Малыңыз қоңды болса, өрісіңіз төлге толады

0 20

Айналаны ақ ұлпа қар басып, дала мүлгіген тыныштық құшағына енгенімен малшылар ауылындағы күйбең тірлік бір күнге де тоқтамайды. Қыстаудағы қым-қуыт қарекет –
төрт түлікті қыстан шашау шығармай, аман-есен алып шығудың амалы. Сүйектен өтетін суық пен бет қаритын аяз, қардың қалың түсуі әр шаруашылық үшін бір сынақ екені белгілі. Мал қолға қарай қалса, жемшөптің жеткілікті болуы да үлкен мәселе. Әсіресе көктемде ойдағыдай төл алуда малдың қыстан күйлі шығуына тікелей байланысты.

Жалпы өңірде 7 500 түйе, 137 000 жылқы, 415 000 сиыр,
2 миллион 900 мың уақ мал болса, солардың 900 мыңы қыстауда бағылуда. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақтың айтуынша, мал қыстату науқаны үшін 1 миллион 747 500 тонна пішен, 72 мың тоннадан астам пішендеме,
50 800 тонна сүрлем дайындалып, облыстағы 5 862 қыстауға жеткізілген. Ал шалғай аймақтарда 1 020 қыстау болса, соның бірі Мойынқұм ауданында орналасқан. Мұнда Жамбыл ауданының да шаруалары мал қыстатып отыр.
– Ауданда 39 318 ірі қара, 232 276 уақ мал, 18 мың жылқы бар. Төрт түлік Мойынқұм, Көделі, Шайхана (Қоңыртөбе), Қаратау-Күйік, Ақшолақ-Жасөркен, Үлкен Бурыл және өзге де мал жайылымдарында бағылуда. Мойынқұм өңірінде орналасқан 59 қыстаудың тоғызында
3 201 сиыр, отыз тоғызында 54 876
қой-ешкі, он бірінде 3 613 жылқы бар. Қыстаудағы малшы үйлері мен қашар және баздар күзге дейін жөндеуден өткен. Жайылымдар ашық. Мал азығы ретінде дайындалған жемшөп жеткілікті. Нақты айтқанда, 182 080
тонна шөп пен 31 550 тонна жемді шаруалар қыстауына күні бұрын жеткізіп алды. Жалпы аудан орталығында мал азығын сатумен айналысатын 2 жем сататын, 5 шөп сататын нысан бар. Олар бидай мен жүгерінің
1 келісін 100 теңгеден, арпаны 80, соталы жүгері мен кебекті 70, пішен шөбінің 1 түгін 700, жоңышқаны 1000 теңгеден саудалауда, – дейді Жамбыл ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев.
Мойынқұм өңірін жайлап отырған Жамбыл ауданындағы шаруашылықтың бірі – «Jambyl-et MS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік директоры Света Шаушенова құмда екі табын сиыр бағып отырғанын айтады.
– Шаруашылықтың құрылғанына бар-жоғы екі-үш жыл болды. Сол кезде «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстағы филиалы арқылы несие алып, іс бастағанбыз. Жалпақтөбе ауылынан 2 мың өгіз сыятын мал бордақылау алаңын аштық. Онда қолда бар малды екі-үш ай байлап, етке өткізумен және ет өнімдерін өндірумен айналысудамыз. Қазір бордақылау алаңында 20 шақты мал семіртілуде. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Ирландиядан ет бағытындағы Абердин-ангус тұқымды мың сиыр сатып әкелдік. Мойынқұм өңіріндегі Бескепе мал жайылымында орналасқан екі қыстаудағы сиырлар осы шетелден келген ірі қаралар, – деді Света Димранқызы.
Негізінен шаруашылықты ұқсату, ұйымдастыру ісімен серіктестік директорының орынбасары Бақыт Есқалиев айналысады екен. Б.Есқалиевтің Абердин-ангус тұқымды сиыр өсіруде тәжірибесі көп болғандықтан, шаруашылықта жұмыс істеуге Қостанай өңірінен арнайы шақыртылыпты. Айтуынша, шаруашылыққа жауапты өзге де мамандардан бастап бақташыға дейін Қостанайдан келген. Жалпы бордақылау алаңын қосқанда кәсіпорында 35 адам еңбек етеді екен.
– Бескепе мал жайылымында 2 қыстауымыз бар. Ондағы әр табында 500 сиыр бар. Бір базда бригадир, мал дәрігері, механизатор, аспаз және 3 бақташы барлығы 14 адам жұмыс істейді. Себебі біздің кәсіпорынның мақсаты – мүйізді ірі қараның осы тұқымын төлі есебінен көбейте отырып, ет өндірісін арттыру, – деді Бақыт Серікбайұлы.
Сырттан келген 1000 сиырдың 400-інің әрқайсысына мемлекет есебінен былтыр 300 мың теңге, қалғанына 225 000 теңгеден субсидия беріліпті. Бүгінде кәсіпорын дайындаған 1000 тонна шөптің 400 тоннасы және 100 тонна тартылған жемнің тиісті мөлшері аталған қыстауларға уақытында жеткізілген. Бақташы Асқарбек Шомбаев қыстаудағы қым-қуыт тірліктің жай-жапсарын әңгімелеп берді.
– Мұндағы сиырлардың еті әлемде аса сұранысқа ие. Сиырларды өткен жазда шетелден сатып әкелгенде 15 айлық баспақтар еді. Қазір айтарлықтай салмақ қосқан. Алдағы уақытта төлдеп, бұзаулары 5-6 айдан асқан соң еркек-ұрғашысы бөлек бағылып, бұқашықтары Жалпақтөбе ауылындағы мал бордақылау алаңына жіберілетін болады. Қазір үш бақташы сиырды кезектесіп бағып жүрміз. Бірі малға кеткенде, екеуі қораның астын тазалау, жемшөп дайындаумен айналысады. Негізі сиыр базындағы жұмыстар озық технологияның күшімен атқарылатындықтан, үйде қалған сиыршылар базға кіріп-шыққан техникаға қақпаны ашып-жауып беру, жемшөптің әр сиырдың алдына тиісті мөлшерде салынуын қадағалау секілді ұсақ-түйек жұмыспен айналысады. Себебі бұл тұқым осы өңірге жерсіндіріліп жатқандықтан, оларға кешке бір мезгіл жемшөп берілмесе болмайды. Сиыр қораны да механизатор трактормен күрейді, – деді ол.
Мұндағы бақташылардың тұрмысы кейбір малшыларға қарағанда тәуір секілді көрінді. Айына 150 000 теңге жалақы алады екен. Тұрып жатқан баспаналары да күрделі жөндеуден өтіп, бөлмелерге қажетті жиһаздар сатып алынған. Электр энергиясының тапшылығы да күннен қуат алатын батареялар арқылы білінбей отыр. Қарауындағы сиырлардың әрқайсысының құны 1 миллион теңгеге жуық болғандықтан, бағымындағы сиырға да, бақташыға да барлық жағдай жасалыпты. Аталған сиыр шаруашылығы Сиыр жылынан мол табыс күтіп отыр.

Н.Болатұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.