Астанаға 20 жыл

Мәңгілік елдің алтын қазығы

sdr
Written by Aray2005

Астана қаласының 20 жылдығына орай облыста ұйымдастырылып жатқан «Ел жүрегі–Астана» атты аудандардың мәдениет және өнер күндері бұл аптада Байзақ пен Шуда жалғасын тапты.

Биыл ауданның 80 жылдығын атап өткелі отырған байзақтықтар қос мерейтойды «Шұбат, қымыз – деніміздің саулығы, еліміздің байлығы» атты аудандық этномәдени фестивальмен мерекеледі. Мұндағы мақсат – халқымыздың дертке дауа, жанға шипа ұлттық сусынының қадір-қасиетін арттыру.
Қымызмұрындыққа қатысқан қонақтар мен жергілікті жұртшылық әуелі қылқалам құдіретін танытатын туындылармен танысып, білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі мекемелердің қолөнер шеберлері жасаған бұйымдарды тамашалады. Әр округтен жайылған дастархандағы ұлттық тағамдардан дәм татты. Елді мекендерден келген қымыз өндірушілер өз өнімдерін және оның әзірлену әдісін таныстырды. Ұлттық сусынға қатысты мақал-мәтелдерді айтып, сайысқа түсті. Қымыз ішуден жарысқандар арасынан он екі керденді тоқтамай сімірген суханбайлық А.Көпжасаров бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, №2 Байзақ спорт мектебі жеткіншектерінің қатысуымен қой көтеру, асық ату, ләңгі тебу, ханталапай, шекемтас сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатқа ие болды. Бұдан соң қонақтар мәдениет үйінің фойесіне қойылған сурет және кітап көрмесін тамашалап, тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлерімен танысты. Астананың 20 жылдық мерекесін ұлықтаған шара соңы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ал, Шу ауданындағы шара домбырашылардың «Ерке сылқым» күйін орындауымен басталды. Аудандық мәдениет үйіне жиналған көпшілік назарына халқымыздың тұсау­кесер салты көрсетіліп, жұрт тәй-тәй басқан бүлдіршіннің қадамына құт тіледі, шашу шашылды.
Ауданның көркемөнерпаздары әзірлеген концертте «Шу қаған» театры «Төле би баба» атты қойылымын көрсетті. Кеш қонақтарының назарына «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблі, «Әсем әуен» фольклорлық тобы өнерлерін ұсынды. «Достық», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, «Қазақ ұлттық өнер университетінің» атақты профессоры Ә.Желдібаев, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, жыршы-термеші Аяз Бетбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Шу қала­сының Құрметті азаматы, ақын, сазгер Б.Исаеваның шығармалары орындалды.

Жансұлу Абуова,
облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері

ПІКІР