Қоғам

Мамандық таңдау – маңызды миссия

Міне, кезекті оқу жылы да аяқталып, түлектердің арман қуып алыс сапарға аттанатын уақыты да таяды. Үлкен өмірге қанат қаққан қарлығаштардың бар арманы – белгілі оқу орындарының студенті атану. Десе де, кейбір ата-аналар баласының мамандық таңдау талғамына алаңдап, әлі күнге бір шешімге келе алмай жүргені рас. Осы тұрғыда біз қазіргі таңда қоғамда қандай мамандықтардың сұранысқа ие екенін саралап көрген едік.
Әдетте, жоғары оқу орнына түсуге ниеттенген талапкерлердің көбісі экономикалық, гуманитарлық бағытқа бет бұрып жатады. Бірақ, бүгінгідей инновациялық-индустриялық даму бағытын ұстанған еліміз үшін техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар ауадай қажет. Сондай-ақ, еңбек нарығында IT-мамандары, ауыл шаруашылығы, сервис пенано және биотехнологияны игерген кадрларға деген сұраныс артып отыр. Алысқа бармай-ақ, облыстағы үш университетте де аталған болашағы зор мамандықтар бойынша кәсіби білім алуға мүмкіндік көп.
Өкінішке қарай, жастар жұмысшы мамандықтарды табысы аз, қара күшті көп қажет етеді деп таңдай бермейді. Осы орайда, еңбек жолын қызуы бет қаритын, шойын қорытуға арналған домна пешінде қатардағы қара жұмысшы болып бастаған Елбасымыздың ғибратты ғұмырын неге үлгі етіп алмасқа?
Әр ата-ананың оқу бітірген перзентінің бірден жоғары қызмет істегенін қалайтыны белгілі. Ал, жас маманның тәжірибе жинақтау керектігін, оның қызметте сатылап өсуін үлкендер жағы көп жағдайда ескере бермейді. Бұдан бөлек, бүгінгідей нарықтық заманда ата-аналардың бір бөлігі ұл-қызының таңдаған мамандығына емес, оның грант иегері болуына баса мән беретіндігі байқалуда. Енді бір ата-ана перзенті таңдаған мамандыққа қарсы. Ал, жастардың мамандық таңдаудағы ұстанымы қандай? Олардың пікірімен санасу да өзекті мәселе. Осыны ескере келе, біз бірді-екілі замандастарымыздың ой-пікірін тыңдап көрген едік.
– Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңыз­ды кезең. Сондықтан, болашақ мамандығымды таңдар алдында ұзақ ойландым. Қазір жастар арасында діннен адасушылық кең етек жайған­дықтан, қоғамда діннен хабары бар, жастарға дұрыс жол көрсете білетін дінтанушы боламын деп шештім, – дейді Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы № 45 қазақ классикалық гимназиясының түлегі Шапағат Дүйсебаева.
Сол сияқты Сарысу ауданы, Жайылма ауылындағы Әйтеке би атындағы орта мектепті тәмамдап отырған Аида Сайлауованың да алға қойған мақсаты зор, талабы таудай.
– Біздің Әулиеата өңірінің табиғаты таңғажайыпқа толы. Шетелдіктерге мақтануға тұрарлық тарихи-мәдени орындар жеткілікті. Олар қазақ елінің қандай ұлт екенін, тарихын, мәдениетін, болмыс-бітімін жетік танып білуі тиіс. Оның үстіне, бүгінде туризм саласы да дами бастады. Сондықтан, өз басым туризм саласын таңдағалы отырмын, – деді ол.
Біз жастарға мамандық таңдаудың қаншалықты маңызды екенін барынша түсіндіруге тырыстық. Өйткені, жақсы мамандық – жарқын болашақтың бастауы. Сондықтан, талапкер де, ата-ана да мамандық таңдар алдында мұқият ойланғаны абзал.

Ұлдана ЖҰБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 1- курс студенті

ПІКІР