Мәдениет саласы тек ән мен би, жыр мен күй емес…

0 78

«Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы» дейді халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Расында, елдің есіктегі басын төрге сүйреп, тасын өрге домалататын адамзаттың ұлы жетістігінің бірі ғылым болса, сәулелі болмысын сан ғасырға сақтап, парасаттылығын ұрпақтан-ұрпаққа паш ететін құндылық, әрине, ол – мәдениет. Бұл күнде мәдениет өз алдына сарыны бөлек салмақты салаға айналып, ел дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Көпшіліктің көзқарасындағы мәдениет әуелеген әншілер мен күмбірлеген күйшілер болып қалыптасуы заңдылық шығар. Десек те саланың сайыпқырандары тек қана олар емес. Ұлттың, елдің, ұлы даланың, өңірдің мәдениетін көтеру жолында жан аямай еңбек етіп жүрген жандар да аз емес. Біз мереке қарсаңында шаң басқан архив, кітапхана, мұражай сынды мәдени ошақтардың отын сөндірмей, сондағы тынымсыз тіршілікпен күнделікті тыныстап жүрген жастарға тоқталдық.

Мойынқұмның тумасы, замандасымыз Асылай Санатбаева алтыншы жылдан бері облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің «Монумент архитектура және археология» бөлімінің маманы қызметін атқарып келеді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің тарих факультетін тәмамдаған бойда еңбек жолын Т.Рысқұлов аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде бастаған. Аталмыш ауданның орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде библиограф және Құлан ауылдық балалар кітапханасында кітапханашы қызметін атқарған. Саладағы жалпы еңбек өтілі 13 жылға жуықтапты. Жауқазын жастық шағын жауһар жәдігерлерді зерделеумен байланыстырған ол өзінің қажырлы еңбегінің арқасында «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының III томының авторы атанып, Әулиеата өңірінің қасиетті жерлері туралы жинақ кітаптарын құрастыруға атсалысып келеді.
– Жұмыс барысында әр жылдары көптеген тарихи-танымдық экспедицияларға жетекшілік еттім. Тарихи-мәдени нысандарға қатысты тарихи, өлкетану, географиялық әдебиеттер, шежірелерді, аңыз әңгімелерді жинақтау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ол үшін көптеген тарихшылармен, өлкетанушылармен сұхбат жүргізіп, тақырыпқа терең бойлау қажет. Жұмыс қаншалықты қиын болса, нәтижесі де соншалық мол болады. Тек ол үшін тынбай еңбектеніп, жан-жақты іздену керек. Өзім таңдаған мамандық тарих болғандықтан мен үшін саланың қызығы да, қиындығы да үйреншікті. Әлі де өңір тарихына қатысты атқаратын жұмыстарым, алға қойған мақсаттарым көп, – дейді Асылай Санатбаева.
Саладағы тағы бір көзге көріне бермейтін үлкен еңбектердің бірі – көгілдір экрандағы қысқаметражды танымдық кинолар мен театрландырылған қойылымдарға, әлеуметтік тақырыптағы бейнероликтерге сценарий жазу. Бұл ретте Талас ауданының тумасы, сценарий жазу шебері, актер Бахтияр Исламбекұлын айтуға болады.
– Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Театртану» мамандығын оқып, басыбүтін өнерге ден қойдым. Менің оқыған мамандығымда «Драма негіздері» деген пән болды. Онда драматургияның заңдылықтары, құрылымы туралы дәріс алдық. Себебі театр сыншысы қойылымды талдап, зерттеу үшін оригинал материалды, яғни пьесаны оқу керек. Оқи отыра шығарманың сапасын, тақырыбын, айтар ойын, стилистикасын бірден анықтауымыз керек. Соны зерттей жүріп, қысқаша сценарийлер жазуға машықтандым. Ең алғаш сценарий жазуды 2011 жылдары бастадым. Содан бері 40-тан астам әлеуметтік тақырыптағы роликтерге сценарий жаздым. Қоғам мәселелерін көтеретін 20 сценарийге қалам тарттым. Ол роликтер қазіргі уақытта халық көп шоғырланатын орындарда, халыққа қызмет көрсету орталығы, медицина мекемелерінде, қала көшелеріндегі ЛЭД экрандарда көрсетіліп жүр. 2019 жылы облыстық кино орталығының ұйымдастыруымен «Үздік сценарий – 2019» сценаристер байқауы жарияланды. Сол бәйгеде «Қызғалдақтар» деген қысқаметражды сценариймен жүлделі І орынды иелендім. Мен бұл сценарийде осы бір гүлдің атауы «Неге қызғалдақ деп аталды?» деген сұраққа жауап іздеп көрдім. Жалпы сценарий жазу менің оянбай жатқан фантазияларымды оятты, кино саласын тануды үйретті. Ал актерлік қырымды ашқан – Жамбыл облыстық А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театры. Мұнда 7 жыл актер болып қызмет еттім. Бір-екі фильмде эпизодтық рөлдерге қатыстым. Қазір де сол мәдениет пен өнер саласындамын. Нақты уақыттағы міндетім – халық арасынан шыққан әуесқой өнерпаздарды іздеп, олардың кәсіби деңгейін көтеру. Халықаралық, республикалық дәрежедегі байқауларға қатысуына ықпал ету. Біздің орталық балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз етуде түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болып, дамып, сол үйірмеге қатысушы балалардың бойындағы өнерге деген қызығушылығын оятып, сүйген ісінің маманы болуына жол көрсетуге атсалысуда. Біздің мекемеде жеке шығармашылықпен айналысам деген адамға басшылық тарапынан, әріптестер жағынан ешқандай шектеу де, қысым да жоқ. Керісінше қолдап-қолпаштап, қолтықтап демеп жібереді. Ортаға бір идеяны тастап жіберсең, іске асырайық дейтін жігіттер мен қыздар жетерлік. Сол жігіттердің ауызбіршілігінің арқасында ойластырып жүрген дүниелеріміз көп, – дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері Бахтияр Исламбекұлы.
Сол секілді қазіргі таңда Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында әдіскер болып еңбек етіп жүрген сарысулық Ақнұр Темірланқызының да өз ісіне деген адалдығы көңіл қуантады. Замандастары тренд қуып, сұлулық салондарында жіпсіз байланып жүргенде Ақнұр жастық жігерін кітапхана саласын ілгерілетуге бағыттаған. Жаспын деп жасқанбай, облыс басшысының алдында екі мәрте кітап көрмелерін таныстырған маман пандемия кезінде онлайн түрде зиялы қауым өкілдерімен, ақын-жазушылармен тұрақты түрде жүздесулер ұйымдастырып жүр. Оқырмандармен тығыз байланыс орнатып, жастарды кітап оқуға сөзбен ғана емес, ілкімді ісімен де шақыра білген Ақнұр таяуда Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы «Қазақстан кітапханаларының Альянсы» қоғамдық бірлестігінің «Халық құрметі» төсбелгісімен марапатталды.
– Кітапхана – қашанда қасиетті қара­шаңырақ. Мұнда Абай да, Мағжан да, Әлихан да, біз үлгі алатын ұлылардың барлығы бар. Жұмыс барысында тек өзіме жүктелген міндетті атқарып қана қоймай, өзім секілді жастарға қызық кітаптарды, көркем әдебиеттерді оқуға кеңес беріп отырамын. Осындағы тәжірибелі апайлардан білмегенімді білдім, білгенімді жетілдірдім. Өзім үшін оқыған кітаптарымнан оқылмаған дүниелердің көп екеніне көзім жетті. Күнделікті смартфонға телміргенше, кез келген көркем әдебиеттің бір тарауын болса да оқып шығудың ләззаты бөлек екенін ұғындым. Енді сол өзім секілді жастар да осынау қазынаға қанықса екен деймін, – дейді Ақнұр.
Жалпы мәдениет саласында еңбек етіп жүрген жастардың жұмысы күнделікті көзге көріне бермесе де, еленгені көңіл қуантады. Бұл ретте республикалық «Музей FEST» байқауының жеңімпазы Айдана Мекемованы да атап өтуге болады. 1996 жылы Тараз қаласында дүниеге келген Айдананың да мамандығы тарихпен терең байланысты. Жоғары оқу орнын аяқтаған бойда еңбек жолын бірден облыстық тарихи-өлкетану музейінде экскурсовод болып бастаған ол күні бүгінге дейін міндетін мінсіз атқарып келеді.
– Менің жұмысым тарихты жетік, терең білумен ғана шектелмейді. Себебі музейдегі экспонаттарды ұғынықты, түсінікті жеткізе білу де аса маңызды. Осылайша мен күнделікті музейге келген қала қонақтарына, зиялы қауым өкілдері, туристер, білімгерлер мен оқушыларға экскурсия жүргіземін. Жұмысым өзіме ұнайды. Халықтың музейге көбірек келгені біз үшін маңызды. Жұмыс барысында өзім білмейтін тарихи дүниелерді де меңгердім. Әлі де үйренерім көп. «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасының аясында өткен «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» атты кәсіби сессиясына, «Музей – рухани білім беру алаңы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциясына қатысып, тәжірибе жинақтадым. 2019 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Н.Үлкенбайұлы атындағы музей қызметкерлерінің І Республикалық байқауында «Үкілі үміт» номинациясы бойынша марапатталдым. Өзімнің туып-өскен өлкемнің тарихын сырттан келген қонақтарға мақтанышпен жеткізу мен үшін азаматтық борыш, перзенттік парыз ғана емес, риясыз бақыт, – дейді Айдана.
Архив саласында 5 жыл бел жазбай еңбек етіп келе жатқан Сағындық Зейнуллаұлының ісіне де көз сүйсінеді. Талас ауданының Ақкөл ауылында туып-өскен Сағындық та тағдырын тарихпен байланыстырып, бұл бағытта білімін жан-жақты жетілдірген. Бакалавр және магистр ғылыми дәрежесін алған маман еңбек жолын бірден Жамбыл облысының мемлекеттік архивінде бастайды. Ғылыми-анықтамалық аппарат және құжаттарды жариялау бөлімінде жемісті еңбек етіп, 2019 жылдың қараша айынан күні бүгінге дейін бөлім басшысы қызметін атқаруда.
– Облыс тарихын түгендеп, сақтап отырған шаңырақта жұмыс жасау – мен үшін үлкен жауапкершілік. Архивте өңірімізге қатысты әр құжатты ақтарып, деректерді анықтап, зерделеп, халыққа жеткізу – басты міндетіміз. Бізде ашаршылық, соғыс жылдарындағы әулиеаталық майдангерлердің көптеген деректері сақталған. Сол деректерді бір арнаға тоғыстырып, шолулар жасаймыз. Майдангерлеріміздің өмірбаянын зерделеп, кітап шығардық. Ондағы әр деректі саралау үшін үйлестіру жұмыстарын жүргіздім. Әлі де зерттелетін жұмыстар жетерлік. Жастар жүз пайыз бұл салаға қызықпауы мүмкін. Бірақ облыс тарихына қатысты тың мәліметтерді зерделеп келетін жас зерттеушілер баршылық. Оларға дұрыс бағдар сілтеп, барымызбен бөлісіп отырамыз. Қазіргі таңда облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері бойынша арнайы комиссияның құрамындамын. Осы бағытта тың деректерді анықтаумен айналысып жатырмыз. Менің салам үнемі ізденісті талап етеді, – дейді Сағындық.
Өздеріңіз көріп отырғандай, мәдениет саласының сан тарауында өз ісін жетік білетін «талай қазақ баласы» табанды еңбек етуде. Десек те бұл мәдениет саласындағы еңбектің біз жеткізе алған бір тамшысы ғана. Ал осынау мәдениеттің айналасында ән мен би, жыр мен күйден бөлек, қаншама майталманның маржандай төгілген маңдай тері жатыр десеңізші. Мерекелеріңізбен, мәдениет саласының сайыпқырандары!

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.