«Малшылар мектебін» ашу қаншалықты қажет?

0 26

Қазақ халқының маңдайына біткен баға жетпес байлығы – оның кең байтақ жері. Ата-бабадан қалған осы байлықтың мұрагері болып отырған халықты айтпағанда, иен даланың иесіз емес екенін білдіретін негізгі белгінің бірі – төскейдегі төрт түлік. Егер елімізге аяқ басқан келімсек немесе туристер қайда барса мыңғырған малға кезігетін болса, олар жердің иесіз, киесіз емес екенін ұғынар еді.

Оның үстіне бабаларымыз «дала малды, мал қазақты асырайтынын» әу баста-ақ айтып кеткен. Бұл кесімді пікір әлі де өзектілігін жойған жоқ. Өйткені халық тұтынатын азық-түлік тауарларының дені ауыл шаруашылығы өнімдері есебінен өтелетіндіктен, ел экономикасындағы мал шаруашылығының алатын орны маңыздылығын жоймайтыны хақ. Сондықтан да мемлекетіміз әр кез мал шаруашылығын дамытуға қатысты сан түрлі кешенді бағдарламалар қабылдап, шаруаларға қолдау көрсетумен келеді. Осыны сәтті пайдаланған мал бағуға ебі бар шаруалар аз жылда қорасынан мыңғыртып мал өргізді. Қолына 5-10 тұяқ біткен бірен-саран ауыл тұрғындары да таңмен таласа тұрып, бейнет соңында жүріп, мал басын төлі есебінен көбейтуге күш салып, іргесін кеңге жая бастады. Заман талап еткен үрдіспен ауылдағы кез келген ағайын атакәсіпке бет бұрып, елдегі түлік санын көбейтсе, мемлекетіміздің жаман болмайтыны анық.
Бірақ фермерлік шаруашылық құрудың, мал ұстаудың өзіндік машақаты, шаруаның қолын байлайтын кедергілердің бар екені осы күні қоғамда жиі көтеріліп жүр. Солардың бірі – маман тапшылығы. Бұған дейін шаруалар тарапынан механизатор, мал дәрігері, зоотехник, осеменатор секілді мамандардың тапшы екені сан мәрте мәселе ретінде көтерілгеніне куә болғанбыз. Енді ол аздай, осы күні мал шаруашылығы саласында қолға алған тірліктің кежегесін кейін тартатын, саланың дамуына тұсау боп тұрған фактор ретінде тапшы мамандықтар тізіміне қойшы да енді. Бұрын ілуде біреу «малшы керек» деп мұңайса, қазір екі шаруаның бірі шопан іздеп жүр. Бұрын қожайын отбасылы қойшы іздесе, қазір салт жүрген адамды мал бағуға көндіре алмай әлек. Осы орайда біз «Шопан тапшылығын жоюдың қандай амалы бар?» деген сұрақпен мал шаруашылығы саласынан хабары бар бірқатар азаматқа хабарласып, пікіріне құлақ түрдік. Олардың дені негізінде мал бағу оңай шаруа еместігін, ертелі-кеш қой соңында жүруге ешкімнің зауқы соқпағандықтан қоғамда қойшы қат боп тұрғанын сөз етті. Расында да қазақта жүйкелеп отырған адамға қарата «Қой бағып келдің бе, тас ойып келдің бе?!» деп айтылатын астарлы сөз бар. Осы сөздің астарынан-ақ мал бағу оңай шарау еместігін аңғаруға болады. Бұдан бөлек шопан тапшылығы мәселесін қоғамда қойшыға деген құрметтің жоқтығымен байланыстырғандар болды.
– Шаруашылығымда 3 отар уақ мал бар. Оны үш отбасы бірнеше жылдан бері бағып отыр. Әзірге қойшы тапшылығы туындаған емес. Бірақ сақпан уақытында немесе жәрдемші іздесек, қой бағатын адам таппай қиналатынымыз рас. Көбіне мал бағуға жасы егде адамдар келісіп жатады. Еңбекақысы тұрақты беріліп, ішіп-жемі тегін болса да шопан таяғын ұстауға талпынған жастарды сирек кездестіреміз. Оның өзінде кейбірі аз жылдан соң қой бағуды қолайлы көрмей, басқа салаға кетіп тынады. Сондықтан жастарды мал бағуға ынталандыратын арнайы жүйе керек шығар деген ойдамын. Себебі қойшыға деген құрметтің қандай болғанын кеңестік дәуірдің көзін көргендер жақсы біледі. Тіпті ол кездің озық шопандары КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғаны да баршаға белгілі. Егер қоғам тарапынан шопанның еңбегі ескеріліп, шаруа қожалық не серіктестік тарапынан малшыға материалдық тұрғыда көмек берілетін болса, әр кез қошеметтеп, марапатталса, жастар да қойшы болудан қашпас еді. Мал баққан адам қоғамда елеусіз қалып отырғандықтан, тек жалақыға бола күндікке мал соңында жүргендіктен адамның шопан болуға қызығушылығы төмендеп кеткен секілді, – дейді «Жылыбұлақ-Меркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Аманжол Әкетаев.
Байзақ ауданындағы «Жадыра» шаруа қожалығының басшысы Гүлнар Дәулетбаева да шопан тапшылығы елдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналғанын айта келе, осы олқылықтың орнын толтыру үшін өзі «Малшылар мектебін» ашуға талпынып жүргенін тілге тиек етті. Оның шаруашылығында тек саулықтың өзі екі отар. Оны екі отбасы бағып отыр. Қазақтың құйрықты, қылшық жүнді асылтұқымды қойын өсірумен айналысады екен. Мал қолмен емес, табиғи жолмен ұрықтандырылатын болғандықтан қошқаршысы да бар. Одан бөлек сиыр, жылқы бағумен айналысатын бақташыларға да айлық төлеп отыр. Бір жарым ай сақпан бағатын адам таппай, бұл мәселені аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы шешіпті. Шопан да, жылқышы да сенімді, өз ісіне жауапты ауыл адамдары көрінеді.
– Әзірге шопан тапшылығын сезіне қойған жоқпыз. Себебі оларға ай сайын бір сойыс, азық-түлік, 200 мың теңге еңбекақы және әлеуметтік пакет шаруашылық есебінен тұрақты беріліп келеді. Зейнетақы жарнасы да уақытылы төленуде. Осыдан кейін шығар, біздегі малшылар тұрақты. Дегенмен маңайда малшы таппай амалы құрып жүрген бірқатар шаруа қожалық иелерін білемін. Бұл жалғыз біздің ауданда ғана емес, еліміздің кез келген өңіріне тән мәселе. Өзім аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық ауыл шаруашылығы саласы кәсіподағының төрайымы, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының комиссия мүшесі болғандықтан шаруалар тарапынан көтерілген осы мәселеге жете қанықпын. Негізінен кез келген адам мәселе көтеріп қана қоймай, оның шешілу жолдарын ойластыра білуі де қажет. Кез келген адамды жұмыс беруші өз ісіне қызықтырса, маманның жұмысты ыждағатпен атқаруға, белгілі бір мақсатқа жетуге құлшынысы артады. Осы мәселені негізге ала отырып, ауданда «Малшылар мектебін» ашуды қолға алып жатырмын. Аталған мектеп арқылы біз болашақ шопанға мал бағудың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, мал шаруашылығына қатысты ветеринария, осеменатор секілді мамандықтарды там-тұмдап болса да бойына сіңірмекпіз. Сонымен қатар «Малшылар мектебі» оқытудан өткен әр адамның құқығын қорғаумен де айналысып, олардың жұмысқа тұруына ықпал етеді. Нақты айтқанда, «Малшылар мектебінен» шыққан шопан мен шаруашылық арасында келісімшарт жасалып, ол біздің назарымызда ұсталады. Жаңадан ашылғалы жатқан мекеме шопанның жеңілдетілген пайызбен несие алуына, оған тиісінше мал, қысқы жемшөп сатып алуға көмектесіп, одан кейін барып бір шаруашылыққа қойшы ретінде жұмысқа тұрғызады. Ол келісімшартта көрсетілген 5 немесе 3 жыл ішінде аталған шаруашылықтың қойын ақыға бағу арқылы өзінің малын да көбейтеді. Содан кейін барып ол өз алдына бөлініп шығып, шаруашылық құрады. Ауыл шаруашылығы саласын көтеруге арналған кез келген бағдарламаға сүйенсек, қазір қора-жайы жоқ адамның несие алуы қиын. Біз осыны малшы іздеген шаруашылықтың қора-жайын кепілге қойдыру, сол арқылы шопанға несие алып беруге ықпал етуді көздеп отырмыз, – деді ол.
«Шопандарды оқыту керек» деген пікірді алғаш естігенде абдырап қалғанымыз рас. Өйткені қоғам арнайы оқытудан өтпеген малшының өзіне зәру болып отырған жоқ па?! Әйтсе де өз пікірін білдірген азаматтардың әр сөзінде салмақ бар секілді. Осы арқылы қоғамда шопанның мәртебесі көтерілетін болса, демек, әркім малшыға құрметпен қарауы мүмкін. Кезінде Кеңес үкіметі үгіт-насихатты шебер жүргізудің арқасында жалын атқан жас жігіт тұрмақ, өрімдей қыздар шопан боп шыға келгені тарихтан аян. Кеңестік жүйе жастарды мақтап, арқасынан қағып, «қазақтың баласы оқымасын, одан да қой бақсын» деген құйтырқы саясат ұстануының арқасында қоғам қойшысыз болған жоқ. Ал қазір жұмыссыз жүргендердің өзі қой бағуға құлықсыз. Десе де мал баққысы келген жастарға, шынында, өзгенікімен бірге өз малын бағудың тетігін қарастырса, олардың күні босқа өткендей болмас еді. Бастысы, шаруалар да ойдан-қырдан қашқан басбұзарлар мен маскүнемдердің, ұры-қарының сөзіне сеніп қойын бақтырып, соңында бармағын шайнап қалудан құтылар еді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.