Sport

«Манчестер Юнайтед» — «Астана»: «Қызыл сойқандарға» қарсы қауқарымыз қандай?

Written by Aray2005

Бүгін елордалық «Астана» клубын ағылшынның атақты «Олд Траффорд» стадионы қарсы алады. Кәрі құрлықтың ең айтулы аламандарының бірі Еуропа лигасында отандастарымыз азуын айға білеген «Манчестер Юнайтед» командасымен күш сынаспақ.

Сонымен, «Астана» апта басында теңбіл доптың отаны саналатын Манчестерге жетті. Сол күні елордалық клуб ағылшындық командамен күш сынасатын ойыншылардың тізімін мәлім етті. Ресми мәліметке сүйенсек, қақпашылар Ненад Эрич, Александр Мокин және Станислав Павлов Манчестерге ұшақпен ұшып келген. Аталған үштіктің ішінде бас бапкер Роман Григорчук қақпаны күзетуді Ненад Эричке сеніп тапсыратын секілді. Себебі оның Еуродода ойындарындағы тәжірибесі мол.
Ал қорғаушылар сапын Антонио Рукавина, Абзал Бейсебеков, Лука Шимунович, Евгений Постников, Жарко Томашевич және Дмитрий Шомко құрап отыр. Жартылай қорғаныста Юрий Логвиненко, Рунар Мар Сигурьонссон, Иван Маевский, Юрий Перцух, Серікжан Мужиков, Марин Томасов, Дорин Ротариу және Дидар Жалмұқан барын салмақ. Ал ең басты қаруымыз шабуыл шебін Сергей Хижниченко, Рангело Янга, Роман Мұртазаев және Фирмин Мубеле күшейтеді дегенге сенім мол. Аталған ойыншылардың ішінде Марин Томасовқа қазір төрткүл әлемнің спорт сарапшыларының назары ауып отырғаны анық. Себебі хорватиялық сұрмерген биылғы Еуродода ойындарында 24 рет алаңға шығып, 12 голдың авторы атанып үлгерді. Сондықтан дәл осы форвардтан Юнайтедтің қорғаушылары сескенері анық.
Ал «Манчестер» күні бүгінге дейін «Астанаға» қарсы кездесуге алаңға қандай ойыншылардың шығаратынын ресми мәлімдеген жоқ. Десе де атағынан ат үркетіндей «қызыл сойқандардың» негізгі құрамын әлем жанкүйерлері жатқа біледі. Мәселен, қақпаны Давид Де Хеа қорғайтыны анық. Бойы 1, 93 метрді құрайтын алып қақпашымен клуб жуырда ғана келісімшартты ұзартты. Сондықтан Де Хеаны алаңнан көретініміз айдан айқын.
Қорғаныс шебіне келсек, атақты Люк Шоу төбе көрсетуі мүмкін. Ал жартылай қорғаныс Андреас Перейра, Неманя Матич, Поль Погба және Хуан Матаға тапсырылуы бек мүмкін. Бұл ойыншыларды көпшілікке таныстырып жатудың қажеті жоқ. Себебі бір Погбаның трансферлік бағасының өзі «Астана» футбол клубы ойыншыларының жарты құнын құрайды.
Шабуылда Мейсен Гринвуд пен Маркус Рэшфорд қақпамызды торуылдайтыны анық. Міне, дәл осы форвардтарға қарсы ойнау «Астана» қорғанысына қиынға соққалы тұр. Бірақ «Астанаға» қарсы ойында Поль Погба жарақатына байланысты алаңға шықпауы мүмкін деген ақпарат бар.
Әрине, «Астана» қайда, «Манчестер Юнайтед» қайда? Арасы жер мен көктей. Десе де соңғы бесжылдықта айрықша ойынымен талайды сүйсіндіріп жүрген елордалық клубтың жеңіске жету мүкіндігін букмекерлер жоққа шығармайтын секілді. Олай дейтініміз, «Олд Траффордтағы» кездесуде «Астана» жеңіске жетеді дегенге бар-жоғы 13,5 ғана коэффициент беріп отыр. Бұл өте аз. Себебі «қызыл сойқандарға» қарсы ойында ағылшындық клубтардың өзіне 20-25 коэффициент беріп жатады. Сондықтан бұл қазақстандық клубты жоғары бағалау деген сөз. Тағы бір қызықты факт – «Астана» гол соғады» дегенге 2.06 коэффициенттік бәс тігілуде. Бұл да елордалықтардың гол соғуға мүмкіндігі мол дегенді айғақтайды. Егер отандық клубтың шын жанкүйері болсаңыз, «Астана» гол соғады» немесе «Марин Томасов есеп ашады» деген болжам бойынша 6.23 коэффициентке тәуекел етсеңіз болады.
Әрине, букмекерлік кеңселердікі де, біздікі де жай болжам ғана. Нақты байлам мен есепті алаңдағы ойын көрсетеді. Десе де біз бірқатар футбол мамандарына хабарласып, олардың ойын алдындағы ойын білген едік. Ең алдымен, «Астана» командасын Англия мемлекетіне бастап барған клубтың спорт директоры, даңқты футболшы Нүркен Мазбаевпен тілдесудің сәті түсті.
– Англия мемлекетінен Қазақстанға жалынды сәлем! Командамен Манчестер қаласына дүйсенбі күні ұшып келдік. Қазақстанмен уақыт аралығы 5 сағат болғандықтан, қазір таңғы асымызды ішіп отырмыз. Бұйырса, жігіттер кешке алғашқы жаттығуын бастайды. Манчестерде күн жарқырап тұр. Халқы да өте қонақжай екен. Ыстық ықыласпен қарсы алды.
Ал бейсенбі күнгі ойынға келсек, «Шахтермен» болған соңғы кездесуден кейін команда Манчестерге дейін ұшақпен сегіз сағат ұшып келді. Бұл фактор командаға әсер етпей қоймайды. Дегенмен жігіттерге сенімдіміз. Отанға абыроймен оралу үшін бар күшімізді саламыз.
Шыны керек, ағылшындар үшін футбол деген нағыз мереке екен. Ойынға бірер күн бар болса да, көшеде жанкүйерлер толып жүр. «Астана» командасын көруге қызығушылық танытып, қонақүйді торуылдап жүрген журналистер де, жергілікті халық та аз емес. Осының өзі бізді қатты желпінтуде. Алла қаласа, абырой биігінен түспес үшін барымызды салып ойнаймыз. Ең бастысы тілеуші болыңыздар, – дейді Манчестер қаласынан телефон арқылы тілдескен Нүркен Мазбаев.
Иә, бұл расында да біз үшін үлкен абырой. Н.Мазбаев кездесудің қандай есеппен аяқталатынына болжам жасағысы келмейтінін айтты. Ол да дұрыс шығар. Ең бастысы командаға, жігіттерге сену керек. Десе де елімізге танымал спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленов «Манчестер Юнайтед» – «Астана» ойынына қатысты өз болжамын жасап көрді.
– Рас, бұл тарихи кездесу болғалы тұр. Қазақ баласы «Олд Траффордта» доп тебеді деп кім ойлаған. Жасыратыны жоқ, бүгінде экономикасы қарыштап дамып кеткен алпауыт мемлекеттердің клубтарының өзі «Манчестер Юнайтед» сынды командамен ойнауды армандайды. Сондықтан бұл біздің басымызға қонған бақ. Жеребенің сәтті түсуі.
Бұл кездесу бізге не береді? Ең бірінші, қаржылай тұрғыдан мол пайда. Егер жеңіске жетсек, тіпті «Астананың» бюджеті томпая түседі. Екінші жағынан, бұл ойын Қазақстанды төрткүл әлемге танытады. Рас, қазір Қазақстанды боксымыз арқылы теңіздің арғы бетіндегі мемлекеттер танып жатыр деп қуанып жүрміз ғой. Алайда Еуропада Қазақстан деген мемлекеттің барын естімеген елдер бар. Себебі олар үшін ең бірінші орында футбол тұр. Тұрғындары саясатыңа да бас қатырғысы келмейді. Оны өзім көзбен көріп, куә болғанмын. Міне, «Манчестермен» ойынымыз «Астана» арқылы Қазақстанды кәрі құрлыққа танытқалы тұр. Басты ұтып тұрғанымыз осы. Ертең «Манчестер Юнайтед» қарымта кездесуде Астанаға келгенде тіпті футбол фанаттары мен туристер еліміз туралы тереңінен тани түседі.
Ал «қызыл сойқандармен» ойынға келер болсақ, жасыратыны жоқ, олар бізден сан есе әлеуетті. Сондықтан 3:0 есебімен ұтылсақ та, ол абырой. Қазір букмекерлік кеңселер «Астананың» гол соғатынына 2.06 коэффициент беріп отыр. Алайда елордалық клуб бұрыштамадан гол соға алады деп айта алмаймын. Себебі «Манчестердің» ойыншыларының бәрі бойшаң. Бәлкім, ағылшын футболы шапшаң болғандықтан айып алаңында шалынып құлап, пенальти алуымыз мүмкін шығар. Солай есеп ашпасақ, «Астана» гол соғады дегенге өзім бәс тікпеймін. Менің болжамым – есеп 3:0, – дейді елімізге белгілі спорт комментаторы.
Қалай дегенмен ойынның қалай өрілерін «Олд Траффорд» стадионы көрсетеді. Біздің тілек тек отандастарымыздың абыройлы оралуы. Тарихи кездесу жадымызда жарқын сәттерімен есте қалады деп сенеміз.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР