Сұхбат

«Мәдениет және өнер колледжін ашатын кез келді»

Written by Aray2005

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы-драматург Әлібек Әмзеұлы

– Осыдан бір жеті бұрын сұхбатымызға келісіміңізді алу мақсатында хабарласқанымызда, туған жеріңіз – Көшек батыр ауылында жүргеніңізді айтып, кездесуімізді кейінге қалдырған едіңіз. Жалпы, туған жеріңізге жиі барып тұрасыз ба?
– Менің ауылмен кіндігім байланып қалған. Оны үзе алмаймын. Және үзу қолымнан келмейді де. Ауылға айына екі-үш мәрте, кейде қажеттілікке қарай одан көп ат басын бұрамын. Мәселен, өткен жылы ала жаздай ауылда болып, әке-шешемнің, бауырларымның жанынан өзіме арнап кесене салдым. «Мұндай қадамға баруына не түрткі болды екен?» деп ішіңізден таңданып та отырған боларсыз. Құдайға мың да бір шүкір, алтын қасықтай ұлдар өсіріп, немере сүйіп отырмын. Алайда… Халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы ақын, публицист, этнограф, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Мәшһүр Жүсіп туралы естелігінде «Мәшһүр– керемет, мықты ақын. Ал діндарлығы өте зор» деген екен. Міне, сол Мәшһүр Көпейұлы дүние саларынан бірнеше жыл бұрын өзінің кесенесін тұрғызыпты. Бірақ ел басына күн туған қиын кезеңде дәм-тұзы таусылып, кесенесіне жерлеуге мүмкіндік болмайды. Тек он жылдан кейін ғана өзінің кесенесіне қойылған екен. Мәшһүр сауатсыздығынан өз-өзіне кесене тұрғызды ма?! Әрине, жоқ. Жалпы, сұрауым бойынша дінімізде қарсылық жоқ. Кесененің құрылысын алғаш бастағанда ауылда құптамағандар да көп болды. Ешкімнің сөзіне мән бермей, жұмысты жалғастыра бердік. Кейін барлығы ісімнің дұрыс екенін мойындады. Көздері жетті.
Кейде біз мәңгілік жасайтындай болып жүреміз. Біз
о дүниенің де бар екенін ұмытпауымыз керек. Қазір жасым жетпіс үште. Мен неге о дүниемді ойламауым керек. Ал ақыретін ойлаған адам не істеу керек? Жамандыққа бармай, жат қылықтарынан арылу қажет. Сөйтіп, жан-жағына өнегесін шашып, шарапатын тигізу керек. Өйткені қаласақ та, қаламасақ та қай-қайсысымыздың болмасын мәңгілік бесігіміз – қара жер.
– Рас, адам ұрпағымен және өнегелі ісімен ғана мың жасайды. Ізгі амалдарыңыздың бір парасы ғана болса керек, кейінгі буынға үлкен үлгі көрсетіп, туған жеріңізге көп тарту жасап жүрген көрінесіз…
– Ауыл – алтын тамырымыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өстік. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті. Сондықтан әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп, қастерлеуі тиіс. Асып-тасығаннан емес, туған жеріме деген шексіз құрметпен қолымнан келген, мүмкіндігім жеткен көмегімді беруден қашқан емеспін.
Бір ай бұрын шамасында ауылда қонақта отырғанбыз. Әңгіме арасында дастарқандас болып отырған азаматтар­дың бірі мектеп директорының сәлемдемесін жеткізді. «Ауылда клуб жоқ. Кез келген жиын мектептің акт залында өтеді. Ал акт залымыз тым жұпыны. Сондықтан мүмкін болса, акт залымызды безендіріп, мектептің айналасына бейнекамера орнатып берсе» депті. «Бұрынғыдай қызметте жүрген адам емеспін. Көп зейнеткердің бірімін. Қолымнан не келеді. Сол себепті уәде бере алмаймын» деп директордың сәлемдемесін жеткізген азаматтан жауабымды айтып жібердім. Сөйтіп, қалаға кетіп бара жатып Сейілбек ауылына жете бергенімде бүгінгі таңда Көкшетау қаласында жауапты қызметте отырған Досымхан Аралбаев есімді ініміз хабарласып қалды. Амандық-саулықтан кейін ауылдың жайын сұрады. Көзбен көріп, құлақпен естіген елдің жаңалығымен бөлісіп жатырмын. Мектеп директорының бұйымтайы да айтылды. Біршама уақыт сөйлесіп, тұтқаны қойдық. Арада бие сауым уақыт өткен­де Досымхан қайта хабарласты. «Мектеп директо­ры­на не айттыңыз?» деді тұтқаның ар жағынан. Ешнәрсе уәде ете алмаға­нымды айттым. Сонда қашанда ел дегенде ет жүрегі елжіреп тұратын Досмахан: «Бекер уәде бермеген екенсіз. Мен демеуші болайын. Атқарушысы өзіңіз болыңыз. Сіз де, мен де оқыған мектеп. Айтқандарын жасап берейік» деп кесімді шешімін айтты.
