Облыстық әкімдікте

«Мамыр бауы» мәуелі баққа айналады

Written by Aray2005

Апта басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын аралап, саябақтар мен скверлердің, демалыс орындарының жай-күйіне қанығып, шаһарды абаттандыру бойынша әзірленген жоспарларға назар аударды.

Алдымен өңір басшысы «Жас түлек» скверінің абаттандыру жұмыстарымен танысты. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 20 миллион теңге бөлінген. Мұнда алдағы уақытта жүргізілетін қайта жаңғыртудан соң «Денсаулық» саябағы құрылмақ. Бердібек Сапарбаев қала әкімдігіне облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жасыл желектерді отырғызу, жарықтандыру, қоғамдық дәретханаларды жайластыру және жалпы қала тұрғындарының демалуына барынша қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Аймақ басшысы «Зербұлақ» демалыс аймағына да арнайы барды. Бұл көлдің тараздықтардың көптеп жиналатын бірден-бір демалыс орны болуға мүмкіншілігі жетеді. Дегенмен, көлдің түбін тазалау, жағалауын нығайту, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, инвесторлар мен тәжірибелі мамандарды тарту секілді шараларға аса назар аударуды қажет етеді.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Мамыр бауы» саябағын қайта жаңарту жұмыстарын бастау жоспарлануда. Өңір басшысы саябақ аумағындағы мүгедектерді оңалтумен және жұмыспен қамтумен айналысатын, күндізгі стационарлы «Асар» қоғамдық бірлестігінің ғимаратына ат басын бұрды. Мекеме басшысы Руслан Төлегеновтің айтуынша мұнда бүгінгі таңда 37 адам, оның ішінде 30 мүгедек еңбек етіп жатыр екен.
– Біз міндетті түрде сіздерге жайлы орынға көшуге көмектесеміз. Мекеменің мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін оңалту бағытындағы қызметтерін кеңейту қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар ат клубында орналасқан иппотерапия сеанстары да өз жалғасын таба бермек. Бұдан бөлек психоневрологиялық және тірек-қимыл қозғалысында ақаулары бар науқастарды оңалту үшін тиісті жағдайлар жасалатын болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР