Мәдениет саласында мән беретін мәселе аз емес

0 12

Мәдениет – ұлттың, халықтың, тіпті күллі адамзаттың ортақ һәм мәңгілік мәйегі. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың тарапынан мәдениет саласында он жылға артта қалсақ, оны қалпына келтіру үшін кемінде отыз жылдай уақыт кететіні жайлы айтылып келе жатқалы қашан. Десек те өңірдегі мәдениет саласының тіршілігіне тұсау болып тұрған мәселелер әлі де жетерлік. Осы ретте облыс әкімі сала мамандарымен арнайы кеңес өткізіп, бірқатар түйткілдердің түйінін тарқатты.

Аймақтың шалғай ауылдары мен елді мекендерін мәдени ошақтармен, іс-шаралармен қамту және биылғы жылғы атаулы күндерді өз деңгейінде ұрпаққа насихаттау мәселесінің өзектілігін тілге тиек еткен Бердібек Машбекұлы сөз тізгінін мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайға берді.
Басқарма басшысы өз кезегінде саладағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды жіпке тізіп атап өтті.
Айтуынша 2021 жылы мәдениет саласын қаржыландыруға 7,5 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде, басқармаға қарасты мекемелердегі іс-шараларға 100 миллион 400 мың теңге қаржы қаралған.
– 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 4 нысанның құрылысы және «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 2 нысанның құрылысы жүргізілетін болады. Ағымдағы жылы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына орай Ж.Қуанышбаев атындағы Мойынқұм аудандық музейіне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бүгінгі күні облыста 194 мәдениет үйі мен клуб тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді. Облыс көлемінде 802 клуб құрылымдарына 9283 адам тартылған. «Халықтық» атағы бар ұжымдар саны 55, ал қатысушылар саны 1690. Облыстағы клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2021 жылдың 5 айында жергілікті бюджеттен 29 670,0 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Облыс көлемінде 274 мемлекеттік кітапхана бар. Облыс кітапханаларының кітап қоры 3 695 684 дананы құрап, оның мемлекеттік тілдегісі 1 950 548-ге жетті. Кітап берілімі – 2 121 808, ал келушілер саны – 1 079 865. Бүгінгі таңда облыстағы 274 кітапхананың интернетке қосылғаны – 267. Интернетке қосылмағаны – 7. Барлық кітапханалар 100 пайыз компьютермен қамтылып, автоматтандыру бағытында РАБИС, АИС-СБРК, АБИС, КАБИС бағдарламасының «Каталогтаушы» модулі бойынша жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 139 ауылдық округте кітапханалар жанынан 204 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары ашылған. Ағымдағы жылы кітапхана саласында жеткен жетістіктердің бірі республикалық «Рухани қазына – 2021» фестивалінде Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметкері Ербол Бегимов «Үздік кітапхана қызметкері» атанса, Ш.Уәлиханов әмбебап ғылыми кітапханасы «Ж.Жабаев – 175» арнайы номинациясымен марапатталды. Облыс театрларында 9215 көрерменге 125 қойылым ұсынылып, репертуарларын толықтыру мақсатында әртүрлі жанрда 9 жаңа қойылым сахналанды, – деп саладағы жұмыстарды саралап өткен басқарма басшысы мәселелерді де атап өтті.
– Облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің тұрақты жер пайдалану мемлекеттік актінің толықтығы туралы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 3448 тарих және мәдениет ескерткіштерінің 2792-нің тұрақты жер пайдалану мемлекеттік АКТ-ісі алынбағаны анықталды. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіштерге мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 197 ескерткіштің 185-інің құжаттары түгелденді, 12 ескерткіштің құжаттары толық болмай, 11 ескерткіш аббаттандыру жұмыстарын қажет ететіндігі анықталды. Бұған қоса облыстың мәдениет мекемелеріне мамандарға қажеттілік 2021-2022 жылдарға 129-ды құрайды. Қажетті мамандықтар – кітапхана ісі, аспаптық орындаушылық және музыкалық эстрада өнері, эстрада-аспаптық ансамбль артисі, хор артисі, би ансамблінің артисі, драма театрының артисі, цирк артисі. Жыл сайын симфониялық оркестрмен, классикалық өнермен байланысты кәсіби білікті мамандардың тапшылығы сезіледі. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және шетелде оқыған кәсіби музыканттар, театр әртістері мен режиссерлер әлеуметтік қолдаудың жоқтығына байланысты өңірге жұмыс істеуге келмейді. Сол себепті, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне Білім және ғылым министрліктерімен бірлесе отырып, кәсіби музыканттарға, әртістер мен режиссерлерге әлеуметтік көмек көрсету жолымен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету тетігі әзірленсе деген ұсыныспен шықтық. Шешімі уақыт еншісінде, – деді басқарма басшысы.