Сонымен, қалаға келген бойда іске кірістім. Облыстық театр мамандарын қасыма ілестіре мектепке қайта барып, акт залына керек-жарақтардың өлшемін алдық. Осылайша он күннің ішінде сахнасын безендіріп бердік. Сонымен қатар мектептің сыртына он алты камера орнаттық.
Осыдан екі жыл бұрын облыстық бюджеттен 18 миллион теңге бөлдіріп, ауылға шағын футбол ойнайтын алаңның соғылуына себепкер болдым. Бейбіт Ыстыбаев сынды үш дүркін «Қазақстан Барысы» түлеп ұшқан ауылымызда әсіресе қазақ күресіне қызығушылық өте жоғары. Сондықтан облыстық бюджеттен бөлінген 4 миллион теңгеден аса қаржыға Ресейден күресетін кілем алдыртып, ұлттық спортты серік еткен жастарымызға үлкен қуаныш сыйлауға ұйытқы болдым.
Таяуда ауылға тағы жолым түсті. Мектептің жанында тұрған бір топ жігітті көріп, арнайы барып жөн сұрадым. Айтуларынша, биыл мектеп бітіргендеріне жиырма жыл көрінеді. Сонда бірі: «Сіз салған футбол алаңының жанынан бір гектар жерді қоршап, алма бағын жасасақ деген ойымыз бар», дейді. Қуандым. Неге? Соңымыздан ерген жастардың аз да болсын елге, жұртқа деген махаббатын оята алғаныма.
Кейінгі жылдары ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтар, мектеп бітіріп кеткеніне он, жиырма жыл болған түлектер тұрғындардың игілігі үшін талай нәрсе істеп жатыр. Ауылдың кіреберісіне қақпа қойылды. Соғыстан қайтпаған ауыл тұрғындарына арналып «Ұлағатты ұрпақтар ұяшығы» алаңы, «Хансұлу апа» саябағы ашылды.
Осындай ізгі істерді атқарып жүрген, кіндігінің қаны тамған жерге маңдайының тері де таму керек екенін ескерген жастарымызды көргенде шын сүйінемін. Лайым, елім дегенде езіліп, жұртым дегенде жұмылып тұратын жастарымыз көп болса екен.
– Қазақтың қадірлі ақыны Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, сіздердің буынның тұсауын соғыс кесіп, бесік жырымен емес, мылтықтың үрейлі үнімен тәрбиеленді. Бірақ көз ашқаннан көрген қиындықтар болашақтарыңызға оң ықпалын да тигізген секілді…
– Рас, біз ертелеу есейген ұрпақпыз. Бесік табы белімізден, ана сүті ернімізден кеппей еңбекке ерте араластық. Әлі есімде, төртінші сыныпты бітіргеннен кейін шөп оратын «косилкаға» отырғызды. Қазір айтуға оңай. Ал жаздың ми кептірер аптап ыстығында «косилкада» отыру– жанып тұрған оттың үстіне отырғанмен бірдей болатын. Таңғы сағат алтыда жұмысқа шығып, қас қарая сүрініп-қабынып бір-ақ қайтамыз. Кейін үш айлық еңбегіме алпыс алты сом берген болатын. Ал қазір төртінші сынып емес, жиырмаға, отызға келіп, «алма піс, аузыма түс» деп отыратындар көп. Әке-шешеміз де үй бетін көрмейді. Бір әулеттің бар жұмысы өзіміздің мойнымызда болды. Яғни жастайымыздан еңбектің қадірін біліп өстік.
