"Тарих. Таным. Тағылым."

Мақтаншақтық емес, болашаққа жол салу

Written by Aray2005

Күні кеше ғана еліміз Тұңғыш Президент күнін атап өтті. Қаншама жүрекжарды сөздер, көңілдегі саналы ойлар айтылды десеңізші. Елбасының атына қандай жылы сөз айтса да жарасады. Елбасы соңғы жылдары қазақ халқының ұлттық санасының шуағын молайту, көңілге нұр құю, рухымызды асқақтату бағытында ұшан-теңіз жұмыстар атқарғанын қалың көпшілік жақсы біледі.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларына дейін осындағы сан қырлы ойларды айтуға жетелейтін, халықтың санасына серпіліс әкелген іс-шараларды мақсатты түрде, жүйелі жүзеге асырды. Қараңызшы, «Мәңгілік Ел» деген мағыналы сөз тіркесін көпшілік айтпай тұрғанда Президент бастамасымен еліміздің жүрегі Астанада «Мәңгілік Ел» қақпасы салынды. Кезекті Жолдауында қазақ халқының арман-тілегі Мәңгілік Ел болу екенін жария етті. Одан кейін күн сайын сәулеті сәнденген елордада «Қазақ Елі» атты монументалды ескерткіш орнатылды. Көп уақыт өтпей «Ұлы дала» деген ұғым санамызда жатталды, күнделікті өміріміздің өзегіне айналды. Бәрімізге етене жақын болды. Күні кеше ғана Оңтүстік Қазақстан облысының атын «Түркістан облысы» деп атаудың өзі бүкіл түркі жұртшылығын қазақ жеріне жақындата түсті. Солай болуы керек екенін айқындай отырып, рухани жаңғыру күллі түркі жұртшылығына ортақ мақсат екенін еске салғандай болды. Міне, осының бәрі Елбасының көрегендік саясатының нәтижесінде жүзеге асырылды. Рухымыз көтерілді. Шаттандық. Президенттің бастамасымен жүрек түкпірінде жатқан асылымыз бұлқынып алға шықты.
Біз көп теперіш көрген халықпыз. Бірақ ұлтымыздың ақылы мен ар-ожданы, жарқын күнге ұмтылысы, соған сеніп, төзімділікті серік ете білуі, ең бастысы, бостандық үшін күресін әлсіреткен тұстары болғанымен тоқтатпағаны қазақ халқын жер бетінен жойылып кетуден сақтады. Ең алдымен Елбасы: «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту» өте маңызды екенін атап көрсетті. Тозақтың қыл көпірінен өткендей болған халқымызға шаттанатын, мақтанатын кез келді. Қанша қиын күндерді басымыздан өткізіп, еңсеміз түскенімен езілмеген халыққа қуаныш керек. Сол қуанатын, мақтанатын тұстарымызды Елбасы алтын жүрекпен жазып берді.
Санамызға тағы да серпіліс әкеліп, жаңа леп, жылы самалын соқтырған, ұлтжандылық қасиетті дарытқан Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» тарихи бағдарламалық мақаласы әрбір қазақ үшін рухани жаңғырудың қазынасы. Рухты жаңғыртпайынша қай салада болмасын даму болмайтындығын жете түсіне білген Мемлекет басшысы әлемдік өркениетке, оның ішінде мәдениетке, тарихқа, қажет десеңіз тұрмысқа әсер ету бағытында Ұлы даланы мекендеген ата-бабаларымыздың өлшеусіз үлес қосқанын бар дауыспен айтуы әрқайсымыздың бойымызға сарқылмас рухани күш құйды.
Елбасы айтқан Ұлы даланың жеті қыры туралы аз да болса халқымыз білетін. Сөз арасында мақтанып та қоятын. Асау тарпаңды алғаш ауыздықтап мінген, металлургияны тұңғыш меңгерген, әлемге қызғалдақ пен алманың дәнін сепкен, түркі әлемінің алтын бесігі, қалаларымыз Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны атанғанын, осы жерді мекендеген халықтың мәдениеті біздің дәуірімізге дейін салтанат құрғанын айғақтайтын Алтын адам кең жазираның иесі болғаны жөнінде айтып та, жазып та жүргенбіз. Алайда, олар Президент жазғандай жүйеленген емес-ті. Көпшіліктің бәрі бірдей мойындай бермейтін. Ендігі жерде Ұлт көшбасшысының қаламынан туындаған мақтан тұтар шыққан биіктерімізді қай-қайсысымыз болса да бар дауыспен айта аламыз.
