Сұхбат

«Мүмкіндік берілді ме, мүлт жіберме!»

– Ерғазы, бүгінде сені жастарға қатысты республика көлемінде атқарылып жатқан шаралардан жиі көреміз. Әңгімемізді жеке өміріңнен бастасақ және белсенді жастардың ортасына қалай келдің?
– Жалпы, өзім Тараз қаласының тумасымын.Шаһардағы М.Мақатев атындағы №14 мектепті бітірген соң арман қуып, Астана қаласындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетіне оқуға түстім. Негізінен, мектеп жасымнан бастап жайдарман ойнадым. Жоғары оқу орнына түскен соң университетте де жайдарманшылардың ортасынан табылдым. Осылайша, белсенді студенттердің қатарынан көріне бастадық. Сондай-ақ, Студенттік Кеңес мүшесіне төрағалық жұмысты да атқардым.
Мен әр күнiмді бос өткізбеуге тырысатынмын. Қаладағы түрлі іс-шараларға, жиындарға, концерттерге барып, тәжірибе жинау мен үшін әдетке айналған. Себебі, болашақ жастардың қолында. Сондықтан болса керек, әр ортада белсенділігімді танытып, ойымды ашық айтып, көшбасшы екенімді дәлелдеуге күш салдым. Соның нәтижесінде «Жас Отан» жастар қанаты Астана қалалық филиал төрайымының орынбасары, жастар қанатының Сарыарқа аудандық бөлімше төрағасы да болдым. Қазір елордадағы жастар мәслиxатының хатшысы қызметін атқарып жүрмін.
– Астана қалалық жастар мәслихаты деп отырсың, алайда, бұл ұйым өзі немен айналысады?
– Кәдімгі жергілікті басқарудағы қалалық мәслиxат депутаттары немен айналысса, жастар мәслиxаты да сол бағытта жұмыс жасайды. Бірақ, айырмашылықтары жас депутаттардың аудиториясы 35 жасқа дейін, сосын мәслиxат комиссияларында да кішкене өзгешелік бар. Тағы бір айта кетерлігі, жастар мәслихатының депутаттары үлкен мінберлердегі халық қалаулыларының сессияларына қатысып тұруына мүмкіндік алған. Бұл арқылы жас кадрларды дайындап, тәжірибе жинауға үлкен жол ашылуда. Одан бөлек, жастар мәслихаты жергілікті жасөспірімдерге қатысты мәселелерді де ішінара шеше алады. Егер күрмеуі қиын түйткіл болса, оны атқарушы биліктің құлағына жеткізіп, өз үнімізді қосамыз.
– Жастар мәслихаты Тараз қаласында да құрылған. Бірақ, оның жұмысы көп көзге көріне бермейді. Облысымыздағы осы ұйыммен байланысып тұрасың ба?
– Туған жерімдегі барлық ұйымдардың белсенді жастарымен тығыз байланыста болып жүруге, жаңалықтарын біліп тұруға тырысамын. Себебі, бағытымыз бір болғандықтан өмір соны талап етуде. Тараздағы жастар мәслиxатын құрған, блогер Исламбек Дастанмен араласып, пікірлесіп тұрамын. Жоспарларымызбен де бөлісіп тұрамыз. Десе де, өңірде енді ғана қалыптасып келе жатқан жастар мәслихатының келешегі алда деп ойлаймын.
– Тәжірибе алмасу мақсатында Қытай еліне барып келгеніңді естідік. Екі ел жастарының арасында қандай айырмашылық бар екен?
– Қытай еліндегі жастар арасындағы бәсекелестікті көріп таңғалдым. Адам санының көптігінен ол жақтың жастары әрбір мүмкіндікке өміріндегі соңғы мүмкіндігі ретінде қарайды. Шындығын айту керек, бізде жастарға барлық жағдай жасағандықтан көбісі ұйықтап жүр. Егер Қытайдағыдай елімізде қолдау аз болса, біздің жастардың жағдайы не боларын ойлаудың өзі қиын. Осы қырынан келгенде бүгінде бейқам жүрген кейбір замандастарымның тірлігіне «қарным ашты».
