Легионерлерге емес, жергілікті жастарға сенім артылуда

0 5

Футболдан ел чемпионаты қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» футбол клубының командасымен, жаттықтырушылар құрамымен кездесті. Кездесуде тек ағымдағы маусымның міндеттері ғана емес, жалпы аймақ футболын дамыту стратегиясы жан-жақты сараланды.

«Тараз» командасының негізі – балалар мен жасөспірімдер футболы. Осы орайда нағыз таланттарды ауылдардан іздеуге баса назар аударған абзал. Тағы бір бағыт – бұқаралық спортты дамыту десек, бұл дарынды футболшыларды табуда оң ықпалын тигізетіні даусыз. Өткен жылдың өзінде облыс бойынша 14 жабық дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 92 футбол алаңшасы салынды. Нәтижесінде спортпен шұғылданатын жамбылдықтардың үлесі 30 пайыздан 35 пайызға артты. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен едәуір жоғары.
– Біз балаларды оқытумен қатар, футболдың қыр-сырына баулитын мектеп-интернат ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар балалармен жұмыс істейтін жоғары білікті жаттықтырушыларды тартып, академия құру қажеттігіне назар аударудамыз. Сондай-ақ түрлі турнирлерге қатыстыра отырып, барлық жастағы командаларды өзара тәжірибе алмастырып отыру да аса маңызды.
Біз балалар футболынан жасөспірімдер футболына, одан кейін жастар футболы және облыстың бас құрамасына ауысу үдерістерінің ешбір кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін жеткіншектердің дамуын мұқият бақылап, назарда ұстауымыз керек. Биылғы маусымнан бастап бірінші лигада өнер көрсететін «Игілік» командасында жас футболшылар сынға түспек. Осы тұрғыда біз Қаратау қаласындағы аталған клуб орналасқан стадионды күрделі жөндеуден өткізгенімізді айта кеткен ләзім.
Сонымен қатар «Тараз» клубының кез келген уақытта негізгі құрамда ойнай алатын өзінің мықты дублі болуы тиіс. Біз ұзақ жылдар бойы үйлесімді жұмыс істейтін жүйені қалыптастырып, өзара сабақтастықты қамтамасыз еткеніміз жөн, – деген Бердібек Машбекұлы команданың алдындағы үш негізгі басымдықты атап өтті. Біріншіден, темірдей тәртіп керек. Спорттық режимнің жиі бұзылуына байланысты талантты ойыншылардың өз мансаптарын ерте аяқтағанына байланысты мысалдар аз емес. Екіншіден, командада салауатты моральдық-психологиялық режимді құру, үшіншіден, ойыншылар алаңда барлық күш-жігерін көрсетіп, нағыз жауынгерлік сипатқа ие болуы қажет.
Бүгінгі таңда командада да, жаттықтырушылар құрамында да үлкен өзгерістер орын алған. Команданы Арменияның ұлттық құрамасымен үлкен жетістіктерге қол жеткізген тәжірибелі маман Вардан Минасян басқармақ. Бапкерлер құрамына жергілікті мамандар Сергей Тагиев, Александр Кучма, Арслан Сатубалдин және Самат Наурызбаев енген.
Кездесуде сөз алған Вардан Минасян команда құрамы 60-70 пайызға жаңарғанын тілге тиек етті. Бас бапкер команданың әр матч сайын соңғы минутқа дейін күресетініне сендірді.
– Егер алаңда бар күш-жігерлеріңізді салып ойнасаңыздар, жанкүйерлер сіздерді қолдауға тырысады. Дәл қазір сіздер аябай ойнайтын жалынды жастасыздар. Өздеріңіздің болашақтарыңыз үшін еңбек етудесіздер,– деп атап өтті облыс әкімі.
Бүгінде командада жас ойыншылар көп. Дәлірек айтсақ, чемпионатқа қатысатын 25 футболшының 18-і Жамбыл футболының тәрбиеленушілері. Клуб президенті Талғат Тұрлыбайұлының айтуынша, жергілікті 50 ойыншы сыналып, тең жартысы іріктелген. Енді олар бірінші лигада және дубль ойындарда өздерін көрсете бастайды. Айта кету керек, алты ойыншы дубльден негізгі құрамға ауысқан. Жергілікті жас ойыншылардың шеберліктерін шыңдау үшін салмақты сынақтардан өткізу керектігіне көңіл бөлген клуб осындай тәуекелге барып отыр. Сонымен қатар мұндай қадам клубтық жүйедегі басқа да жас ойыншылардың өзін-өзі жетілдіруіне оң ықпал етеді. Алты ойыншының ауысуы оларға үлгі болып, әрқайсысының негізгі командаға енуге мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.
Маусымаралық үзіліс кезінде команда Тараз, Шымкент қалаларында және Түркия елінде бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткізген. Тәжікстан чемпионы, Душанбенің «Истиклол» командасымен 2:2 (Б.Айтбаев, П.Эуженио) тең ойнаса, босниялық «Младость» командасын 2:1 (А.Жұмабек, Ә.Сүлей), молдавиялық «Бельць» командасын 2:1 (А. Жұмабек, Б.Қараман) есебімен жеңген. Ал бірқатар ойындарда эксперименталды құрам шығарылғандықтан жеңіліске ұшыраған. Эксперименталды құрамды шығару алдағы уақытта қосалқы құрам жасақтауға тексеріс үшін тиімді болады.
Қазір премьер-лигада 14 команда бар. Демек, кубоктық ойындарды есептемегенде 26 ойын болады. «Тараз» өз алаңындағы алғашқы матчта
19 наурызда петропавлдық «Қызылжарды» қабылдайды. Ойын Тараздың орталық стадионында өтеді деп көзделуде.
Міндеттерге келетін болсақ, «Тараз» клубы кем дегенде алтыншы орынға ие болуы тиіс. Сонымен қатар Қазақстан кубогы үшін таласу міндеті де қойылып отыр.
Кездесу соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев командаға жаңа, жайлы автобус сатып алынатынын айтты. Сондай-ақ облыс басшылығы өз алаңымызда өтетін барлық матчтарға қатысып, команданы қолдайтынын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.