түсіріліп жатыр. Ал, біздің елімізде Едігені зерттейтін бірде-бір ғалым жоқ. Төл тарихымызды терең білмей, ертеңіміз айқын болады деу қисынсыз. «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қай заманда болмасын, тарихшыларға артылар жүк ауыр болған. Өкініштісі, тарихшыларымыз артылған жүкті абыроймен арқалап жүр деп айта алмаймын. Күні кеше жариялаған Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Қай заманды алсаңыз да, тарих – халықтың ұлттық санасын қалыптастыру, мемлекеттік идеологияны насихаттау, жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу қызметін атқарған. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға қақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», деді. Енді мұнан кейін қол қусырып отырғанымыз жарамайды. Тарихымызды түгендейтін кез жетті.
Жалпы, Елбасымыздың бұл мақаласы «Руxани жаңғырудан» кейінгі маңызы орасан зор екінші тариxи қадам! Әлемдік деңгейге ұлттық руxани құндылықтарымызды көтеру үшін, паш ету үшін ауадай қажетті және дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын.
Одан кейінгі мені алаңдататын мәселе –
ғылымның жай-күйі. Ғылымды өз орнына қоюымыз керек. Ғылымсыз болашақ жоқ. Әр сала бойынша жас ғалымдарды дайындауымыз қажет. Елбасы биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет», – деді. Бұл дегеніміз, ғылым-білімге көрсетіліп отырған үлкен қолдау.
– Еліміздің ертеңгі болашағы жастар. Осы ретте іздеріңізді басып келе жатқан жас ғалымдардың әлеуеті туралы не айтасыз?
– Елімізді жарқын болашаққа бастап, жаңа белеске көтеретін білімді де білікті ұрпақ қанатын кеңінен жайып, шыңдалып келеді. Жетістіктің де төресі осы емес пе?! Жастарымыздың талабы, ниеті қуантады.
Елімізде соңғы кездері ғылыми кадрларды дайындау жүйесі өзгертілді. Немесе жойылды деуге де болады. Бұрын докторларды, нағыз ғалымдарды дайындау жүйесі болды. Біз қазір Еуропаның моделін алдық. Бұл ғылыми кадр дайындау жүйесі емес. Бар болғаны жоғары оқу орындарында жұмыс жасайтын мамандарды дайындап жатырмыз. Сондықтан да ғылыми кадрларды дайындау жүйесін қайтаратын кез келді. Алда сәтін салса, бұл мәселе жолға қойылады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Талғат Нұрханов

ПІКІР