"Нұр Отан"

Мәні терең монография

Written by Aray2005

Сейсенбі күні «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бақтияр Алдашовтың «Антикоррупционная политика партии «Нұр Отан»: региональный аспект» атты монографиялық еңбегінің тұсаукесері өтті. «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай жарық көріп отырған ғылыми еңбекте автор партияның құрылу тарихына, еліміздегі жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, шетелдік тәжірибені негізге ала отырып, салыстырмалы түрде сипаттайды. Кітап төрт тараудан тұрады.

Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов ашып, жүргізіп отырды. Ал жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруда алдағы уақытта үлкен үлесін қосады деп күтілген еңбектің авторы Бақтияр Алдашов кітап мазмұнына қысқаша тоқталды.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы халыққа арнаған Жолдауында айқындалған маңызды міндеттердің қатарында сыбайлас жемқорлықпен күреске және заңның үстемдік құруына айрықша басымдық берілген. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолын кеспеген елде өркендеу де, өрлеу де болмайды. Бұл тұрғыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң қабылданып, өзге де құқықтық жаңашылдықтар енгізілуде. Жыл сайын республикалық және аймақтық деңгейде ғылыми конференциялар, «дөңгелек үстел» отырыстары, семинарлар, көптеген алдын алу шаралары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Дейтұрғанмен атқарылып жатқан жұмыстар жемқорлық мәселесін түбегейлі шешуге аздық етуде. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да бір сәтке болсын бәсеңдемеуі керек деп ойлаймын. Тиісінше әрбір азамат жемқорлықтың жолын кесуге қолынан келгенше септігін тигізсе, тіпті нұр үстіне нұр болар еді. Ал өз еңбегімде әлеуметтік мәселені шешуге аз болсын үлесімді қоса алдым деп ойлаймын, –
деп сөзін қорытындылады Бақтияр Әбілқайырұлы.
Келесі кезекте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Равиль Тюлебаев сөз алып, жемқорлықтың алдын алу бағытында департамент тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар өзге жиынға қатысушылар мінбеге көтеріліп, тұсауы кесілген кітап туралы ойларын ортаға салды.
– Монография жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Қазір монография жаза алмайтын ғылым докторлары көп. Сондықтан Бақтияр Әбілқайырұлының бұл еңбегі Жамбыл облысындағы ғылыми интеллегенцияның олжасы деп санаймын, –
деді облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген.
Кітаптың салтанатты түрде лентасы қиылғаннан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Т.Берікбайұлы

ПІКІР