Лайықты еңбекке – лайықты марапат

Облыс әкімі Александр Савченконы қабылдап, құрмет көрсетті

0 2

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты Александр Савченконы қабылдады.

1951 жылдың 30 наурызында бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында дүниеге келген А.Савченко орта мектепті бітіргеннен кейін Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының кешкі бөлімінде оқып жүріп, былғары өңдеу-аяқкиім бірлестігіне жұмысқа орналасады. 1968-1981 жылдары аталған ұжымдық ортада еңбек етіп, кәсіби өсу жолының барлық кезеңінен сәтті өтеді. Одан кейінгі еңбек жолында орталық аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің инструкторы, Жамбыл облысы әкімшілігінің өнеркәсіп салаларын дамыту, энергетика және транспорт бөлімі меңгерушісінің орынбасары, орталық аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Жамбыл қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқара жүріп, қызметте сатылап өседі. 1995 жылдан бастап екі жыл облыс әкімінің орынбасары, одан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары болып 11 жыл табан аудармай қызмет атқарды.
Жылы жүздесу барысында Александр Георгиевичтің өнегелі еңбек жолын тілге тиек еткен Бердібек Машбекұлы мемлекет және қоғам қайраткерін 70 жас мерейтойымен құттықтады.

– Зымыраған уақытты тоқтату пенденің қолынан келетін іс емес. Өмір адамға бір-ақ мәрте беріледі десек, мына жарық дүниенің қадірін кез келген адам біліп, адамдық, азаматтық атқа лайық өмір сүруге тиіс. Сіздің өмір жолыңыз басқалар үлгі аларлықтай өнегеге толы. Қарапайым слесарь мамандығынан ҚР Парламентінің төртінші шақырылымының Сенат депутаты қызметіне дейін өстіңіз. Экономикамыздың дамуына, өндірістің өркендеуіне өлшеусіз үлес қостыңыз. Ел үшін абыроймен қызмет атқардыңыз. Тәрбиелі ұл-қыз өсіріп, отбасында да, мемлекеттік қызметте де патриотизмнің нағыз үлгісін көрсете білдіңіз.
Жақында облыстық «Знамя труда» газеті сіз туралы ауқымды және өте тұшымды мақала жариялады. Сіздің шынайы болмысыңызды ашып көрсете білген аталған газет ұжымына рақмет айтамын. Үлкен абыроймен осындай мерейтойға жетіп отырған сізді өз атымнан жене облыс тұрғындары атынан шын жүректен құттықтаймын! – деген облыс әкімі мерейтой иесіне ҚР Президентінің Алғыс хатын тапсырып, иығына зерлі шапан жапты.
Бұдан кейін облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков сөз алып, ақжарма тілектерін арнады. Зейнеткер, «Тараз-Су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін атқарған Төлеухан Оспанбеков те жылы лебізін білдіре отырып, өзі Мойынқұм ауданындағы «Ақбақай» кен орнын басқарып тұрғанда А.Савченконың облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде шарапаты тигенін, Ақбақай поселкесіне мамандар жіберіп, аз күнде байланыс құрылғысымен қамтамасыз еткенін еске алды.
Өз кезегінде мерейтой иесі құрмет білдірушілерге ризашылығын білдіріп, елді қаржылық дағдарыс қыспаққа алған қиын жағдайда қызмет еткенін тебірене еске алды.
– Маған осындай құрмет көрсетіп отырғандарыңыз үшін рақмет! Жалпы қарапайым жұртшылықтың да маған деген ыстық ықыласы олардың мені танып, жаны қалмай амандасқанынан аңғарылып тұрады. Негізінен өткен күндерді сағынышпен еске алғаным болмаса, өзімнің өміріме еш өкпем жоқ. Біз елге қызмет еткен жылдары қазақ елі дағдарыстан шығуға талпынып, еңсесін енді тіктеп келе жатқан еді. Сол кездері Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылында зілзала болып, Байзақ ауданын су басып қалу қаупі төну секілді небір қиын сәттерді бастан өткердік. Сөйтіп жүріп сенім үдесінен шығуға бар күш-жігерімізді арнадық.
Халықты газбен қамту мәселесіне қатысты бір оқиға есіме түсіп отыр. Облыстағы бір ауданның тұрғындарымен кездесу өтіп, сонда аудан халқын газбен қамтамасыз ету жөнінде уәде бердік. Бірақ елді мекендерге көгілдір отын тарту үшін үлкен қаражат керек болды. Ал қазына қаржысында мұндай қаражат жоқ еді. Бірақ ел алдында берген сөзіңді жұтпау – ең үлкен парыздың бірі. Ойлана келе, екінші деңгейлі «Банк ЦентрКредит» қаржы ұйымының директорына қоңырау шалдым. Шынымды айтсам, ол мені, мен оны танымайтынбыз. Облыс әкімінің орынбасары екенімді жеткізіп, оған энергетика саласынан бір адам баратынын, оған несие беруін, өйткені халықты газбен қамту кезек күттірмейтін мәселе екенін тәптіштеп, алған несие үшін өзім кепіл болатынымды айттым. Ол да азамат екен, меселімді қайтармай, қажетті несиені берді. Несие де уақытылы жабылды. Менің бұл жерде айтайын деп отырған ойым, кез келген басшы халық алдында берген уәдесін жұтпауы керек. Тығырықтан шығудың жолын қарастырып, сенім үдесінен шығуға тырысуы қажет. Сонда ғана адам абырой биігіне көтеріледі, – деді А.Савченко.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.