Мәдениет

Мәдениет майталмандары марапатталды

Written by Aray2005

21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Осыған орай жаңадан ашылған «Даңқ» залында салтанатты жиын өтті. Басқосуға облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, мәдениет саласының ардагерлері мен қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.

Өңір басшысы облыстың рухани дамуына мәдениет саласы қызметкерлерінің де қосып отырған үлесі қомақты екенін айта келіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Асқар Исабекұлы биыл облыстың 80 жылдығына орай өңірдің тарихынан, әдеби-мәдени өмірінен сыр шертетін 80 том кітап шығарылатынын, 31 мың жәдігер сақталған облыстық музейге басқа кең орын қарастырылатынын, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің мүмкіндігін кеңейту есебінен музыкалық, актерлік бағытқа бейім өнерлі жастарға қолдау көрсетілетінін айтты.
– Қазақ хандығының тарихын көрсететін кешен салуды, Әулиеатаға ескерткіш орнатуды, «Руханият» орталығының да мүмкіндігін кеңейтуді ойлап отырмыз. Алаш арыстарын ардақтау, Т.Рысқұловтың рухына лайықты құрмет жасау жоспарда бар. Жамбыл Жабаевтың құрметіне мұражай ашу ісі де кезек күттірмейді. Жыр алыбының құрметіне «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» республикалық айтысын өткізу дәстүрге айналды. Ол облыста айтыс өнерінің дамуына жол ашатын болады. Мәдениеттің басқа салаларына да қолдау көрсете береміз. Сіздерді мерекелеріңізбен тағы да шын көңілден құттықтаймын! – деді облыс әкімі А.Мырзахметов.
Салтанатты сәтте Асқар Исабекұлы үздік қызметкерлерге марапаттар табыстады. Атап айтқанда, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілияс, музей директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева мен аталмыш музейдің бөлім меңгерушісі Іңкәр Казмадиярова марапатталды. Мәдениет және өнер саласының дамуына қомақты үлес қосқаны үшін, мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай 12 адамға облыс әкімінің Алғыс хаты мен 200 мың теңге көлемінде сыйақы сертификаты тапсырылды.
Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР «Достық», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мәдениет қайраткері, мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеұлы, әл-Фараби атындағы Байзақ аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Қасқырбай Нарбатыр, кітапхана саласының ардагері Мейрамкүл Ысқақ, Байзақ ауданы мемлекеттік архивінің директоры Мәрзия Еркебұланова, облыстық қазақ драма театрының әртісі Жандар Қырықбаев, облыстық орыс драма театрының әртісі Елена Козаченко, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртісі Торғын Орынбаева, облыстық кино орталығы директорының орынбасары Жеңісбек Қалмырзаев, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы директорының орынбасары Сауран Қалиев бар.
Жүздесуде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаев, Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр сөз сөйлеп, облыстың мәдени өміріндегі жетістіктерге тоқталып, сала қызметкерлеріне құрметі үшін облыс әкіміне алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ бұл күні «Даңқ» залын салуға қатысқан құрылысшылар да облыс басшысының Алғыс хатына ие болды.

Айжан Өзбекова

ПІКІР