Латын әліпбиі Рухани жаңғыру

Латын қарпіне негізделген лайықты қадам

Written by Aray2005

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған басты міндеттің бірі 2025 жылдан латын қарпіне негізделген әліпбиге көшу болғандығы белгілі. Сол сәттен-ақ ел аумағында жазу реформасын енгізуге жан-жақты дайындық басталды. Бұл бағытта бір жыл ішінде қыруар жұмыс жасалды. Алға қойылған міндеттер де ауқымды. Апта басында Жамбыл аудандық әкімдігінің ғимаратында болған кездесуде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Бораш жұртшылықты республикада жазу реформасын жүргізуге қатысты жұмыстың барысымен таныстырды.
– Латын қарпіне негізделген әліпбиге көшіру ісін ілгерілету мақсатында 4 жұмыс тобы құрылды. Тілші ғалымдар әр дыбыстың таңбаланылуын мұқият зерделеді. Әсіресе, латын әліпбиіне енбей қалған әріптерді таңбалау үлкен мәселеге айналды. Бұл орайда жазу реформасын бізден бұрын жүргізген түркі тілдес елдердің тәжірибесі зерделенді.
Шындығында, жазу реформасы аса күрделі үрдіс. Біз бұл реформаға тиянақты дайындықпен келуіміз керек. Мұнда ақпараттық жұмысқа баса көңіл аударылғаны абзал. Қазірдің өзінде ақпараттық технология саласы мамандары латын қарпіне негізделген әліпбиге арналған пернетақтаның 5 нұсқасын әзірледі. Тұтас латын әліпбиімен басылған «TIL QAZYNA» республикалық ақпараттық-танымдық газеті оқырманға жол тартты. Жалпыхалықтық диктант шарасына барлық облыс белсенділік танытып, жазу реформасын енгізуге қатысты сенімімізді нығайта түсті. Осынау жұмыстарды халыққа насихаттау, латын әліпбиін халық санасына сіңіруде бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегі ұшан-теңіз, – деді Қуат ҚаҺарманұлы.
Келесі сәтте М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің мамандары әзірлеген онлайн оқыту бағдарламасы таныстырылды. 18 сабақтан тұратын бұл бағдарлама «qazalipbi.kz» cайтына орналастырылған.
– Онлайн бағдарлама әзірлеуде ең әуелі халықтың сұранысы ескерілді. Жазу реформасының енгізілуі ел тұрғындарының жаңа әліпбиді жаппай үйрену қажеттілігін туғызды. Сондықтан да оқыту бағдарламасын әзірлеуде әліпби үйренушілердің аудиториясының негізгі бөлігін егде жастағы адамдар құрайтындығы да ескерілді. Сайт қолданушылары онлайн дәрістерді тыңдай алады. Сондай-ақ теориялық білімді практикалық тапсырмаларымен санаға сіңіруге де мүмкіндік берілген, – деді бағдарлама авторларының бірі, филология ғылымдарының кандидаты Күлзат Қарымбаева.
Жиын барысында облыстық «AQ JOL» газетінің директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы өзі жетекшілік ететін газет бетіндегі латын қарпіне негізделген әліпбидің насихатталуын сөз етіп, БАҚ-тың толығымен латын қарпіне көшу мерзімін сұрады. Бұл сауалға жауап берген Қуат Қаһарманұлы республикада жазу реформасын енгізудің іс-шаралар жоспарына сай мерзімді басылымдарды 2023 жылдан тұтас латын қарпінде басудың жоспарланып отырғандығын айтты. Ал «Знамя труда» газетінің бас редакторы Бекет Момынқұл жаңа әліпби енгізілген кезде орыс мектептеріндегі сабақтың қандай қаріппен жүргізілетіндігі туралы сауалын жолдады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы бұл сауалға алдағы уақытта білім саласында орын алатын реформаға сай ел аумағындағы барлық мектептердің бір типте оқытыла бастауы жоспарланып отырғанын жеткізді. Демек, мектептердегі білім беру үрдісі толығымен латын қарпіне негізделген әліпбимен жүргізіледі.
Кездесу соңында облыстық «ARAI» газетінің директор-Бас редакторы, ҚР Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Дәулет Төлендіұлы сөз сөйлеп, Қуат Қаһарманұлының әр жылдары облыстың ақпарат саласындағы атқарған жемісті қызметін тілге тиек етіп, сый-құрмет көрсетті. Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Бораш аудандық кітапхана қорына өзінің «Жұмыр жердің жұмағы» атты кітабын табыс етті.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР