Sport

Махаббатсыз дүние бос

Елімізде бірнеше жылдан бері қоғам белсенділері мен жастар ұйымдарының бастамасымен 15 сәуір — Ғашықтар күні ретінде тойланып келеді. Кешегі өткен тарихымызға бір сәт үңілсек, ауыз әдебиеті арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек, Ләйлі мен Мәжнүн бейнелері адамгершілік парасаттылығымен, сүйген жарға деген адалдығымен шоқтығы биіктеп, дараланып көрінеді. Ал, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың біздерге аңыз болып жеткен ақ ұлпадай кіршіксіз махаббатымен үндесіп жатқан Ғашықтар күнінің жыл өткен сайын салмағы артып келеді.

Иә, махаббат – мәңгілік ұғым. Ол – тағдырдың тәтті жұмбағы. Шынайы сүйіспеншілікке бөлену, шын сүюдің өзі де адамдықтың белгісі болса керек. Ғаламның мұндай ғажабына арналып ғазиз жүректерден талай ғазалдар да төгілді.

«Махаббаттың не екенін түсіндіріп бере алған адам, ғашық болып көрмеген адам» дегенді естіп едік. Сірә, шынайы махаббат сезімінің ұлылығын бұдан артық айту да мүмкін емес шығар. Дегенмен, «Дүниеде қанша бас болса, сонша ақыл бар» деп орыстың классик жазушысы Лев Толстой айтпақшы, махаббатты әркім өзінше түсінеді. Ақиық ақын Жарасқан Әбдіраш «О, Махаббат, сегіз әріп, бір арман» десе, махаббаттың құдіреттілігін сезінгендіктен болар. Әлдебіреулер үшін махаббат бір арман емес, сегіз әріп қана болуы мүмкін. Бүгін бар, ертең жоқ. Күрең кештерде қол ұстасқан қыз бен жігіт, бақ ішінде сейіл құрған екеу, қаракөлеңке бұрышта сүйісіп тұрған жастар… соның барлығы да махаббат па? Шын мәнісінде махаббаттың нақты көрінісі бар ма өзі? Бәлкім, бұл шынайы сүйіспеншілік пен алғаусыз адалдық шығар.

Ал, қазақ ақындары қалай жырлады? Мәселен, Доспамбет жырау:
Маңдайы күнге тимеген,
Желге шашын үрмеген,
Серпіліп адам бетін көрмеген,
Қалай күн кешті екен!… — дейді.
Әрине, бұл сол замандағы қазақ қызының суреті ғой. Әрі сезімнің тұнықтығы да бар. Махаббатта мерзім болмайды, оның ғұмыры мәңгі.
Расымен-ақ, біздің бүгінгі таңдағы махаббат туралы, екі адамның сүйіспеншілігі жайлы түсінігіміз қандай? Махаббат деген тек отбасын құру ғана ма?!
Осы өмірге лайық,
Отты жағып жар-жар.
Келеді әне екі жас,
Топты жарып, жар-жар…

Бозбалалық кезеңде сүйген сұлуына аужар айтып, сол түні онымен серт байласып, жұлдыз ауғанда алып қашып, ертесіне жар-жарды жабыла шырқап жататын кезеңдер де адамның ең бір аяулы сезімін қозғап, тәтті мұңын оятады. Отбасын құру, алдымен абзал жар, кейіннен аяулы ата-ана атану әрбір адам баласының парызы. Алладан адамға берілген бұйрықтардың бірі де ұрпақ өрбітіп, оны іліммен сусындаған жан-жақты саналы азамат етіп қалыптастыру.

Ал, үйленіп, отбасы құру да сүйіспеншілік сезімімен іске асатын дүние. Ұрпағын «Он үште отау иесі» деп түсінген халқымыз үшін отбасын құрудың жауапкершілігі өте жоғары болуы тиіс. Алайда, бүгінде «Отбасын құруға жастар немқұрайды қарайды» деген пікір жиі айтылуда. Десе де, көпке топырақ шашуға тағы болмайды. «Бұйрық болған күні бір шүйкебасты қолына қондыратын шығар» деп отыратын әжелердің келіні болуға лайықты қазақтың қыздары да жетерлік. Бірақ, «заман басқа, заң басқа» дегендей, қазір сананы тұрмыс билеген уақыт. Сондықтан, әркімнің де заманауи тұрғыда өмір сүргісі келеді. Айтары жоқ, ол, әрине, қаражатқа келіп тіреледі. Қазіргі тағы бір қасаң түсінік, басында пәтері, астында темір тұлпары бар кез келген жігіт отбасын құруға дайын. Отбасы болып, дұрыс өмір сүру үшін ол да керек шығар мүмкін. Бірақ, ішкі дайындықты есепке алып жатқан кім бар?

Сондай-ақ, қазіргі жастардың арасында махаббат пен сезімге сенбейтіндер де жиі кездеседі. Олардың түсінігінде ғашық болу деген сөздің өзі де бекер болып шығады. Демек, олардың ойынша отбасын құру үшін өліп-өшіп ғашық болу шарт емес. Қозы мен Баянның, Төлеген мен Жібектің мәңгілік махаббатын сәті келген кездесу деп қана түсінетін жастар үшін отбасылық өмірдің маңызы қаншалықты болды екен? Ал, махаббаттың құны ше?. Міне, осы тұрғыдан келгенде Ғашықтар күнін атап өтудің, оның мәнін терең ұғынудың маңызы зор. Біз тілдескен жастардың тұжырымдары да осыған саяды.

