"Тарих. Таным. Тағылым."

Маңдайы мәңгілікке жарқыраған, Алаштың мақтанышы – Алтын адам!

Written by Aray2005

Біз кімнің ұрпағымыз? Қандай халықтың шежіресін жалғаушымыз һәм біз олардың қандай аманатына адал болуымыз керек? Мұндай сұрақ тағы мыңдаған жыл өтсе де осы текті топырақтың белесін бесік, берекесін несіп еткен әрбір өскелең ұрпақты мазаласа, ол заңды. Ал оның шынайы жауабын кейуана уақыт емес, қарт тарих пен жауһар жәдігерлер ғана бере алады. Сондай әлемде теңдесі жоқ текті бабамыздың бірегейі, Ұлы дала рухының ұшар басында тұрған – саф алтыннан сауыт киген Алтын адам.

«Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам». Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті. Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі», деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» руханиятымыздың маржандарын түгендеген мақаласында түркілер тағдырынан тәуелсіз қазақияға дейінгі жауһар жетістіктерді жіпке тізіп атап өтті. Шынында да:
Шежіремді ұрлапты…
Зулапты күн.
Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын.
Алтын адам шынымен қазақ болса,
Білген екен құнының қымбаттығын! – деп мұзбалақ ақын Мұқағали жырлаған ардақты Алтын адамның сонау есте жоқ ескі заманды, ежелгінің елесін құшағына басып жатқан Есік қорғанынан табылуы осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын-ақ жаһанға біздің кім екенімізді айғақтап қойған еді.
Әрине, қазіргі таңда Ұлы даланың түкпір-түкпірінен бірнеше алтын адамның табылғаны айтылып та, жазылып та жатыр. Дегенмен отандық ғалымдардың пайымдауынша, жүз пайыз сом алтыннан табылған жәдігер ғана Алтын адам деп ауыз толтырып айтуға лайық екен. Бұл пікірге де біржақты қосылуға болмайды. Себебі табылған жәдігерлердің барлығы дерлік тоналған. Яғни біреуінде тек алтын сәукеле ғана табылса, енді бірінде сауыты ғана алтыннан болған. Қалай дегенмен бабалардың өнеге алтынға айырбасталмайтын аманат екенін ұмытпауымыз керек. Бүгінгідей сананың билігін тұрмысқа тізгіндеткен нарық заманында алтыннан жасалған әшекейлерге ғана көзіміз қанық. Ал тұтас киімнің алтыннан болуы шексіз байлық пен үстемдіктің, тектілік пен бекзадалықтың символына айналған түркілердің һәм олардың парасатты керуенін кейінге жалғастырған ата-бабаларымызға ғана тән ұлылық нышаны. Ұлы дала рухының ұшар басы деуіміздің себебі, Алтын адамның бойындағы барлық әшекейлер аң стилінде жасалған. Және металлургия, оның ішінде алтын өндірудің ең озық көрінісін де осы жәдігерден анық байқауға болады. Әлқисса, бұл сонау Есіктегі тосыннан болған су тасқыны кезінде кездейсоқ табылған ғажайып олжа. Осы қорғанда 1969-71 жылдары зерттеумен айналысқан археолог-тарихшы К.Ақышевтің болжамы бойынша, Есік қорғаны біздің заманымыздан бұрынғы V-IV ғасырларға тән. Антропологтың анықтауынша, мүрденің жасы 16-18. К.Байпақов оны біздің заманымыздан бұрынғы IV ғасырдың аяғы, ІІІ ғасырдың басына жатқызып, жерленушіге 17-18 жас береді. Уақыт айырмашылығы – ІІ ғасыр. Оның кім болғаны жөнінде қазір тарихшы мамандар әртүрлі пайымдар айтуда. Ал ертедегі Қытай жазба деректеріне үңілер болсақ, біздің заманымыздан бұрын Іле бойында, жалпы Жетісу өңірінде үйсін­дер­ден басқа іргелі мемлекет болмаған. Осы маңайдағы ұлыстардың түсін түстеп, қоныс­тарын түгендеп шыққан ежелгі Қытай тарихшылары Есікті орталық аста­на­сы еткен құдіретті ұлы мемлекет – Үйсін­дер ұлысы мекен еткендерін жазады. Үйсін­дер­дің гүл­дену, өрлеу шағы да арғы мыңжылдықтың ІІ-І ғасырлары болатын. «Алтын, күміс, асыл тастардан жасалған әшекей бұйымдар Үйсін мемлекетінің, қазақ халқының мәдениетінің өте жоғары болғанын көрсетеді», дейді К.Ақышев өзінің тарихи еңбектерінің бірінде.
Сонымен қатар оның қасынан табылған ыдыстарға қарап, алтынмен апталған ардақты бабаны сақпен һәм үйсінмен байланыстыратындар да аз емес. Себебі ертедегі сақтардың жерлеу рәсімдерінде міндетті түрде арғы дүниеде ішіп-жейді деген ұғым бойынша қыш құмыра ыдыстарға ет тағамдарын салса, үйсіндер арғы дүниеде өмір жалғасады, ішіп-жейді деген ұғыммен ет тағамдарын емес, жеңіл тамақ, сусындарды қыш құмыраға толтырып, бірге көметін болған. Ал Алтын ханзаданың қабірінен табылған 31 қыш құмыра, 4 күміс тостағанда тек сусындар мен жеңіл тамақтар қалдықтары сақталған. Қалай дегенмен сақ, ғұн, үйсіндерден басқа бұл өңірде басқа ірі ұлыстар өмір сүрмегені белгілі. Сондай-ақ Алтын адамның мүрдесінен 15 метр аралықта тағы бір көсемнің зираты болған. К.Ақышев бастаған тарихшылар қауымы оны қазақтың ұлы тұлғасы Елжау биге телиді. «Екі жерлеу де бір ғана жүзжылдықтың ішінде болған. Шеттегі қабірге қарағанда, ортада жерленген адам аса құрметті, лауазымды адам болуы тиіс. Екі мүрденің бір қорған астында орналасуы марқұмдардың бір отбасы мүшелері, туыс адамдар», депті К.Ақышев бұл жөнінде өзінің жазбасында.
Дегенмен Алтын адамнан басқа маңайындағы қорымдардың барлығын суық қолдар үптеп кеткені өкінішті-ақ. Ал әйгілі Елжау би жөнінде қытайлық жазбаларда «Хұндар Күн бидің әкесін соғыста өлтіріп, жаңа туған сәбиді далаға тастап кетеді. Оған құстар қамқоршы болып, қаншық қасқырлар емізіп асыраған» деген дерек бар. Яғни түркілердің рухани тотеміне айналған бөрі бұл естелікте де кездейсоқ кезігіп отырған жоқ. Осылайша Тәңір қолдап, ешқандай сұғанақ қолдың саусағына ілікпей, арада 22 ғасыр өтсе де мұрты бұзылмай сол қалпында бізге жеткен Алтын адам Ұлы даланың басты мақтанышына айналып отыр. Оның үстіндегі әшекейлердің де сиқырлы сыры мол. Мәселен, Алтын ханзада қолына көлемді екі жүзік таққан екен. Сол қолындағы жүзік наным-сенімге байланысты болса, оң қолындағысы мөр екендігі дәлелденген. Осыған орай тарихшылар арғы мыңжылдықта Қытай мен Жетісу алқабына қожалық еткен үйсіндерден басқа ешбір ел мөр пайдаланбағанын топшылап отыр.
Тағы бір қызықты қараңыз, К.Байпақов өзінің 2006 жылғы жарық көрген «Қазақстан археологиясы» атты еңбегінде «Қараша қорғанының бір обасынан бедер­лен­ген сазбалшықтан жасалған мөр табыл­ды. Сирек кездесетін бұл олжа Талғар қор­ға­нын­дағы обадан табылған мөрмен бірдей» деп тұ­жы­рым­дайды. Дәл осы тұстағы Қараша дегені Тараз шаһарынан 40 шақырым шығыста орналасқан әйгілі Ақыртас кешені­нің іргесіндегі бұлақтың аты екен. Оны археолог Максимова бас­та­ған экспедиция 1971-75 жылдары зерт­теп, мұндай мөрдің тек үйсіндерде ғана бол­ған­ды­ғын, олай деп шығыс деректерінде де баян­дал­ға­нын нақтылап берген көрінеді.
Ал жалпы ол жүзік-мөрде он тоғыз шашақты бас киімі бар, әлде күн басты адамның басы бедерленіпті. Ол бейне ханзаданың автопортреті болуы мүмкін дейтін зерттеушілер де аз емес. Жүзіктерді қоса есептегенде, ханзадаға тән 4 мыңнан астам ұсақ әшекей табылған. Алтын адамның үйсін ханзадасы екенін алғаш жорамалдаған жазушы Тұрсын Жұртбаев болатын. «Осы арада Кемел Ақышев қазған Есік қорғанындағы «Алтын киімді ханзада» сол Ұлы Күнбидің ұлы емес пе екен деген ой ұшығы қылт ете қалады. Оның жас мөлшері жиырманың ар жақ, бер жағы деп айтылып жүр», дейді ол өзінің «Дулыға» атты екі томдық тарихи зерттеулерінде. Ал тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев: «Біз енді тарихи қателікті түзетуіміз керек. Есік қорғанынан табылған Алтын адамды біз осыған дейін сақ, оның ішінде сақ-тиграхауд деп келдік қой. Қытайдың жылнамалық деректері мен ондағы ғалымдардың тарихи мәліметі бұл Алтын адамның үйсін, үйсін қоғамының адамы екенін бұлтартпай дәлелдейді… Алтын адам – үйсін бекзадасы!» деген мәлімдеме жасаған болатын.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы Археология және этнография институтының қызметкері Заур Гасанов Ханзада мүрдесінен табылған күміс ыдыстағы жазуды зерделеп «Алтын адамның» есімі туралы өзіндік қорытындыға келді. «Есік қорғанынан алынған заттағы руна жазуына Орхон-Енисей таяушығыстық таңбалары фонетикасы негізінде талдау жасау оның түркі тілінен шыққанын көрсетті. Яғни түпнұсқа аудармасы: «Дүниенің төрт бұрышынан Сыңлы тайпасы жырлайды. Үш жүз жоқтаушы ант-су ішеді». Біз бұл жазудың мағынасы осыны білдіретініне айғақ болатын Геродот еңбектері мен «Қытайдың Хань династиясы тарихын» қосқанда бірқатар грамматикалық, тарихи, әдеби куәліктер таптық», дейді ол. Сондай-ақ Гасановтың айтуынша, «Алтын адамның» Сыңлы деген мәртебесі хунну императорына тиесілі әйгілі құдіретті қылыш — «Чинг-лу» атауына сәйкес келеді. Ғалым қытай мен грек деректеріне сүйене отырып, хуннулардың «Чинг-лудың» немесе Сыңлының құрметіне қылыш пішінінде ғибадатханалар тұрғызғанын айтады.
Жалпы, отандық ғалымдар қазақ жерін­де алтын адамға ұқсас қорымдардың саны 40-тай болу керек деп болжайды. Бірақ қазақ даласындағы талай аласапыран уақыт­тарда олардың көбі тоналып, жойылып кеткен.
Әрине, Алтын адам жайлы аңыз көп, ақиқат аз. Анық шындығы алдағы уақыттың еншісін­де. Біз оның кім болғандығы жөнінде белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен пікір­лес­кені­мізде, тағы бір тың дүниеге тап болдық.
– Түркілерден келе жатқан дәстүр салты бойынша тек қана тектілерден шыққандар ғана алтынмен апталып, күміспен күптеліп жерленген. Алтын адамнан аң стилі өнерінің ең бір шарықтау шегін байқауға болады. Алтын адам табылған қорғанның маңын кезінде дулаттардың мекен еткені тарихтан белгілі. Әйгілі Атилла жарты миллионға жуық дулатты басқарып, қытайлармен табан тірескенін де жоққа шығара алмаймыз. Осы орайда менің ойымша, ел аумағынан табылып жатқан «Алтын адам» деп айтылып жатқан тұлғалардың біреуі болса да осы дулаттарға қатысы бар. Мәселен, Каспий теңізінің маңындағы VII-VIII ғасырлардағы хазарларды осы күнге дейін кім екенін білмей келдік. Ал ол өзіміздің сіргелілер болып шықты. Олардың басшысының орынбасары еврей болғандықтан жаугершілік кезеңдерде талай нәубетті бастан кешіп, тарих сахнасынан тасада қалды. Сол секілді Алтын адамның да құпиясы тереңде жатыр. Ол аң стилінің де, зергерлік өнердің де биік деңгейінде тұрғандығымыздың анық дәлелі. Бабаларымыз алғаш рет жылқыны қолға үйретті, арба мен әбзелдер жасады, Римді құлатты, Византиядан салық алып отырды. Қазіргі Еуропадағы саяси элиталардың бойында сол кездегі түркілердің қаны бар. Осындай текті түркілердің алтыннан киім кигені заңды құбылыс. Осындай текті тұлғаның жалғасы болған бабаларымыздың ерлігін де ел әлі толық естіген жоқ. Мәсе­лен, тарихта Киевті басқарған, сол кездегі ресейлік басқару жүйесін алғаш қалып­тастырғандардың бірі болған қазақ – Сұңқар, орыстар оны Сокол, Станислав деп атады. Кейін Киевтің князі В.Мономах ол жайлы деректерді жойып жіберді. 1088 жылы Мәскеуді басқарған қазақ Ахат Мосқа жайлы да көп айтылмайды. Ол қайтыс болғаннан кейін қаланы соның атымен атағаны да тарих тұңғиығындағы құлып салынған құпияның бірі. Бұған қоса тағы бір айта кетерлік жайт, осы Есіктен табылған Алтын адамнан бес ғасыр арыда, яғни 3 мың жыл бұрын Ұлы далада ғұмыр кешкен, Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай қатпарындағы мұз құрсауынан табылған түркі жігітінің мүрдесі де тың деректердің шетін шығарғандай. Мәңгілік сірескен мұздан табылып, сол қалпында сақталған мүрденің сүндеттелгені мұсылманшылықтың бізге арабтардан келген дін емес, сонау түркі бабаларымызға о бастан тән болғандығын сөзсіз дәлелдеп отыр. Сондықтан Алтын адамның да ДНК-сы, оның түп тарихы әлі көптеген зерттеуді қажет етеді. Егер оның жұмбағы шешіліп, құпиясы анықталса, кешегі М.Әуезов жазған «Абай жолы» секілді арғы тарихтағы Алтын адамның жолы бүкіл түркі дүниесінің тағдыры мен тектілігін таны­та­­тын мәңгілік мақтанышқа айналады, –
дейді Мекемтас аға.
