Мәдениет – ұлттың мәйегі

0 1

Өзегін өрт шалса да өнегелі өрнегі өлмейтін, өшпейтін, өңін жоғалтпайтын, қайта киесі иесіне өмір дарытып, дарынды ұлт пен ұрпақты даралай түсетін қасиетті ел руханиятының алтын тәжі, жауһар жақұты – мәртебелі мәдениет деп айтсақ, асып айтқандық болмас. Халықтың үні, өнері, ән жыры – халықтың тағдыры, жан дүниесінің жаңғырығы. Оның түп тамырында сөз құдіретінен бастап, ұлттың құндылығы, табиғи болмысы, мінезі, өнегесі мен тағылымы, тарихы мен асыл аманаты уақытпен тыныстап жатыр. Ел тәуелсіздігін алғалы көне тарихтың көмбесіне көз жүгіртіп, жоғымыз түгенделіп, руханиятымыздың шамшырағы қайта жанды. Бұл бағытта хандықтың алғаш қазығы қағылған, тарихтың темірқазығына айналған Әулиеата жерінде де атқарылған ауқымды, ізін қалдырған ілкімді істер жетерлік. Осы ретте 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні мерекесіне орай, әлемді әбігерге салған карантин кезеңіндегі сала майталмандарының аймақта атқарған жұмысына жан-жақты тоқталып өтуді жөн көрдік.