Десе де, кейінгі жылдары Астана қаласы жастарының белсенділігі артып келеді. Өйткені, бас шаһарға әр өңірден келген жастар өз-өздерін көрсетуге тырысуда.
Қытайда тағы бір таңғалғаным, мұндағы жастар қатал ережелерден рухсыз, қорқақ болып қалған. Бойларынан ұлттық патриотизмді байқай алмайсың. Бізде Құдайға шүкір, рухани жаңғыру да,ұлттық патриотизмге тәрбиелеу де дұрыс жолға қойылған. Ең бастысы, жастарға таңдау еркі берілген. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қамқорлықты замандастарым дұрыс пайдалана білсе екен деймін. Сөздің тоқетері, мүмкіндік берілсе мүлт жібермеу керекпіз.
– Сенің пікіріңше, бүгінгі жастар бос уақыттарын қаншалықты тиімді пайдаланып жүр?
– Бұл сұраққа еліміздің жастарының атынан жауап бере алмаймын. Мәселен, Астананың жастары өзін-өзі дамытуға бейім болып тұрады. Олар әртүрлі үйірмелерге барып, бос уақыттарын тіл үйрететін курстарда өткізеді. Ал, өзге өңірлеріміздегі жастар көбінесе бос уақытында қосымша жұмыс істеп жүретіндерін байқау қиын емес. Бұл жергілікті жердегі жастарға жауапты басқарманың басқару жүйесінің салғырттығы деп ойлаймын. Әр облыста, әр ауылда жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындар көп болса, бұл олқылықтың да орны толар еді.
– Белсенділігің соңғы кездері әлеуметтік желіде де көрініс тауып жатыр. Осыған дейін Астана, Шымкент қалаларының әкімдерімен «челлендж» түсіріп үлгерсең, жуырда Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовпен де жасалған бейнежазбаң жарық көрді. Бұл жобаның жалпы мақсаты не?
– Өте жақсы сұрақ. Қазіргі таңда барлық жастар, үлкендер болсын әлеуметтік желіде өте көп отырады. Осылайша, түрлі жұлдыздар мен спортшылардың, заманауи тілмен айтсақ вайнерлердің «челлендждерін» көріп жатады. Былайша келгенде, бұл жобамның маған келер ешқандай пайдасы жоқ. Мен тек бұл видеоларым арқылы шенеуніктердің қызметіне қарамастан, олардың қарапайым адам екенін көрсеткім келді.
Жасыратыны жоқ, қазір «xайп» қуалаған жастарымыз көп. Бірақ менің әкімдер «челленджін» түсірудегі мақсатым танымалдылыққа ұмтылу емес. Егер ойлаған ойым дұрыс болмаса, өзгелер секілді әр өңірдің келеңсіз жерлерін таспаға басып, жарнамалап жіберер едім. Ал, менікі керісінше xалықтың, жастардың арасындағы қалыптасқан стереотипті бұзып, әлеуметтік желі арқылы әкімдердің бұқараға ашықтығын көрсетудемін. Қазір бұл мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Себебі, жазылған пікірлердің 90 пайызында халық әкімдердің қарапайымдылығына тәнті болуда.
– Кейде жастарға аға буынның көңілі толмай жататындығы белгілі. Сеніңше, бүгінгінің жастары қандай болуы керек?
– Қоғамның басты қозғаушы күші болып табылатын біздер әуелі бәсекеге қабілетті болуымыз қажет. Жаңа тенденциялардан қалмай, сондай-ақ, ата-бабамыздан келе жатқан әдет-ғұрпымызды ұмытпай, өзімізді-өзіміз тәрбиелей алуымыз керек. Сонымен қатар, адамгершілік, имандылық деген қасиетті сақтай білу де парыз. Біз «қазақ» деген ешқашан жаудан қаймықпаған батыр xалықтың ұрпағымыз. «Өсер елдің балалары бірін-бірі батыр дейді» деген қазақ даналығын ұмытпай, жершілдіктен бұрын ұйымшылдыққа ұмтылғанымыз абзал.
– Әңгімеңе рақмет.

Сұхбаттасқан Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР