Мәдениет майталмандары марапатталды

0 43

Ел мен мемлекеттің рухани төлқұжаты ұлттық құндылықтар мен мәңгілік маңызын жоймайтын мәдени мұралары екені белгілі. Бұл ретте халқымыздың сарқылмас мәдени маржандарын ұрпаққа ұлағаттап, салада сүбелі еңбек етіп жүрген майталмандардың орны орасан екені сөзсіз. Осы ретте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің мәдени кеңістігінде адал ісімен абыройға кенеліп жүрген мамандармен жүздесіп, күні кеше ғана аталып өткен кәсіби мерекемен құттықтады.

– Өмірде, жалпы қоғамда қашанда  мәдениет пен әдебиеттің орны бөлек. Ұлтты ұлтқа, мемлекетті мемлекетке таныстыратын, ол – мәдениет. Еліміздің Әнұранын да шарықтата асқақтатып жүрген өздеріңізсіздер. Өнер туындылары – мәңгілі мұра. Біздің бабаларымыздың туындылары ғасырлар бойы құндылығын жоймай келе жатыр. Сол сарынды адал еңбекпен жалғастырып жүрген де сіздерсіздер. Экономикада он жылға қалып кетсек, оған ары кетсе он бес жылда жетіп алуға болады. Ал рухани салада он жылға қалып кетсек, оны қалпына келтіру үшін кемінде отыз жыл кетеді. Тәуелсіздігіміздің ең негізгі тірегінің бірі ұлттық құндылықтарымыз болса, енді бірі осы мәдениеті, әдебиеті, білімі, өнері. Осыларды көздің қарашығындай сақтап, жан-жақты дамытсақ, тәуелсіздігіміз мәңгілік болады,-деген аймақ басшысы қай салада да жұмыс жасайтын іскер маманға ешқандай індет, шектеулер  кедергі емес екенін жеткізді.

Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы сала үздіктерін марапаттап, олардың ілкімді істеріне шалқар шабыт, толағай табыс тіледі.

Басқосу соңында сала мамандары өнерге, рухани жетістіктерге әрдайым қолдау білдіріп, мерекеге орай есіл еңбекті елеусіз қалдырмаған облыс басшысына алғыс айтып, ұтымды ұсыныстарымен бөлісті.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.