Мәңгіліктің мұнарасы – махаббат!

0 2

Бізге дейін де толқыны тау қопарып, тас жарған, бізден кейін де көкке шапшып, көкжиектің арнасынан таситын өмір һәм уақыт арнасының күретамыры, ол – махаббат екені ғұмырлық ақиқат. Адамзат баласы үшін бұл сезімнің құдіреті, қасиеті, киесі ерекше. Себебі ақ еділ сезімдердің ардақтысы болмағанда, адамзат та болмас еді. Адам ата мен Хауа анамыздың табаны жұмыр жерге тиген сәттен күні бүгінге дейін бұл сезім әр жүректің бойтұмары екені жасырын емес. Бұл жайында халқымыздың ұлы ойшылы, хакім Абай «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны теңеп қос» деп бір ауыз сөзбен түйіндеп кеткен болатын. Қанша жерден құндылықтар алмасып, көзқарастар өзгеріп, таным-түсініктер түрленсе де махаббаттың мұнарасы өз биігінен түспек емес. Бүгінгінің әлманахында тайға таңба басқандай бедерленген махаббат мейрамы да бар. Ол – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», яғни ғашықтар күні мерекесі.

Көмбе-көмбе көне тарихымыздың түп-тамырына көз жүгіртіп қарасақ та адамзаттық, ұлттық, тәрбиелік махаббаттың інжу-маржандарын кезіктіру қиын емес. Түркілік дәуірдің өзінен мәңгіліктің мәжнүні атанған хас сұлу, хас батырлардың тағдырлы тарихын табуға болады. Біз білетін «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Қайып-Ақбөбек», «Естай мен Қорлан», «Мақпал қыз», «Құл мен қыз», «Күлше қыз-Назымбек», «Есiм серi-Зылиха» сынды ғашықтық дастандары әдебиетіміздің ғана емес, қалыпты өміріміздің де қатпар-қатпар қазынасына айналып кетті. Осылардың арасында бізге 33 нұсқадағы жыр болып жеткен «Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың» орны тым бөлек.
Халқымыздың ардақты перзенттері Ш.Уәлихановтан бастап, Мәшһүр Жүсіп, М.Әуезов, Ә.Марғұландар зерттеп-зерделеген бұл дастан, расында, ешқашан маңызын жоймайтын өмір дастаны десек, асып айтқандық болмас. Мұндағы Қозы образы адал махаббаттың, ізгілік пен іңкәрліктің иесі болса, Баян бейнесі қазақ мәдениетіндегі әдеміліктің, ақылдылықтың, парасаттылықтың, тұрақтылықтың айнымас үлгісі. Өз уақытында Ә.Марғұлан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры – қазақ эпосының ең ескі, ең жойқын түрі. Мәңгілік жыр» деп бағалап кеткен символдық сезім иелері қашанда өмірбұлақтың кіршіксіз кәусары, өскелең ұрпақтың өшпес өнегесі болып қала бермек. Себебі әр дәуірдің өзінің Қозысы мен Баяны болады. Ол – өмір заңдылығы. Уақыт өте келе олардың есімдері де өмір шежіресінде жазылуы бек мүмкін. Мәселен «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырында екі ғашықтың бір-біріне деген адал, пәк, кіршіксіз таза сезімдері суреттеледі. Дастаннан Қозы Көрпештің Баянды шын сүйетіндігі, өзінің сүйгенін жоғары бағалайтындығы айқын көрінеді. Тіпті өзінің сүйгені үшін бәріне де дайын екенін дәлелдейді.
Қозы Көрпеш ескі заманда адал махаббат пен таза сүйіспеншілікті іздегендіктен мәңгіліктің жадында жағымды образ болып қалды. Ол алдынан шыққан қиыншылықтарға қарамастан, өз сезіміне берік болып, шынайы махаббаттың бар екендігін дәлелдеді. Ал Баян сұлу ақылды да инабатты ару. Оның сұлулығы былай жырланады:
Баян сұлу он төртке келген екен,
Тал шыбықтай бұралған ол бір керім.
Беті аппақ, ұшы қызыл, қара көзді,
Қиғаш қара қасы бар сондай көрім.
Аппақ көрік, маңдайлы, қолаң шашты,
Шашының ұзындығы тізе басты.
Аузы гүлдің шашағындай, тісі меруерт,
Мұндай сұлу жаһанда жаралмас-ты…
Ақылына көркі сай Баян сүйгеніне ешкімді ауыстырмайтын, өзінің атына берік, өз сезімі үшін жан дүниесімен беріліп, ақтық демі қалғанша арпалыса білген күрескер жан.
Әрине, ең соңында екі ғашықтың қосылмағаны көңілге кірбің түсіреді. Десек те қос ғашықтың есімдері мәңгілікпен үндескені махаббаттың ешқашан өлмейтіндігін дәлелдеп тұрғандай.
Әйтпегенде махаббатсыз тарих та, әдебиет те, тіпті тіршіліктің өзі де болмас еді.
Ал жүрегі қашанда ұлтының кешегісі мен келешегі үшін жұлқына соғып, жыр нөсерлеткен Мұхтар Шаханов:
Бірге бірді қосқанда не болады?
Онда өмірден жалғыздық жоғалады.
Жоғалсын, мәңгі көргің келмес оны,
Білемін, аңсайсың-ау сен де соны.

Иә, өмір бір күн шаттық, бір күн егес,
Тірліктің барлық мәні күлкіде емес.
«Екі» деген егіз сан аман болса,
Менің жалғыз қалуым мүмкін емес! – деп толғанады.
Расында, адамзат баласы үшін риясыз мәуелі махаббат сезімінен асқан асқақ сезім жоқ. Ал махаббат болмаған жүрек ешқашан бақытқа да кенелмесі анық. Осы ретте 15 сәуір – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күніне орай көнеден «Қарахан мен Айшаның», кешеден «Болат пен Айнұрлардың» рухы кезген тараздық жас жазба ақындардың ғашықтық жырларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.