Киевті басқарған Сұңқар баһадүр айтылғанда осы Алтын адамға ұқсас, тек Оңтүстік Украинадан табылған, сауыт-саймандарының 80 пайызы алтыннан құйылған жәдігерді де еріксіз еске алдық. Шығыс Қазақстанның Үржар ауданынан табылған Үржар ханшайымының сәукелесі, одан кейін Шілікті аңғарынан табылған сақ көсемінің сауыт-сайманының 60 пайызы алтыннан құйылғанын ескерсек, жалпы Ұлы даланы мекен еткен бабалардың өнер мен өркениетке қалдырған қолтаңбасын да сөзсіз мойындайсың.
1973 жылы Алтын адамның сауыты Мәскеуде, 1974 жылы Лейпцигте, 1975 жылы Каирде, 1976 жылы Дамаск қала­сын­да өткен халықаралық көрмеге қойыл­ған. Әлі де әлемнің жеті кереметінен кем түспейтін жәдігер көпшіліктің қызығу­шы­лығын тудыруда. Әшекейлерінде барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бей­не­лері анық бедерленген. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 см шамасында. Мой­нын­да дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, қамзолы құрастырылмалы ауыр белбеумен буыл­ған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар – ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген. Оның сом тұлғасы жалынды жастарға да жігер сыйлап, рухтандыратынын осындай құм астындағы құндылықтардың құпиясын білу мақсатында тағдырын тарих саласымен байланыстырып жүрген жастар да мойындап отыр.
– «Алтын адам» – Қазақстанда табылған археологиялық ескерткіштердің ішіндегі ең ерекшесі. Басынан төмен қарай алтынмен апталып, далалық өркениеттегі «аңдық стильмен» безендірілген бұл жауынгер тәуелсіздігіміздің символына айналды. Ежелгі сақтардың мәдениеті мен өнеріне тамсанған гректердің атақты ақыны, «Иллиада мен Одиссей» поэмасының авторы Гомер: «Бұндай керемет дүниені жасаған сақтар басқа ештеңемен айналыспаса да болады, не деген өнер?» деп алтыннан жасалған заттарға қатты қызығушылық танытқан екен. Қазақстанның әлемдік мәдениеттегі көне жәдігерлерімен теңесе алатын құндылықтарының бірі – ол әрине, Есік қаласынан табылған «Алтын адам» екені даусыз. Ғалымдар арасында «Қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған бұл көне жәдігер дала өркениетінің талай құпиясын көрсетіп тұрғандай. «Алтын адамның» тарихтан алатын маңызы мен ерекшелігі туралы Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ерекше атап өткен болатын. Жалпы, Есік қорғаны екі қабірден тұрған. Үлкен және кіші қабірден. Үлкен қабір бірнеше рет тоналған. «Алтын адам» дәл осы кіші қабірден кездейсоқ табылып, біздің заманымызға дейін сақталып жетуін Қазақ халқына бұйырған ерекше бір бақ дер едім, – дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің Тарих және әлеуметтік педагогикалық факультеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының ассистенті Зәуірбек Исаев

Осылайша ол азаттықтың символына, Мәңгілік Елдің мақтанышына айналды. Тіпті төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді. Жаһанға таңсық болған перғауындардың зиратынан аңызы асып түскен, Қырымда һәм Эрмитажда тұрған жәдігерлердің ешқайсысының бағасы тең келмейтін Алтын адам – Ұлы даланың ұрпағы үшін де мәңгілік мақтаныш!

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР