Лебіздер легі

0 0

Хабиб Алиев,
«Барбанг» күрділер ассоциациясының мүшесі:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні «Алғыс айту күні» деп жарияланғаны белгілі. Осы мерекеге орай облыс аумағында тұратын барлық ұлт пен ұлыс өкілдері «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне жиналып, үлкен мерекелік жиын өткізді. Оған күрділер этномәдени бірлестігінің мүшелері де шама шарқынша үлесін қосуда.
Қиын қыстау заманда қолындағы бір түйір нанды бізбен бөлісе жеген қазақ халқына әрдайым алғысымыз шексіз. Күрділердің бірнеше буыны тағдырдың салғанымен қазақ жерінде өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті ғұмыр кешуде. Сондықтан біз Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз. Жас маман ретінде мен де халыққа қызмет етуге әзірмін.

Мухаббат Турдыева,
Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

– Көктемнің алғашқы күнінде Тараз қаласындағы өткен жылы ғана пайдалануға берілген «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде бір үйдің баласындай болып Алғыс айту күнін тойладық.
2016 жылдан бері Елбасының бастамасымен Алғыс айту күні елімізде кең көлемде мерекеленіп келеді. Бұл талай жылдан бері түрлі тағдыр тоғысымен ортақ Отанымыз Қазақстанды мекен еткен ұлт өкілдерінің қазақ халқына риясыз пейілі үшін алғысын білдіретін мейрам. Сол себептен де осы сәтті пайдалана отырып барша қазақстандықтарды осынау мерекемен құттықтаймын.
Қазіргі таңда Қазақстан аумағында ұйғырлардың 4-буыны мекен етуде. Олардың барлығының да жергілікті қазақ халқына деген құрметі ерекше.
Биылғы Алғыс айту күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Ширек ғасырдан бері бұл құрылым ұлтаралық, конфессияаралық келісімді нығайтуға зор үлесін қосып келеді.

Амир Халиков,
татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– Алғыс айту күні өзіндік тарихы бар мереке. Бұл мейрам соңғы 4 жылдан бері аталып өтіп жатқанымен оның астарында тарихқа деген тағзым жатыр.
Замана ағымымен, тағдырдың жазуымен Татарстаннан күштеп қоныс аударылған менің ата-бабам үшін қазақ жері құтты мекен болды. Біздің жер бетінде ұлт ретінде сақталып қалуымызға да сол көштің осында табан тіреуі себеп болды деп ойлаймын.
Осынау қамқорлығы үшін қазақ халқына айтылар алғыс, көрсетілер құрмет тек Алғыс айту күнімен шектеліп қалмауы керек. Біз адамзаттың әр баласын бауырындай көрген халыққа сәт сайын ризашылығымызды білдіріп отыруымыз керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.