Кейін Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсіп, студент атандық. Сол жылдың қараша айында облыстық театр жаңа маусымын ашқалы жатыр екен. Ол кездерде театрдың жаңа маусымын ашуы үлкен құбылыс болатын. Маусым басталмас бұрын облыстық театрдың труппа меңгерушісі Молдаш Сәкиев училищеге келіп, кескін-келбеті келіскен бес-алты баланы таңдап алып кетті. Бағы жанған жастардың қатарынан өзім де табылып, театр маусымын ашқаннан бастап массовкада жүрдім.
Араға жыл салып, 1967 жылдың басында эпизодтық рөлдерде ойнай бастадым. Айлығым бар болғаны 35 сом. Бірақ театрдағылар тап бір 1 000 сом төлеп отырғандай ұрсады ғой. Әйтеуір, маған бәрі би. Ұрсады, кейде ұрады да. Шәріпбай Сәкиев, Мұқамедқали Табанов, Тілек Ерғалиев сынды асыл ағалардың тәрбиесін алып, шар болаттай шыңдалдым. Жуан жұдырығымен салып қалатын Гүлжамал Батырғалиева апайымызды қалай ұмытайын. Бәлкім, дұрыс ойнай алмасам ұрса жөнелетін аға-әпкелерімізге жастықпен ол кезде ренжіген де шығармын. Бірақ қазір сол күндерді сағынамын. Періште көңіл ағаларымыздың айқайының өзін аңсаймын.
Біз бала кезде де, кейін де жоқшылықтың шырмауына біршама уақыт маталып жүрдік. Театрда жүрген жылдары шалбарым жыртық, аяғымдағы туфлиімнің табаны тесік болатын. Сонда картонды көп қылып кесіп қалтама салып аламын. Әр екі жүз метр жүрген сайын ұлтарақ тәрізді етіп кесілген картонды ауыстырып, аяқ киіміме салып отырамын. Міне, біз осылайша жоқшылықтың зардабын тартып, соқпақты жолдардан сүрінбей өтіп есейдік.
– Алғаш мәдениет саласына басшылық еткен жылдарыңыз ел егемендігіне қол жеткізбеген елең-алаң шақтар. Сол бір жылдар қандай қиындықтарымен есте қалды?
– 1983-1987 жылдары Жамбыл облысының қазақ драма театрының директоры, 1987-1988 жылдары облыстық мәдениет басқармасының бастығы, 1988-1992 жылдары екі мекеменің қосылуымен жаңадан құрылған облыстық мәдениет комитетінің төрағасы қызметтерін атқардым. Басшылық қызметте жүргенде бір жайтқа көзім анық жетті. Табандылықпен жұмыс істесең – шешілмейтін түйін жоқ.
Мәдениет басқармасының бастығы қызметіне кіріскен күннен бір мәселеге баса назар аудардым. Республика бойынша тек біздің облыста ғана музыкалық училище жоқ болатын. Тіпті кейбір қалаларда екі-үш училищеден бар. Ол жылдары облыстық атқару комитетінің төрағасы Өмірбек Байгелдиев еді. Облыс басшысына мән-жайды айтып едім, қарсы болмады. «Қандай көмек керек. Қолымнан келгенімді аянып қалмаспын. Бірақ биылғы оқу жылына үлгере алмайсың-ау» деп күмәнмен қарады. Мені Қазақстан Компартиясы Жамбыл облысы комитетінің бірінші хатшысы Сәбит Байжановқа жіберді. Ол кісі мені «длинный» деп еркелететін. Бойы аласалау болатын. Бірақ бойы қысқа болғанымен, даусы зор еді Сәбеңнің. «Длинный, какая проблема? А ну-ка, говори» деді өктем дауыспен. Айттым. Музыкалық училищенің жоқтығына сенбеді. Ақыры не керек, ол кісі де рұқсат берді. Бірақ екеуі де биылғы оқу жылында ашатынымызға сенбеді. Содан артынып-тартынып Алматыға аттанып кеттім. Қолымда бір парақ қағазым жоқ. Тек басқарма бастығы екенімді көрсететін куәлігім бар. Шыны керек, училище ашу үшін кімге баруым керек екенін де білмеймін. Сонымен, Қазақстан Министрлер кеңесінде қызмет істейтін Ғайникен Бибатыроваға бардым. Не істеуім керек екенін бәрін айтты. Сөйтсем, училище ашу үшін Жоғары кеңестің төралқасынан, экономика, мәдениет, білім министрліктерінен рұқсат алуым керек екен. Әр министрлікте кемі бес-алты адам қол қоятын көрінеді. Табанымнан тозып жүріп министрліктердегі керекті адамдарға жолығып, қолдарын қойғызып алдым. Кейін Ғайникен Айдарханқызының өзі мұншалықты тез уақытта қыруар жұмыс атқарғаныма сенбеді. Облыс басшылығы жұмысыма тәнті болып, арқамнан қақты.
Қысқасын айтқанда, облыс орталығында училище ашылатын болды. Қазіргі облыстық әділет департаментінің ғимараты таңдалды. Бірақ тағы бір мәселе шықты. Бірде-бір музыкалық аспабымыз жоқ. Бұл ретте Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Дүйсен Қасейіновтің көмегіне жүгінуге тура келді. Дүйсен Құрабайұлы кейін екі үлкен жүк көлігімен музыкалық аспаптар жіберді. Сөйтіп училище 1989 жылы ашылды. Арманымыз орындалды. Кейін қайта жабылып қалды. Ақыр соңында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне қосылып тынды.
– Осы облыс орталығы Тараз қаласынан «Мәдениет және өнер колледжін» ашу туралы мәселе кейінгі жылдары жиі көтеріліп жүр. Бірақ әрдайым соңы сиырқұйымшақтанып кетеді…
– Бұл мәселе тек бір-екі жыл емес, ұзақ уақыттан бері көтеріліп келе жатыр. Рас, колледж ашу оңай шаруа емес. Қазіргі кезеңде заң тұрғысынан келгенде көптеген қиындықтар бар шығар. Дегенмен қиындықты айналып өтетін бір жол бар. Меніңше, дәл қазіргі уақытта Жамбыл атындағы Абай гуманитарлық колледжін ұстап отырудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Айыптағаным емес, алайда аталмыш білім ордасы кәсіби музыкант даярлап жатқан жоқ. Музыкант дайындаудағы бағдарламасы талапқа сай келмейді. Дайындап жатқандары ән-күй пәнінің мұғалімі ғана. Олар тек «кәсіби музыкант дайындаймыз» деген жалаң ұранмен жүр. «Бізде консерватория бітірген ұстаздар дәріс оқиды» деп ұран салғанымен, бағдарламасын қарасаңыз олардың бағыты «ән-күй пәнінің мұғалімін» дайындауға келеді. Кәсібиліктің төмендігі, аталмыш колледжді тәмамдағандар конверваторияға барып емін-еркін емтихан тапсырып, оқуға түсуі керек. Алайда біздің колледжден барғандарға консерватория дайындық бөліміне түсуге міндеттейді. Өйткені гуманитарлық колледжді бітірген адам консерваторияның талаптарына сай арнайы дайындықпен келуі қажет. Сондықтан кәсіби музыкант дайындауда кереғарлық жетеді. Осы мәселенің жай-жапсарын басшылық біле бермейді. Есесіне басшылықтың білмейтіндігін пайдаланғысы келетіндер де бар. Меніңше, бұл мәселеге мұқият қарауымыз керек. Ал біз әлі де қажетінше көңіл бөле алмай жатқан секілдіміз.
– Өзіңізге мәлім, өткен жылдың мамыр айында облыстық театр алдындағы Бауыржан Момышұлының ескерткіші «Жеңіс» саябағына қойылды. Ал қазір батыр Бауыржан ескерткішінен қалған тұғыр жетімсіреп тұрғандай көрінеді. Бірнеше жыл бұрын театрға ат беру туралы бастама көтерілгенде қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Асқар Тоқпановтың есімін беру туралы ұсыныс та болды. Тұғырға тұлғалы ескерткіш орнатып, театрға дарабоз тұлға Тоқпановтың атын беруге қалай қарайсыз?
– Тұғырдың жетімсіреп тұрғаны рас. Айтып отырғаныңыз өте орынды. Бұл орайда бір мәселенің басын ашып алғанымыз абзал. Асқар Тоқпанов төрт жылға жуық облыстық драма театрдың бас режиссері қызметін атқарды. Ол кісінің қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер екені де рас. Қаласақ та, қаламасақ та Асқар Тоқпанов– қазақтың Станиславскийі. Кәсіби режиссурадағы қазақ топырағынан шыққан тұңғыш қарлығаш. Және «Тоқпановтың тоқпағынан» шыққандар кімдер деген сауал туындауы заңдылық. Асанәлі Әшімовтен бастап Фарида Шәріпова, Сәбит Оразбаев, Мүкетай Мышбекова, Торғын Тасыбекова, Райымбек Сейтметов сынды кілең театр өнерінің корифейлері. Қазақ театр өнерінің жарық жұлдыздарының барлығы «Тоқпановтың тоқпағынан» шыққандар. Кезінде «Тоқпановтың тоқпағын жемеген адам артист болмайды» деген сөз де тарап кеткен. Орынды айтылған сөз. Осы тұрғыдан келгенде Асқар Тоқпановтың атын театрға беру қай жағынан келсеңіз де сұранып-ақ тұр. Ол театрда жұмыс жасады. Спектакльдерді қойды. Қазақ театрына еңбек сіңірді. Қазақ театрының белсенді өкілдерін тәрбиеледі. Оның кейінгі тәрбиелеген шәкірттері Тұңғышбай Жаманқұлов, Құдайберген Сұлтанбаев, Уайс Сұлтанғазиндер болды.
Облыстық драма театрдың 70 жылдық мерейтойында Қазақстандағы театрлардың барлығының қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда театрдың кешегісі мен бүгіні, болашағы, жанрлық алуантүрлілігі жан-жақты сөз болды. Үш күн бойы қазақ театрының корифейлері жиналып, конференция күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өз ойларын білдірді. Сол тұста Асанәлі Әшімов бастаған екі жүзден астам театр саласының майталмандары Жамбыл облыстық драма театрына Тоқпановтың атын беруге қарсы емес екендіктерін жеткізіп, қол қойған. Мұны Үкіметке де жолдадық. Бірақ аяқсыз қалды. Кейбір кісілердің күңкіл әңгімесі кедергі болды-ау. Алайда Тоқпановтың еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Менің өз ойымша театрға Тоқпановтың есімін беру керек. Өкінішке қарай, осының шешімін таба алмай келе жатырмыз. Оған не себеп екені, қайдан, қандай кінәрат табылып жатқаны белгісіз.
– Күні кеше облыста әз Наурыз кең көлемде мерекеленді. Осы орайда өткен шаққа бір шегініс жасасақ. Сіз отыз бір жыл бұрын, 1988 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы болдыңыз. Сол жылы Алматы қаласында араға 70 жыл үзіліс салып барып әз Наурыз мерекесі тұңғыш рет тойланды. Ал сол тұста біздің облыста бұл мереке қандай деңгейде аталып өтті?
– 1988 жылы облыста, ондағы барлық аудандарда Наурыз мерекесі көтеріңкі көңіл-күймен аталып өтті. Алайда біреуінікі қоюлау, енді бірінікі сұйықтау болды. Өйткені ол кезде Наурыз мерекесін өткізудің нақты қағидасы болған жоқ. 1988, әлде 1989 жылы Шымкент қаласында Наурызды өткізу турасында үлкен жиын болды. Оған алып республиканың әр аймағынан 18 делегация қатысты. Астрахань, Иркутск дейсіз бе, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттерінің де өкілдері болды. Бұл шараны Шымкент қаласында ұйымдастырудағы мақсат – қаймағы бұзылмаған оңтүстіктің тәжірибесін республикаға кеңінен насихаттау болған еді. Алайда облыстық комитет хатшысы солтүстіктен келген кісі болатын. Бұл мейрамның мән-маңызын түсіне қоймайды. Наурыздың нақышынан гөрі күнделікті өтетін спорттық жарыстар ұйымдастырылып, қала күні мерекесі сынды сипат алып кеткен сияқты көрінді. Сосын облыстың жетістіктерін дәріптеу, насихаттауға басымдық берілгендей болды. Сондықтан аты дардай жиында іліп алатын нәрсе болды деп айта алмаймын. Бірақ кейіннен Наурыз өткізу шаралары пысықталды, жан-жақты сұрыпталды. Аудандарға жеке-жеке әртүрлі сценарийлер жіберілді. Осылай-осылай мейрамды тойлау дәстүрі қалыптасты.
