Мүгедектікті куәландыру тәртібі өзгерді

0 1

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты бүгінде қауіпті вирустан сақтанудың және халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудің барлық шаралары қолға алынған. Оның ішінде біздің облыста да аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ.

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласындағы кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету туралы онлайн-брифинг өтіп, онда Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мейіркүл Есболғанова мен аталған департаменттің бөлім басшысы Раушан Ердебаева өзгерістер мен атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
– Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурызда №109 бұйрығы шыққан. Оған 2020 жылғы 1 сәуірі күні №118 бұйрықпен өзгерістер енгізілді. Сондықтан департаменттің ендігі жұмыстары осы бұйрыққа сай жүргізіледі. Атап айтсақ төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік қызметтерді көрсету «Электрондық үкімет» веб-порталындағы «Электрондық өтініш» сервисі арқылы қосымшаға сәйкес толтырылып, сондай-ақ интернет-ресурс арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүзеге асырылады, – деді Мейіркүл Сайлаубайқызы.
Сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау» мемлекеттік қызметін көрсету тәртібінің ерекшеліктері жайлы да айтып өтті.
Ал Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы Раушан Ердебаева мүгедектікті белгілеу медициналық-әлеуметтік бөлімдерге бармай-ақ жүзеге асырылатынын атап өтті. Яғни оның айтуынша қайта куәландырылатын аурулар автоматтық жүйеде осы төтенше жағдай кезеңі біткенге шейін ұзартылады. Ал, бірінші рет куәландырылатын ауруларға сырттай мүгедектік тағайындалады.

Ж.БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.