Жылқы әрқашанда халқымыз үшін қасиетті. Ат тұяғының дүбірі қазақты ұйқысынан оятып, дархандыққа, ерлікке бастаған. Ұлан-ғайыр жерге ие болып қалуымыздың өзі жылқының жалын тартып, жауымызға атойлап шапқанымыздың жемісі. Қазақ пен жылқы егіз ұғым. Ата-бабаларымыз Ұлы далада алғаш асауды ауыздықтаған болса, Жамбыл жерінің Абсент атты сәйгүлігі бұрынғы «СССР» атты империяда тұңғыш рет 1960 жылы Рим Олимпиядасында билеп чемпион, төрт жылдан кейін Токиода күміс жүлдегер болғанын қалайша ұмытамыз. Сәйгүлігіміздің жеңістерінен шығармашылық нәр алған марқұм Бақтияр Әбділдаұлы ағамыз Абсент туралы жазған повесінде өзінің журналистік, жазушылық, тарихшылық қырынан көрінгенін, сол шығармада жылқы қазақтың жаны, болмысы деген ойлар айтқанын қалайша еске алмаймыз.
Ұлы даланың өркениетке қосқан үлесі жөнінде сөз еткенде, Тараз өңірі сол өркениеттің бел ортасында немесе алдыңғы сапында болғаны белгілі. Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны болған Таразды орта ғасырда жырламаған шығыстың шайырлары болмаған. Бүгінгі күні тарихшылар Ұлы Жібек жолынан бұрын және сонымен сабақтаса біздің өңірде «Тараз жолы», «Тараз сауда жолы» деген өркениетке бастаған қарым-қатынас сауда, экономика жолы болғаны жөнінде айтып жүр. Металлургия турасында айтқанда, Таразды мекендеген халық та дамудың сол кілтін ұстап, одан сырт қалмағандығын айғақтайтын дерек жеткілікті. Құпияға толы Ақыртас кешенінің маңында алтын балқытып, Тектұрмастан бағалы металды қазып алған ізі сайрап жатыр. Ал, Талас ауданындағы Қызыларық ауылының жанында шойын қорытқанымызды айғақтайтын орындарды бұдан көп жылдар бұрын археологтар мен тарихшылар анықтаған. Сол жерді жергілікті халық қазір де «Шойын қорытқан» деп атайды. Бұл салада білгенімізден білмегеніміз көп. Көпшілік біле бермейтін, құпиясын бүгіп жатқан археологиялық қазба байлықтар мол екенін біз жақсы білеміз.
Осы орайда, Елбасының тарихи-археологиялық қозғалыстар құру туралы тапсырмасы бізді жаңа жасампаз жолдарға бастайды. Президенттің мақаласы барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуге үндейтіндігін бір сәтте ұмытпаған жөн. Сондықтан да тарихи-археологиялық қозғалыстар құрумен бірге Жамбыл өңіріндегі ортағасырлық қалалар мен қамалдарды, сақ қорғандары мен төрткүлдерді зерделейтін археологиялық зертхана ашуды қолға алатын кез келді. Құндылықтарымызды топырақтан аршып алу бүгінгі таңда өте өзекті.
Осындай ұстанымды басшылыққа алған Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов үстіміздегі жылы ел жақтаған оң істің бастамашысы болды. Бақалы ауылының жанындағы әртүрлі ғасырларда салынған және өмір сүрген екі қаланың орнына қазба жұмыстарының жүргізілуіне ықпал жасады. Жамбылдық археолог Сауран Қалиев бастап, алматылық археолог-ғалым Дөкей Талеев қоштап қазба жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде ортағасырлық Баркуаб қаласы мен біздің дәуірімізге дейінгі Қаңлы мемлекетінің қаласының орны табылды. Күні кеше ғана дүниеден өткен атақты археолог-ғалым Карл Байпақов табылған қала жұртын күзде келіп көріп, оның біздің дәуірімізге дейінгі І-V ғасырлардағы Қаңлы мемлекетінің тұсында салынғанын сенімді түрде айтып, нақты жәдігерлермен дәлелдеп бергенінің куәсі болған едік. Мұны Жапония ғалымдары да айғақтап отыр. Қала жұртынан Жапонияға жіберілген топырақ пен күлді зертхана зерттей келіп, олар бұл заттардың біздің дәуірімізге дейінгі кезеңге тән екенін анықтады. Енді басталған іс тоқтап қалмай одан әрі жалғастырылса, талайларды тамсандыратыны айдан анық. Қазір жер астының терең қабатынан табылған адамның бас сүйегі Мәскеу зертханасына жіберілді. Оның нәтижесі де көп нәрсені нақты айтуға жол ашатыны сөзсіз.
Осылайша Бақтияр Көпбосынов сияқты басқа да аудан басшылары қаржы бөліп, археологиялық жұмыстар жүргізе білсе, белгісіз болып келген тарих беттері ашылады. Өкінішке қарай, облыс аумағындағы ескі қалалар мен қамалдарға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмегендіктен, жабайы түрде жұмыс жүргізетіндер көбейді. Олар негізінен құнды заттарды іздестіреді. Бұл жер астындағы қазынамызды бүлдіреді, құртады, қолды етеді. Сондықтан ондайларға жол бермеу амалдарын қарастыру керек. Сонымен бірге Ұлы далада көптің көзайымына айналып отырған табиғи байлықтарымыз да жеткілікті. Ол – Елбасы баса айтқан қызғалдақ пен алма.
Жамбыл жерінде қызғалдақ та, сарғалдақ та және алма да өседі. Бәйшешек те қызғалдақтың бір түрі екенін ұмытпасақ. Жамбыл өңірінің барлық жерінде әлемді тамсандырып жүрген «Голландия қызғалдағы» атауына ие болған керемет гүл өседі. Қызғалдақты айтсам, көз алдыма Жуалы ауданындағы Қызтоған елді мекенінің маңында, Түркістан облысымен шектесер тұста аумағы атшаптырым жерде жайқалып өсіп, даланы қызыл шапаққа орайтын, көздің нұрын алатын, керемет керім көрініс келеді. Осы жермен Қаратау жоталары арқылы ұштасып жатқан Берікқара шатқалына келсеңіз, бір емес, екі емес, түрі де, түсі де бес түрлі қызғалдақты көріп, таңдай қағасыз. Сол қызғалдақты өңірлерді сақтап қалу бағытында игі шараларды жүзеге асыру аса маңызды. Қазақ жерінде өсетін қызғалдақтар әлдебіреулердің атымен аталатыны өкінішті-ақ. Қызғалдақпен бірге аппақ қозықұйрық та сол жерлерде. Сол сияқты Жуалының Алатау ауылының маңында ғана қозықұйрықтың аса бағалы, емдік қасиеті жоғары түрі қозықарын өседі. Көктемде жергілікті тұрғындар оны теріп, дайындаушыларға келісін 1 200 теңгеден сатады.
Мен өзім көргенімді және білетінімді ғана жазып отырмын. Облысымыздың өзге өңірлерінде де осындай байлықтарымыз болуы әбден мүмкін. Табиғат-Ананың бізге берген сыйын сақтап, қорғай білу парызымыз. Сол үшін жабайы алма өсетін алқапты, қызғалдақты даланы есепке алып, белгі қоюдың артықшылығы жоқ. Бұл ғасырлар бұрын Ұлы даланың ұлы перзенттері де тамсана көрген табиғи байлығымызды Мәңгілік Елдің ұландарының көзайымына айналдыру үшін қажет.
Ұлы даланың ұлы есімдері туралы айтқанда, ең алдымен аузымызға Мұхаммед Хайдар Дулати түседі. Ол «Тарихи-и-Рашиди» атты кітабында әкесі Баласағұнда, өзі Алмалықта туған Жамал әл-Қаршиді ұлы ұстазым деген. Әлемге мәшһүр ғалым, тіл, дін, діл танушы, тарихшы, жағрапияшы, саяхатшы Жамал Қарши Қарахан кесенесінің жанында жатқан Дәуітбек туралы көпшілік біле бермейтін өте құнды деректерді жазып қалдырған. Ел-жер аралап жүріп, кезінде таластық (тараздық) Ұлұғ-Білгі Дәуітбекпен танысып, оның данышпандығы мен ақындығы туралы тебірене жазады. Оның ұлы ойлары мен ұстаздық жолын айтып, ақын болғанынан хабардар етеді. Ұлы ойшылдың Таразда жерленгенін, тіпті басына құлпытас қойылғанын да жазып қалдырған. Тарихшының Ұлұғ-Білгі деп отырғаны бізге жақсы белгілі, Таразда кесенесі орын тепкен Дәуітбек. Оның кесенесінің маңдайшасына «Қаза табушы семсерді де, қаламды да шебер меңгерген. Құран мен мұсылмандардың қорғаушысы болған», деп жазылуы оның ел билеушісі және ойшыл, данышпан болғанын айғақтайды. Жалпы, Тараз және оның билеушілері туралы бұдан да басқа мәліметтерді келтіреді. Мәселен, Жамал өзінің замандасы Шағатай ұлысының билеушісі Қайду ибн Қыстай туралы айта келіп, оның 1271 жылы қыркүйек айында Тараз қаласында таққа отырғанын жазып қалдырған. Тіпті, өзінің оның қабылдауында екі рет болып, сыйлық алғанын да айтады. Бұл Тараздың талай билік еткендердің басты қаласы болғанын дәлелдейді. Айта берсек мұндай мәліметтер жеткілікті. Тек оны таба білу, түсіне білу керек. Сонда ғана біз Ұлы даланың ұлы есімдерін анықтаймыз, таба аламыз.
Бүгінгі күні орта ғасырда Таразда туып, өмір сүрген ғұлама Таразилер туралы жиі әңгіме қозғалуда. Ұлыларымызды ұлықтауда бұл сөзді нақты іске айналдыру өте маңызды. Ол үшін архивтерде, шетелдерде жұмыс істей алатын мамандарды топтастыру, даярлау қажет екенін де ұмытпағанымыз жөн. Алысқа бармай-ақ облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ХІХ-ХХ ғасырларда айтылған, ел аузында қалған, ғылыми-зерттеу институтында сақтаулы қолжазбаларды саралап, зерттеп, біздің өңірге қатысты дастандар мен жырларды, тағы да басқа дүниелерді жинастыруда биыл үлкен шаруаның басын қайырды. Сол кезеңде айтылған, жазылған шығармалардың бес томдығын дайындады. Бұл салада айтыскер ақын Ахметжан Өзбековтың атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Әрқайсысы отыз баспа табақ болатын бес кітапта бұрын еш жерде жарияланбаған шығармалар бар. Бөлтірік шешен, Тұрар Рысқұлов, тағы да басқа тұлғалар туралы дастандар, ақындар айтысы, жырлар мен аңыздар шын мәнінде алтын қазына. Мұның өзі осыған дейін мұрағаттар мен қолжазбалар қорында жұмыс істемегенімізді көрсетеді. Ахметжанның айтуынша, әлі алтын қорымызға қосылатын шығармалар аз емес. Тек қолдау қажет. Елбасының мақаласы бұрын бар болса да қозғалмай жатқан осындай дүниелерді жарыққа шығаруға жол ашатыны анық.
Ұлттық тарих – рухани байлығымыздың өзегі. Оны жаңғыртуда және жинақтауда «Архив – 2025» бағдарламасы ерекше рөл атқаратыны түсінікті. Қазір шетел архивтерімен байланыс орнатып, олардағы біздің өңірімізге қатысты тарихи деректердің көшірмесін алу аса маңызды. Тағы бір ортаға салатын мәселе, Қырғызстанның Талас облысының аумағында «Талас жазуы» деп аталатын тарихи тас ескерткіштер бар. Тасқа қашалып жазылған тарихи жәдігердің біздің өңірімізге қандай қатысы бар екендігін көп жылдардан бері Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, сына жазуын зерттеуші Ерболат Саурықов студент кезінен Талас жазуларын зерттеп, зерделеген. Қазір орайы келсе сол жазулардың көшірмесін облыстық тарихи-өлкетану музейіне қою керек.
Елбасының бұл мақаласы мақтаныш үшін жазылмаған. Айтылған салиқалы, жасампаз ойлар жарқын болашаққа, ұлы істерге бастайды.

Мақұлбек Рысдәулет,
жазушы, деректанушы

ПІКІР