Еркебұлан АБАСОВ, Хантау ауылдық округінің әкімі
– Жасыратыны жоқ, мектеп қабырғасында жүрген кезімізде барлығымыз «Әулие Валентин» күнін асыға күтетінбіз. Қала базарларынан түрлі сыйлықтар алып, бір-екі апта бұрын дайындықты бастап кететінбіз. «Мереке жақындағанда базар сөрелерінде түрлі-түсті қағаздан жасалған жүрекшелер мен ленталар, қос ғашықтың суреті бейнеленген қызылды-жасылды бұйымдар көздің жауын алып, жайнап тұратын. Шынымен-ақ, ол кезде жастардың көзқарасы мүлдем бөлек болатын. Әрі, 15 сәуір Ғашықтар күні ретінде белгіленбеген де еді. Ал, қазіргі жағдай мүлдем бөлек. Жыл өткен сайын Ғашықтар күні мерекесінің мән-маңызы артып келеді. Тиісінше, қазіргі замандас­тарымыздың арасында осы күнді асыға күтетіндері көп.

Алдағы уақытта мерекенің жалпы халықтың қолдауына ие болуы үшін біршама жұмыстар атқарылуы тиіс деп ойлаймын. Әр дәуірдің өзінің Қозысы мен Баяны болады. Уақыт өте келе, олардың есімдері де тарих парақтарында алтын әріппен жазылып қалуы ғажап емес. Сол себепті, тарихтан аты мәлім махаббаттың шынарындай болған ғашықтардың, бүгінгі ортамызда жүрген үлгілі, өнегелі жұптардың өмір жолын жастарға үлгі етіп, насихаттай білуіміз керек секілді.

Егер де бүгінгі жастарымыз Алпамыс пен Гүлбаршын, Қобыланды мен Құртқа, Қамбар батыр мен қыз Назым, Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Сейфілмәлік пен Жамал, тіпті, кешегі Естай мен Қорланның арасындағы махаббаттан хабардар болса, соларды оқып-сусындаса, «Әулие Валентин» күніне деген көзқарастары да түбегейлі өзгеретіндігі сөзсіз. Сондықтан да, қоғам болып төл мерекеміздің тынысын кеңейте түскеніміз абзал.

Ақмарал УСУМБАЕВА, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының консультанты
– Замандастарым үшін Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббатына негізделген Ғашықтар күнінің тағылымы мол деп білемін. Осы дата арқылы қазақ жастары өз тарихымызды біліп, махаббаттың қадірін түсінеді. Облыс орталығында бұл мереке жыл сайын тойланып келеді. Сондай-ақ, елімізде ұлттық мәдениетімізге, халқымыздың салт-дәстүрлері мен адамгершілік рухына негізделген жаңа тұрпатты мереке дәстүрге айналғанын мақтанышпен айтуға болады. Түрлі шаралар өтіп жатады. Дегенмен, біз тек мұнымен шектеліп қалмауымыз керек. Жарнамасы, насихатталуы қалай болса – нәтиже солай. Әрине, құр ұрандата бергеннен ештеңе өзгермейді. Сол себепті, нақты жоспарлы жұмыстарға көшкен жөн. Мәселен, түрлі сыйлықтар, билбордтар және өзге де ұсақ-түйектерден бастап, көлемді шараларды қолға алсақ құба-құп. Сондай-ақ, жастар саясатымен айналысатын құзырлы мекеме мереке­нің мән-маңызын арттыру мақсатында жұмыс жасаса жөн болар еді.

Түптеп келгенде, өзгенің қаңсығын таңсық қылғанша, өз мерекемізді насихаттайтын уақыт жеткен секілді. Енді мерекені ұлттық дәстүрлерімізбен сабақтастырып, одан әрі байыту, әрі қарай жалғастыру — қоғамның, әсіресе жастардың міндеті.

Нұрлыбек ҚҰРМАНОВ, айтыскер ақын
– Думандатып тойлап жүргенімен, жастардың көпшілігі «Әулие Валентин» күнінің тарихын білмейді. Сөйтіп арзан сезімге бой алдырып, бір-біріне сыйлық ұсынып жатады. Біле білсек, бұл мереке Еуропадан келген біздің дінімізге, қазақы салт-дәстүрімізге жат. Сондықтан, бұл күнді мереке ретінде қабылдап, тойлауға мүлде болмайды деп есептеймін.

Біз қай кезде болмасын не нәрсені де салыстыра кетуге даяр тұрамыз ғой. Мәселен, Өзбекстанның құзырлы орындары ұлттың ұлы құндылықтарына көлеңке түсіретін жат әдеттерге тосқауыл қоюда. Соның бір дәлелі 14 ақпан — «Әулие Валентин» күнін атап өтуге тыйым салынған. Есесіне, сол күні «Тәуелсіздік» сарайында өтетін «Махаббат күні» шаралары салмақты да салиқалы мерекемен алмастырылған екен. Сол секілді, бұл мерекені атап өтуге Түркіменстанда да тыйым салынған.

Елімізде 15 сәуір — Ғашықтар күні болып белгіленгенімен, әлі де болсын «Әулие Валентин» күнін тойлайтын жастар көп. Ендеше, бізге де бұл датаны атап өтуге тыйым салатын кез келді деп есептеймін.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР