Қоғам

Мал дәрігерлерінің еңбегі мақтауға лайық

Аймақта эпизоотикалық және эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты болуында, әсіресе құтыру, сібір жарасы, эхинококкоз, альвеококкоз секілді малдан адамға жұғатын аса қауіпті аурулардың ошағын дер кезінде анықтап, оның алдын алуда мал дәрігерлерінің біліктілігі маңызды рөл атқарады.

Жалпы, облыстағы 154 ветеринариялық пункт пен 11 коммуналдық кәсіпорында 820 орта және жоғары білімді мал дәрігерлері жұмыс істейді екен. Жуырда журналистер қауымы сала мамандарының қызметімен жақынырақ танысу мақсатында Т.Рысқұлов, Қордай, Мойынқұм, Шу аудандарында ұйымдастырылған баспасөз турларына қатысты. Сапар барысында аталған аудандарда облыс әкімі А.Мырзахметовтің тікелей тапсырмасына сәйкес, талапқа сай ветеринариялық пункттердің бой көтеріп, арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталғанының куәсі болдық.

– Мал дәрігерлерінің жұмысы екпе егіп, қан сынамаларын алу, ауру ошақтары жойылмаған мал жайылымдарын қоршаумен, қауіпті аймақ екенін ескертетін тақтайша орнатумен шектелмейді. Алдымен әрбір ауылдық округтегі мал дәрігерлік пункттер халықаралық ветеринария талаптарына сай келуі тиіс. Препараттардың дұрыс сақталуы үшін арнайы қоймалар, мал өлекселерін тастайтын биотермиялық шұңқырлар, ауру малдарды жоятын, соятын, өртейтін крематорий немесе инсинераторлар болуы керек. Бүгінде бұл талаптар орындалу үстінде. Өйткені, бұған аймақ басшысы Асқар Исабекұлы жіті назар аударып отыр, – дейді облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы ауыл шаруашылық өнімдерін бірдейлендіру бөлімінің басшысы Қанатбек Қартабаев.

Журналистер алғаш болып ат басын бұрған Т.Рысқұлов ауданында алдағы осы шілдеде заманауи типтегі 7 нысан пайдалануға берілмекші. Қараша айында тағы осыншама ғимарат бой көтереді. Аудандық «Ветеринариялық қызметі» кәсіпорнының басшысы Серікбай Далибаевтың айтуынша, мекемеде 110 адам жұмыс жасаса, оның 95-і мал дәрігері. Шілде айында мекеменің жеке табысы есебінен салынған Құлан ауылдық округінің мал дәрігерлік пункті пайдалануға берілмек. Оған 3 миллион 200 мың теңге жұмсалыпты. Нысанда қолдан ұрықтандыру, ота жасау бөлмелері, жертөледе дәрі-дәрмек сақтайтын қойма да қарастырылған. Маңайын­да мал қамауға, емдеуге арналған қоражай бар.
Қордай ауданында жаңадан салынатын 8 ғи­ма­ратқа бюджеттен 33 миллион теңге бөлініп­ті. Аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Қожабергенов бруцеллез ауруын анықтау үшін төрт түліктен қан сынамалары алынып, ветеринариялық зертханада тексеріліпті. Соның арқасында ауруға шалдыққан 33 ірі қара мен 238 уақ мал оқшауланып, олар санитарлық союға жіберілген.

Ал, Мойынқұм ауданының Кеңес ауылдық округіндегі Айдарлы ауылына соққанымызда ауыл маңында 430 бас малдың тоғытпаға түсіп жатқанын көрдік. Аудандық ветеринария қызметі мекемесінің маманы Ернұр Нәдірқожин округтегі 2 мүйізді ірі қараның 1 мың 800-і, 17 мың 115 уақ малдың 11 мыңы дәрілеуден өткенін айтады. Ірі қаралар үшін екі «ДУК» автокөлігі тартылыпты. Аймақта бас-аяғы осындай 8 мал тоғытпасы бар. Биыл шаруа қожалық иелері есебінен 6 бірдей ескі тоғытпалар жөндеуден өткізілмекші. Аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Мақсат Малбағаров былтыр аудандық бюджет есебінен 25 миллион теңгеге Кеңес, Бірлік, Биназар, Көкжелек, Жамбыл, Қылышбай, Құмөзек ауылдарының ветеринариялық пункті үшін арнайы ғимарат сатып алынғанын тілге тиек етті. Ағымдағы жылы 26 миллион 350 мың теңгеге Мойынқұм, Ұланбел, Мыңарал, Шығанақ, Күшаман, Ақсүйек, Хантау ауылдарына осындай ғимараттар сатып алу жоспарланып отыр екен.

Шу ауданында да мұндай бағыттағы жұмыс­тар жүйелі жүргізілуде. БАҚ өкілдері мұндағы Ескі Шу ауылдық округіндегі жаңадан салынған мал дәрігерлік пункттің ғимаратымен танысты. Балуан шолақ, Қонаев, Төле би ауылдық округтерін де аралап көрді. Балуан Шолақ ауылында мал дәрігерлік пункт үшін құны 7 миллион теңгелік ғимарат сатып алынған екен. Біз барғанда ауыл тұрғындарының 160 сиыры кенеге, қотырға қарсы дәріленіп жатты. Мал дәрігері Марат Сағындықовтың айтуынша, барлығы 1 мың 800 мүйізді ірі қараның ішінде дәріленуі тиіс әлі 250-дей сиыр бар көрінеді.

Жайшылықта мал дәрігерлері жұрттың есіне түсе бермейтіні шындық. Сондықтан да, ауыл шаруашылығының өркендеуіне сүбелі үлес қосып отырған ветеринария саласы қызметкерлерінің жұмысын дәріптеу артықтық етпес. Өйткені, олар өз мамандықтарын мақтаныш тұту арқылы жұмысын ширата түссе, салада салғырттыққа жол берілмейді.

Н.Болатұлы

ПІКІР