Мал азығын дайындау – маңызды мәселе

0 13

Бүгінгі технология қарыштап дамыған заманда мал шаруашы­лығында азықтандыру мәселесі көбіне табиғи жайылымдар мен шабындықтардың әлеуетіне әлі де тәуелді болып отыр. Жаңа технологиялар бізге мал азығын дайындау ісін қазіргі заман тұрғысынан толық шешудің тың мүмкіндіктерін ұсынғанымен, біз оны толық пайдалана алмай келеміз. Демек, елімізде мал шаруашылығын қарқынды дамыту мәселесі әлі де болса аса өткір күйінде қалуда. Мысалы, сүрлем мен пішендеме дайындау технологиясының мүмкіндіктері толық игерілмеген. Сол себепті кейбір өңірлерде шаруашылықтардың көпшілігі дайын шөптің тапшылығын сезінуде. Шөп тапшылығы қысы ұзақ солтүстік өңірлерге ғана тән емес, сонымен бірге оңтүстік өңірлерде де сақтық қоры ретінде қажет екенін уақыт дәлелдеді.
Шөбі шүйгін болып келетін Жуалы ауданында да былтырдан бері мал азығының тапшылығы сезіліп отыр. Бұл бір жағынан көктемде жауын-шашынның аз түсуіне байланысты болғанымен, дәл шөп науқаны кезінде аудан шаруашылықтарында дайындалған шөптің көп бөлігінің сырт аудандарға саудалануынан да туындап отырған мәселе деп айтуға болады. Шөптің сыртқа сатылуы, ең біріншіден, бағаның үш-төрт есе көтеріліп кетуіне де себеп болып отырғанын айтуымыз қажет. Осыдан шөп тапшылығымен қатар, аудан тұрғындарына шөптің қолжетімсіздігі туындайды.
Әрине, бұл – нарықтың заңы. Осыған байланысты мал азығының берік қорын жасау үшін басқа да әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланған жөн. Бұл маңызды мәселе аудан әкімі Олжас Қаржауовтың да тұрақты назарында. Аудан басшысы Жуалыға әкім болып тағйындалғалы бергі уақыт аралығында ауылдық округтерге жұмыс сапарымен барған сайын ондағы шаруалар мен тұрғындарға мал азығы және жайылым мәселелерін шешу мақсатында өндірістік кооперативтерге бірігудің маңыздылығын айтып, осыған сәйкес ауылдық округтерде сүрлемдік жүгері алқаптарының көлемін ұлғайтуды ұсынуда. Бұл жұмыс өз кезегінде сапалы әрі құнарлы мал азығын дайындауға мүмкіндік бермек.
Апта ортасында аудан басшысы мал азығын дайындау мәселелері бойынша бірқатар шаруамен кездесу өткізді. Кездесу барысында тамшылатып суғарудың маңыздылығы мен мал азығын дайындаудың технологиясы кеңінен талқыланды. Аудан әкімі Олжас Есалханұлы шаруаларға мал шаруашылығын дамыту ісінде ең алдымен жемшөп қорын дайындаудың және жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мәселелерін айта келе, сүрлем, пішендеме әзірлеудің тиімділігіне тоқталды. Егер осы жұмыстар жүйелі әрі жоспарлы түрде қолға алынатын болса, аудандағы ірі шаруашылықтар арқылы тұрғындарды арзан мал азығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Әрине, ол үшін сүрлемдік жүгері мен көпжылдық шөп алқаптарының көлемін ұлғайтуымыз қажет. Жиын барысында аудан басшысы О.Қаржауовтың бұл ұсынысын ірі шаруа қожалық басшылары да құптай отырып, мал азығын дайындау мәселесі жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Ауданда шөп науқанының барысы, оның бағасы туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтан сұрап білген едік.
– Қазір ауданда шөп ору науқаны қарқынды жүруде. Мал азығы дақылдары ауданда 32 920 гектарда орналасқан. Оның ішінде өткен жылдардағы көпжылдық шөп – 28 470 гектар, егілген таза жоңышқа – 3 700 гектар, сүрлемдік жүгері – 750 гектар. 2021 жылдың жоспарына сәйкес, шаруалардың алдында 135 000 тонна пішен, 11 000 тонна пішендеме,
12 000 тонна сүрлем және 16 800 тонна сабан дайындау міндеті тұр.
Бірінші кезекте шаруалар тарапынан пішендеме дайындау басталып, 23 420 гектар көпжылдық шөптер орылып, нәтижесінде 8 772 тонна пішендеме және 77 104 тонна шөп дайындалды.
Шөп бағасына келер болсам, қазіргі таңда шаруашылықтардың егістік алқаптарының басынан тайланған шөптің бір түгі 1000-1200 теңгенің көлемінде сатылуда.
Сапалы мал азығын (пішендеме, сүрлемдік жүгері) дайындау мақсатында аудан көлемінде өндірістік кооперативтер құрылып, биыл бес кооператив 127 гектарға жүгері дақылын екті. Агротехникалық шараларды сақтай отырып, жыл аяғына дейін 7000 тонна көлемінде сүрлемдік жүгері дайындалады деп күтілуде. Барлық егілетін егіс көлемі 750 гектарды құрайды.
Қолда бар 270 мың мал басына қажетті мал азығын дайындау үшін дақылдар бойынша техникалық карта жасалып, шығындары анықталып, мал азығының балансы дайындалды. Негізінен сүрлемдік жүгері көптеп егілсе, шаруашылықтар мал азығынан қысылмайды, – дейді Рақымғазы Нұрғазыұлы.
«Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» демекші, біріккен істе берекенің болары сөзсіз. Аудан шаруашылықтары мал азығының тапшылығын өндірістік кооперативтерге бірігу арқылы да шешуге болатынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Тайланған шөп бағасының қымбаттауына да байланысты сүрлемдік жүгері алқаптарының көлемін ұлғайтсақ, мал азығының тапшылығы да бірте-бірте шешілер еді. Әрі қарапайым тұрғындарға да қолжетімділігі арта түсері сөзсіз. Аудан басшысының да айтып отырғаны осы. Жаңа технологияларға негізделген мұндай ұтымды ұсынысты шаруалардың қолдайтынына сенеміз.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.