Жалпы алғанда халықтың мәдениетін арттырып, ұлттық өнерімізді өркендетуге үлес қосып отырған облыс көлеміндегі мәдениет, архив мекемелерінің саны – 537. Оның 27-сі басқармаға қарайды, қалған 510-ы Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне бағынысты. Өздеріңізге белгілі елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты наурыз айының ортасынан бастап облыста бірқатар мәдени іс-шаралар тоқтатылып, мәдениет және архив мекемелерінің 800-ге жуық қызметкерлері қашықтықтан жұмыс режиміне көшті. Осыған орай, өткізілуі тиіс мәдени-көпшілік іс-шаралар әлеуметтік желілер арқылы онлайн форматта өтуде.
Бүгінгі күнге дейін әлеуметтік желіде
1 460 онлайн түрдегі шара ұйымдастырылған және аталған шараларға 741 940 көрермен қамтылып, оң пікірлерін білдірген. Осындай шаралардың қатарында К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония «Бір әннің тарихы», «Бір күйдің тарихы», «Бірге билейік!», «Менің репертуарымдағы бір ән», «Бірге акробатикалық жаттығулар жасайық!» челлендждерін бастап, Н.Тілендиевтің 95 жылдығына орай «Өз елім», салт-дәстүрді насихаттайтын «Келіндер келбеті» республикалық онлайн конкурстарын ұйымдастырды.
Өңірден шыққан танымал әншілердің қатысуымен «Таразым», «Жайна Жамбыл», «Дәрігерлер», «Бағала», «Абайдың сөзі де рас, өзі де рас», «Атамекен», «Қазақстан» әндеріне, Мемлекеттік Гимнге челлендждер жасалынды. Бірқатар әншілердің жеке концерттері «ютуб» каналдарына тіркелді.
Сонымен қатар, әншілердің репертуарлары музыкалық сайттарда, бейнебаяндары республикалық телеарналарда насихатталған. Көрерменсіз, қашықтықтан онлайн телевизиялық форматта концерт (Ж.Омаров), 32 жеке әртістің онлайн концерттері, 5 шеберлік сағаттары, 3 лекция сабақтары берілген, ол жұмыстар 30 мамырға дейін жалғаспақ.
Облыстық театрлар 41 қойылымын әлеуметтік желілер арқылы көрермен назарына ұсынды. Қазіргі таңда «Театр таланттарды іздейді» көркемсөз оқу шеберлері, «Зере апаның ертегілері» және Ұлы жеңістің 75 жылдығына арналған шығармашылық байқаулары өткізілуде.
«Өнерлі адамның өнегесі көп» тақырыбымен театрдың әлеуметтік желідегі парақшаларында театр әртістері үй жағдайында басқа да өнерлерін көрерменге ұсынуда.
Ал Жамбыл облыстық кино орталығы коронавирус инфекциясының алдын алу, сақтану бағытында 8 видеоролик түсірді. Сонымен қатар әлеуметтік тақырыпта бірқатар вилеороликтерді көрермен назарына ұсынды.
Қазіргі уақытта Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мен көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханалары «ОНЛАЙН КІТАПХАНА» жүйесінде қызмет атқаруда. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде кітапхана тарапынан түрлі байқаулар, жергілікті ақын-жазушылармен онлайн жүздесулер ұйымдастырылуда.
Ерекше атап өтетін тағы бір жайт, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы әлеуметтік желілер арқылы мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға аудио форматта дыбыстандырылған кітаптар ұсынып отыр.
Сондай-ақ ашық онлайн шаралар ұйымдастыру мақсатында «Оқырман алаңы» жобасы жандануда.
Ал облыстық халық шығармашылығы орталығы тарапынан халықтық театрларға арналған шеберлік сағаты өткізілуде.
Өңірден шыққан талантты айтыс ақындарының арасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай онлайн айтыс қолға алынып, бүгінгі күнге дейін 3 айтыс ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта басқарманың сайты арқылы мәдениет және архив мекемелеріне 3D форматта виртуалды тур жасауға болады.
Осындай онлайн іс-шаралар мен виртуалды көрмелер Руханият және тарихтану орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі тарапынан да әлеуметтік желідегі парақшаларында ұйымдастырылуда.
Сол секілді облыстық және Тараз қаласының архиві тарапынан әлеуметтік желілерде архивтік анықтама алу жолдары көрсетіліп, видеороликтер жүктелген.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың айтуынша, осынау төтенше жағдай кезінде халыққа рухани қолдау көрсетіп, бос уақытын тиімді ұйымдастырып, көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында атқарылып жатқан шаруалар жоспарға сай алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
– Кейінгі жылдары мәдениет, архив саласында бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Биылғы І тоқсанда Меркі ауданының Жамбыл, Ойтал, Андас батыр ауылдарынан ыңғайластырылған ауылдық клубтар ашылып, облыс бойынша мәдениет үйлер мен клубтардың саны 193-ке жетті. Облыстағы шешімін табуды қажет етіп келген мәселелердің бірі – клубы жоқ елді мекендерде клуб соғу мәселесі болатын. Осы тұрғыда Жамбыл облысы бойынша елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру картасына сәйкес 2020-2022 жылдары 26 елді мекенде клуб ғимараттарын салу жоспарланып отыр. Биылғы жылы облыста 6 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілетін болады. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бойынша 3 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ карта бойынша Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына ағымдағы жөндеу және Байзақ аудандық мемлекеттік архивіне көгалдандыру жұмыстары жанданады. Ағымдағы жылдың І тоқсанының өзінде облыстағы клуб үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 45 270,0 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Осындай жөндеуден өткен мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі, ауылдық клуб» байқауы ұйымдастырылып, нәтижесінде кейінгі жылдары ауылдық клубтарға 70 музыкалық дыбыс күшейіткіш аппаратура, жарық құралдары және басқа да мәдениет ошақтарына қажетті заттар берілген. Сондай-ақ 2015-2017 жылдары «ҮЗДІК АУДАН» байқауы жарияланып, облыс аудандарының жыл бойы атқарған жұмыс­тарының нәтижесіне сәйкес үздік деп танылған 3 ауданға «Облыс әкімінің жүлдесі» автокөлік сыйға берілген болатын. Енді осы жобаларды қайтадан қолға алып, облыс басшылығы тарапынан қолдау тапса биыл қайта ұйымдас­тырамыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді Дүйсенәлі Дыбысалыұлы.
Сонымен қатар облыс басшылығының тапсырмасына сәйкес, биылға жоспарланған іс-шараларға қосымша жаңадан бірқатар жобалар қолға алынып отыр екен. Олардың қатарында «Ауылым – алтын бесігім» атты облыс аудандарының күндері, «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында «Әулиеата жұлдыздары» жобасы, өңірлердің Жамбыл облысындағы күндері, «Өлкелік туризм кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» атты Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өңір аудандарындағы күні және облыстық ардагерлер кеңесімен бірлесіп ұйымдастырылатын «Ғибратты өнер керуені» мәдени-әлеуметтік жобасы бар.
Жалпы аймақтың мәдениет саласында маңызды із қалдырар мардымды істің атқарылғаны да, алдағысы да аз емес. Өңір өнерпаздары алыс-жақын шетелдердегі байқауларда сан мәрте өздерінің таланттарын мойындатып-ақ жүр. Алты құрлықтың жұртын алаңдатып қойған карантин кезінде де халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Осы ретте өңіріміздің рухани қазынасын еңбекпен еселеп жүрген мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, оларға шығармашылық шың, толағай табыс тілейміз!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.