Мәдениет саласындағы мазмұнды мақсаттар мен мән берерлік мәселелерді тыңдап шыққан облыс басшысы салмақты сауал тастап, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
– Карантин кезеңінде онлайн түрде театрларда не іс-шара болып жатыр? Кітапханаларда бес айда қанша оқырман болды, неше кітап алынды? Ауылдардағы мәдениет ошақтарында қанша үйірме бар? Биыл отыз жылдығы толған тәуелсіздікке, Жамбыл Жабаевқа, Жазылбек Қуанышбаевқа қай жерде қандай ескерткіштеріміз бар, олардың жағдайы қалай? Ол қалпына келтірілген бе, келтірілмеген бе, – деген Бердібек Машбекұлының сұрағына басқарма басшысы жеке-жеке тоқталып, мардымды жауап бере алмады.
– Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы қай уақытта да осы көрсеткіштерді жатқа білуі керек. Мәселен елу іс-шара өтті, оған он мың адам қатысты деген сияқты. Жалпылама жауап болмайды. Маусымнан бастап балалардың жазғы демалысы басталды. Қала мен аудандарда қаншама саябақтар мен скверлерді жөндеп, қалпына келтіріп жатырмыз. Филармонияның негізгі міндеті – гастроль. Біз індетті сылтау етпеуіміз керек. Егер оны сылтау ететін болсақ филармония да, драма театр да ешқайда шықпайды. Қазір карантиндік талап әлдеқайда жеңілдеді. Далада іс-шаралар өткізуге болады. Аудандарда да қаншама сквер бар. Қала саябақтарында кешқұрым қаншама адам серуендеп жүр. «Тектұрмас», «Қазақ халқына мың алғыс», «Біз біргеміз», осының барлығын біз не үшін салып жатырмыз? Осы жерлерде тұрақты түрде әр сенбі, жексенбі күндері мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуы қажет. Басқарма осыны ойластыруы керек. Жұмыстың жүйелілігі сіздерге байланысты. Қазір өздеріңіз көріп жүргендей Түркістанда керемет шаралар өтіп жатыр. Ол жақта біз секілді жасыл аймақта. Ал біз отырмыз. Олай болмайды. Мәселе аудан әкіміне, қала басшылығына қарайды деген әңгімені қою керек. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы барлық аудан, қалалардағы іс-шараларды ұйымдастыруы тиіс. Тараз Түркістан секілді тарихи шаһар болуы керек деп айтып жатырмыз. Ол үшін Ақыртас, Баласағұн секілді тарихи орындардағы жұмысты жүйелеуіміз қажет. Күні кеше Атлах шайқасының 1270 жылдығына орай Қазақстан мұсылмандар діни басқармасымен бірлескен керемет іс-шара болды. Терең мәні бар. Соны ары қарай алып кетуге мәдениет басқармасы тікелей ұйытқы болу керек. Сол секілді Талас құрылтайы, Қазақ хандығы да ұрпаққа насихатталуы тиіс. Еліміз туралы тарихы болмаған, өмір бақи көшпенділер болған деген неше түрлі әңгімелер айтылып жатқанда ел тарихының арыдан басталғанын, сол кезде қазақта экономика, бизнестің, білім, ғылымның, мәдениеттің болғанын көрсетуіміз керек. Осы бағытта жұмыс атқарылуы тиіс, – деді облыс басшысы.
Жиын барысында облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков саладағы маман тапшылығы мәселесі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен толық шешілмейтінін, бұрынғы Жамбыл мәдени ағарту училищесі секілді маман даярлайтын оқу орнының қажеттілігін тілге тиек етсе, «Жамбыл облыстық мемлекеттік архиві» мекемесінің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы архив қызметкерлерінің ескі ғимаратта отырғанын алға тартты. Ал Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев өзі басқарып отырған мекеме ғимаратында екі жыл бойы жылу жоқ екенін жеткізді. Республикалық «Ежелгі Тараз» қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев өңірдің рухани брендіне айналған Қарахан, Айша бибі сәулеттік ескерткіштері бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті. Аймақ басшысы қорық-музейдің директорынан орталық және ашық аспан астындағы музейлердің жай-жапсарын сұрады. Айтуынша орталық музейді құрылыс басқармасындағылар жарамсыз деп тапқан. Ал оны қалпына келтіруге тағы да қомақты қаражат пен бес-он жылдай уақыт қажет екен. Ашық аспан астындағы музейдегі қазба жұмыстар 2022-2023 жылдары жалғасын таппақ.
– Мұндағы басты кемшіліктің бірі – дер кезінде мәдениет министрлігімен жұмыс істемеуінде. Ұсыныс берілді дейсіздер. Ұсыныс деген – қағаз. Ондай ұсыныс министрлікке күн сайын пәшкілеп түседі. Қағаздың артынан аяқ болуы керек, артынан жүгіру қажет. Осы секілді мәселелерге қатысты бірде-бір ұсыныс берілмейді. «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деген қисық принцип бар. Ол болмайды. Мәселеге қатысты ұсыныс берілуі тиіс, – деп Бердібек Машбекұлы жиын барысында айтылған барлық ұсыныстар мен мәселелерге қатысты орынбасары Дәулет Кәрібекке және салалық басқарманың басшысы Ерлан Жүнісбайға нақты тапсырмалар берді. Жиын соңында облыс әкімі Алматы қаласы мен Түркістанда Жамбыл облысының мәдениет күндерін өткізуді ұсынды.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.