«Мамандар кеңесіне құлақ асу қажет»

0 0

Қаржаубай Бекболатов,
Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы:

– Әлемді алаңдатып отырған коронавирус біздің де елді айналып өткен жоқ. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында індетті жұқтырғандар саны күн сайын өсіп келеді. Бұл әрине, барлығымызды ойландырмай қоймайды. Уақыт өткен сайын өршіп бара жатқан ауру ешкімді де аяй қоймасы бесенеден белгілі. Осыны ескерген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай енгізді. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатындағы шара 15 сәуірге дейін жалғасатын болады. Бұл аралықта республика бойынша белгілі бір тәртіп орнап, бірқатар шектеулер қойылып отыр. Әлбетте, мұндай қиын-қыстау уақытта дүрлігудің ешқандай қажеттігі жоқ. Уақытында барлық сақтық шараларын сақтаған жағдайда ғана ел болып еңсеретін бұл жағдайдан да басымыз аман, бауырымыз бүтін шығатынымыз ақиқат. Сондықтан тұрғындар облыс басшылығы мен сала мамандарының ескертпелерін тиянақты орындап, тәртіпке бағынуы қажет. Өйтпеген жағдайда Еуропадағы өзге елдер секілді сан соғып қалуымыз әбден мүмкін. Бірақ, біз оған жол бермеуіміз керек.
Айта кетерлігі, бұл санитарлық індетке қарсы тұрудың басты жолы –
санитарлық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу. Облыста дер кезінде мұндай жұмыстар қолға алынып, аялдамалар мен қоғамдық көліктерге дезинфекциялық шаралар жасалуда. Адам көп жиналатын қоғамдық орындар да жабылды. Мұндай жағдайда өңір тұрғындарын сабырға шақырғым келеді. Ат төбеліндей ғана халқымыз басынан осы уақытқа дейін небір нәубеттерді өткерген. Оның ешқайсысында мысы басылып, әлсіздігін көрсетпеген. Өз кезегінде халық болып, ел болып бұл кеселді де жеңіп шығамыз. Бастысы, тұрғындар дүрлікпей, сабырлы болуы қажет.

Leave A Reply

Your email address will not be published.