Бірақ осы біз мейрамды қалай тойлап жүрміз? Біз тойлап жүрген Наурыз әртүрлі мерекелер және іс-шаралармен қаншалықты үндеседі? Қаншалықты біз соны қайталап жүрміз? Наурызды тойлау ережесі сақталып жүр ме, деген сауал көкейден кетпейді. Біз іс-шараны көбірек жасап жібереміз де, оның ішкі мазмұнына мән бермейміз. Менің бала күнімдегі Наурыз мейрамы әлі күнге дейін есімде. Күн жылт еткен сәтте киіз, алашаны, көрпе-төсекті далаға шығарып жаятын. Үйдің іші-сыртын әктейді. Сосын шөпшек жинайтынбыз. Қыстай тау болып үйілген күл-қоқысты арнаулы шұңқырға көміп тастаушы едік. Үйдің айналасын тап-таза етіп жинап қоямыз. Бұл Наурызға дейін жасалатын шаралар еді. Ал Наурыз күні мейрамдаудың өз сән-салтанаты, тәртібі де болған. Әуелі ауыл ақсақалдары аяңдап бір үйге ат басын бұрады. Наурыздан Наурызға дейінгі аралықта дүниеден өткендерге Құранын бағыштап, нан ауыз тиеді. Ол кезде наурыз көжені елдің барлығы бірдей әзірлей алмайды. Мейрамдаушылар бар нәрсеге қанағат тұтып, батасын беріп шығып кетеді. Одан әлгі үйге кемпірлер, олардың ізін ала жас-жасымен, топ-тобымен мейрамдаушылардың аяғы үзілмейді. Ал жастар жағы соңғы болып әзіл-қалжыңымен, ән-жырымен думандатып жүретін. Кеш түсе ауылдың ішіндегі төбеде шалдар отырып балаларды, жастарды күрестіреді. Сонда бәйгеден озық шыққандарға үйден өздерімен бірге ала шыққан кәмпит, тоқаш, құрттың бірін береді. Сол бізге үлкен жүлдедей көрінетін. Ал қазір біз тойлап жүрген Наурыз бен қала күнінің айырмасы жоқ сияқты. Кейбір атрибуттары ғана оның Наурыз екенін айшықтап тұрады. Дәл осы мейрамда сахналанып жататын тұсаукесер, бесік той, келін түсіру, құда түсу дегеніңіз жауыр болған дүниелер. Оны қайталай берудің қажеті шамалы. Одан әдет-ғұрып, салт-санаға байланысты кейде ренжіп жатамын. Мәселен, келін түсіру мен қыз ұзату бір тойға айналып бара жатыр. Ал шын мәнінде келін түсіру қандай болуы қажет? Ал қыз ұзату ше? Қазақта бұл екеуі екі бөлек мейрам. Тіптен басқасын былай қойғанда, біз қыз ұзатуда бір көргенсіз тірлік жасаймыз. Қыз өз отауында оң жақта отыр. Тойда сол қызға бата бер, сөйле деп әурелеп жатады. Сөйлегендер әлгі қызға келесі жылы «балалы бол» деп тілек айтады. Өз үйінен әлі ұзатылып шықпаған қызға бала тапсырып беріп жатамыз. Ақылға салып қарасақ, өте орынсыз нәрсе. Содан соң қызға сәукеле кигізіп жатады. Рас, сәукеле қыздың үйінде алдын ала дайындалады. Ол салтта бар. Бірақ сәукеле қыз келін болып түскен үйінде киіледі. Ол оның келін атанғанын білдіретін атрибут. Өз үйінде отырған қызға сәукеле кигізу де көргенсіздік. Мұны бүлдіріп жатқан асабалар. Тойға қатысты қателік жіберіп жатқан тұсымыз көп. Қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын жетік білмейтін өзінің көрсоқырлығына заман ағымын кінәлап жататындар да бар арамызда.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР