Елбасы Жолдауы

«Мәдениет саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтерді»

Written by Aray2005

Эльмира Абдинова,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың директоры:

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған алғашқы Жолдауы – ел дамуының негізгі бағдарламалық құжаты. Еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін беретін жағымды жаңалықтар мен нақты тапсырмалар Мемлекет басшысының Жолдауынан бастау алады.
Осы орайда кітапхана ақпараттандыру орталығы ретінде Жолдаудың халыққа жетуіне, кеңінен насихатталуында үлкен рөл атқарады.
Жолдауда бірінші – қазіргі заманғы тиімді мемлекет, екінші – азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, үшінші– қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, төртінші– әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі, бесінші – «күшті аймақ – күшті мемлекет» деген бес басымдық нақты аталды. Сонымен бірге Жолдауда мәдениет қызметіне үлкен баға берілді. «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау саласындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент қолдауының арқасында қоғамда мәдениет қызметкерлерінің статусы көтеріліп, беделі артып, баспана алу сияқты жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып отыр.
Осы орайда кітапхана ұжымы Президентіміздің Жолдауын насихаттап, кітап көрмелерін ұйымдастыру жұмыстарын жалғастыра беретін болады.

ПІКІР