Рухани жаңғыру

Мәңгілік рухани манифест

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жария еткеніне де біраз уақыт болды. Ол туралы пікірлер барлық ақпарат беттерінен талқыланып жатыр. Осы орайда, еліміздегі рухани жаңғыру үрдісінің барысын өз тарапымыздан пайымдап көргенді жөн көрдім.

Біз «Рухани жаңғыру» дегенде, алдымен, көзге көрінбейтін бірақ, жүректен, санадан, көңілден, жадыдан орын алатын құндылықтар жайын сөз етпекпіз. Бұл, әрине, білімге, тәрбиеге қатысты дүниетанымдық ұстаным негіздерін анықтауды қажет ететін адам өміріндегі маңызды сала болып саналады. Сондықтан, бірінші «Жаңғыру» деген сөздің мағынасын дұрыс түсініп алуымыз керек. Біздіңше, «Жаңғыру» деген, белгілі бір тұрақты сипаты бар құбылыстық нәрсенің негізін сақтап, сол арқылы оның тарихи тамырын, мәдени жалғастығын үзбей, жаңа заман үрдісіне орай оның жетекші маңызға ие ізгі өркениеттік мұраттық үлгісін анықтап, мақсат қойып, соны орындауға бағытталған іс- әрекеттер қозғалысы мен қызметтерінің нәтижедегі көрінісі екенін білуіміз шарт. Өйткені, жоқ нәрсеге «Жаңғыру» деген сөзі қолданылмайды. Дәл қазір, «Рухани жаңғыру» деген біздегі бүгінгі бар нәрсеге, ұлттық санамыз бен дүниетанымымызға қатысты мәселеге қозғау салып тұрғаны анық. Біз «Ұлттық сана, дүниетаным» дегенде белгілі бір жеке атақты тұлғалар, ғалымдар, саясаткерлер емес, тікелей елдік, халықтық санада тұрақты қалыптасып сақталған рухани құбылыстық сипаты бар мәнді айтамыз.

Әлемдік ғылымда дүниедегі адамзат мәдениетін дамытқан екі өркениет үлгілерін – көшпелілер мен отырықшылар мәдениетін ерекше атап көрсетеді. Біз бұл жерде «Рухани жаңғыру» дегенде, Ұлы дала төсіндегі көшпелілер өркениетінің табиғи рухани және шаруашылық тетігінің даму шыңына жеткендегі мәдениетінің мұрагері аталатын осы күнгі қазақ мәдениеті мен оның дүниетанымына қатысты көзге көрінбей, жазуға түспей тек жүректе, санада, көңілде, жадыда сақталып келген рухани құндылығы туралы айтып жеткізудің жөні келді деп білеміз. Соңында даңқы, бай мұрасы қалған ата-бабалар туралы аңызға айналған тарихы бар өнегелі жайт «Рухани болмыс» туралы сөз айтып, рухани жаңғыруды көздейміз. Көшпелі өркениетін рухани дамудың шырқау биігіне көтерген ата-бабаларымыз, бұған дейін ешқандай ғылымда, философияда, әлем әдебиеті мен мәдениетінде, діни ілімдерде де кездеспейтін дүниетанымдық тұжырым ережесін о бастан бір ауыз сөзге сыйдырып айтып өмір сүрген еді. Ол «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы!» деген саналық түйсіктен туып, саналық жадыда жатталған ұлы даналық тұжырымы бар бір ауыз сөз.

Дүние ескірсе де, ел өзгеріп, дүние төңкеріліп, мәдениет жаңарса да, жаңа өркениет пайда болса да, бұл адамзат барда ешқандай да өзгеріске түспейтін, мәні өзгермейтін, бар адами рухани құндылықтарды жетегінде ұстап отырған «Ұлы Жан сөзі» осы еді. Оны айтатын бабаларынан мирас еткен тек «Қазақ» деген ел болды. Осы бір ғана сөз әлемдегі бар көптомдық философия мен психологиялық зерттеулердің жеткізетін бірақ ауыз түйіні болып тұр деп есептеуге болады.

Бұл даналық сөздегі сипатталған нысандық кейіп «Малым..» сөзінің жаңа заман өркениетіне байланысты ұрпаққа түсінікті болу үшін өзгертіп, «Бар жиған дүнием – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы!» деп айтылса да, мағынасы мен мәнін жоймайды. Тек «Малым…» деген сөздің қолданылмай қалуы көшпелі өмір өркениеті тудырған даналық тұжырымның айнасы екенін білдіретін тарихи нұсқасын жоғалтып алады демесек. Ал, «…Арым – жанымның садағасы» деген кемел адамгершілік болмыстағы тұжырымды сөзді ешқашанда көнермейтін, тек ұлт мәдениетін ғана емес, адамзат мәдениетін рухани жаңғыртып дамуға жетелеп отыратын «Мәңгілік рухани манифест!» деп қабылдауымыз керек. Бұл күшті айтылған тұжырымды сөзді тек, рухани кемел, өмірдегі өнегесі үлгілі күшті адамдар ғана айта алады және бар іс-әрекеттерін сондай ұстаныммен жүргізіп отырады. Яғни, бұл біздің ата-бабаларымыздың шынайы күшті болғанын мойындататын жайт. Әлсіз жандар мұндай тұжырымды ой мен іс-әрекетке ешқашан да бара алмайды. Отырықшы, «дүние жинағыш» өркениеттен, көшпелі «арын арқалап жүретін» өркениеттің рухани айырмашылығы мен артықшылығы осы бір дүниетанымдық тұжырым мен ұстанымда жатыр.

Енді, осы қос өркениеттің біріккен заманында рухани жаңғыру мәселесінде адамзат дамуындағы басты ұстанымдық үлгі мен іс-әрекеттер қызметі бабалар қалдырған бір ауыз сөзбен түйінделіп отыруы керек екенін батыл айтуымызға болады. Ондай болмаған жағдайда адамзат әлемі рухани дағдарысқа ұшырап, оның жойылып кетуіне қауіп төнуде. Өйткені, қазіргі адамзат өркениетінің даму жағдайы осындай ата-бабаларымыз айтып кеткендей «Мәңгілік рухани манифестік» ұстанымды қажет етіп тұр. Сонымен қоса, бұл манифест тек ұлттық емес, адамзат құндылығына жататын басты әрекеттерге жетекші болатынын көрсетіп отыр.

Ата-бабаларымыз бұл «Мәңгілік рухани манифесті» ұстанғанда айналадағы адамдардың әртүрлі психологиялық типтердегі ерекшеліктерін де аңғара біліп, олар туралы ұрпақтарына қайта-қайта айтып, мәлімет беріп, ескертіп отырған көрегендіктерін де ерекше бағалауымыз керек. Бұрынғылар қазақ адамдардың cол психологиялық типтік ерекшеліктерін олардың ішкі рухани болмыстық сипаттарына бөліп қараған. Ал, ішкі рухани болмыстық сипат дегеніміз сол, ол адамның сыртқы іс-әрекет қимылдарына тікелей әсерін тигізіп, нәтижесін және сапалық үлгісін көрсетіп тұрады. Ол рухани болмыстық сипат ерекшеліктері негізінен ұлтқа, нәсілге қарап жіктелмеген. Олар жалпы адам баласына тән болмыстық құбылыс ретінде қаралған. Бұл рухани болмыстық құбылыс түрлері алтыға бөлінеді. Олар: 1) Әруақтық болмыс; 2) Адамдық болмыс; 3) Пенделік болмыс; 4) КүнәҺарлық болмыс; 5) Құлдық болмыс; 6) Хайуандық болмыс.

Міне, осындай рухани болмыс түрлерінің «Ең жоғарғы нұсқасы» деп, қазақ «Әруақтық болмыс» пен «Адамдық болмысты» үлгі етіп ұстанған. Қалған рухани болмыс түрлерін төменгі деңгей ретінде танып, ұрпағынан сол биіктен құлдырамауын талап еткен. Ол жөнінде ел ішінде «Әруақ десең кем болмайсың, пенделермен тең болмайсың», «Әруақ риза болмай, тірі байымайды», «Әруақ десең асасың, жаудың мысын басасың» деген сияқты көптеген даналық сөздер бар. Бүгінде көп адам «Әруақ» деген сөзді естісе, шошынып қорқатын жағдайға жеткен. Өйткені, олардың миына бөгде елдің діни, саяси идеологоиялары кірігіп, санасына сіңіп, өз қағынан жиренетін жағдайға жеткізген. Оның үстіне «Әруақтық болмыс» талабын орындауға қауһарлары да жоқ.

Бұл тұрғыда біз «Әруақтық болмыс» пен «Адамдық болмыс» ұстанымындағы айырмашылықтарды да білуге тиіспіз. «Әруақтық болмыс» аса дарынды, өнегелі ұлағатты адамдарға тиесілі ұстаным. Бұрынғы замандарда оған дүйім елді соңынан ертіп, өздерінің іс-әрекетіне сендіре алған қағандар, хандар, билер, батырлар, абыздар ие болған. Бүгінде бұл санатқа өте дарынды шынайы ғалымдар, өнер иелері, білімді саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері және әлем өркениетінің дамуына ықпалы бар аса өнегелі жандарды жатқызуға болады. Ал, «Адамдық болмыс» барлық адам иесіне, олардың табиғатына тән ұстанымның тұрақты үлгісі. Бұл адамға адамгершілік қалпын сақтап, ар-абыроймен өмір сүруге бейімдейтін жоғарғы сапалық деңгей. Атам қазақ төл тарихында осы екі жоғарғы деңгейлі ұстанымды өзінің сапалық дәрежедегі үлгісі ретінде сақтап, ұрпағына мирас ете білген. Одан төмендеп кетуге арланған. Сол себепті де «Адам» болуға, тіпті, одан да күшті «Әруақты» болуға ұрпағын тәрбиелеген.

Өкінішке қарай, соңғы кездері ұлттық дүниетанымы­мыз­дағы осы керемет рухани ұстанымымыздан айырылып қалдық. Соның салдарынан сыбайластар да, жемқорлар да, күнәһарлар да өз-өздерін ақтап, алдарқатып өмір кешуде. Тіпті, ұстаздардың өзі ұстаздық ұстанымның қандай екенін ұмытқан, жеке тұлғаны қалыптастырудағы рухани мақсаты түсініксіз десек те болады. Осындай алдамшы әрекеттердің сиқын ашып елді ұйқыдан оятатын, шынайы өмір жолына шақыратын қазақтың ұлттық дүниетанымы – Мәңгілік рухани манифест «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген тұжырымды ұстанып әрекет ету көкейкесті мәселе болып тұр.

Адамның, тіршілік иесінің өмір сүру алаңы Уақыт пен Кеңістіктен тұрады. Уақыт кеңістікті қамтиды. Оларды саналы өмір иесі ғана көріп, сезіп біледі. Саналы иесіз уақыт пен кеңістік мүлгіген қозғалыссыз, тыныссыз әлем. Осы ұлы құбылыстың Әруақтық үлгісін ата-бабаларымыз, қайталап өтейік, ұлы даладағы көшпелі өмір салтын өткеру кезінде, бүкіл әлем жұрттарынан бұрын түсініп, түйсініп, бір ауыз сөзімен түйіндеп, ұрпағының жүрегіне, санасына жеткізіп қалдырып кеткен екен. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген сөз ұрпақта рухани құлдыраудан сақтап, жаңғыртып отырудың «Мәңгілік рухани манифесі» болып табылатын дүниетанымдық тұжырым еді.
Бұдан түйіп айтқанда, «Адам алдымен дүниені емес, «Жанды» қорғау керек. Жанды сақтау үшін «Арды» қорғау қажет». Ал, арсыз адам жанын да, тәнін де қорғай алмайды. Жанын, тәнін қорғау «Арлы адамның» ғана қолынан келетін іс. Сондықтан да, бүгінде, «Арлы адамдар» дәуірінің көшін бастап, айналамызды рухани жаңғыртатын кез келді.

Айдархан СИХАЕВ,
Қазақстан Суретшілер Одағы облыстық филиалының төрағасы
Тараз қаласы

ПІКІР