"Шамшырақ"

«League of сhemists»: Болашақ химиктер дәстүрлі байқауда бақ сынады

Written by Aray2005

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының ұйымдастыруымен дәстүрлі «League of сhemists» конкурсы өтті. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған білім бәйгесіне Алматы қаласындағы 10 жоғары оқу орнының командалары қатысты.
Химия мамандығын меңгеріп жатқан студенттердің білімі мен ой ұшқырлығы сыналатын сайыс алты тур бойынша өткізілді. Онда қатысушылар химия ғылымы бойынша сауалдарға жауап беріп, сан түрлі тапсырмаларды орындады. Сондай-ақ кино, музыка, география секілді өзге де салалар бойынша да білім жарыстырды. Атап айтқанда, химиялық терминдер арқылы жасырылған кинофильмдердегі әнді табу, белгісіз химиялық реакцияларды шешу, формула арқылы қорапшаның ішіндегі затты табу секілді ерекше тапсырмалар қатысушылардың қызығушылығын арттыра түсті. Байқау барысында болашақ химиктер Румынияның Бабеш-Боляй университетінде дәріс беретін белгілі химик-ғалымдар – А.Ксавдари және Г.Кристианның бейнебайланыс арқылы қойған сауалдарына да жауап берді.
Сайыс қорытындысы бойынша тапқырлық танытып, қиын сауалдардың жауабын беруде жеделдігін көрсеткен Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың «Leaders» тобы жеңімпаз деп танылды. ІІ орынға Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Болашақ» және ҚазМҮББУ-дың «Алмаз» командалары табан тіреді. Жүлделі ІІІ орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Khan akademy», Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Көшбасшы» және ҚазМҮББУ-дың «Бумеранг» топтары өзара бөлісті.
Дәстүрлі конкурс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, өзге қатысушыларға студенттер арасында достық қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін грамоталар табысталды. Ал командаларға белсенді қолдау көрсеткен жанкүйерлер арасында ойындар өтіп, лотерея ұйымдастырылды.

Л. СЫЗДЫҚОВА, Е. УСИПБЕКОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
физикалық химия, катализ және мұнай химиясы
кафедрасының оқытушылары

ПІКІР