Жамбыл жаңалықтары

Маңызды мәселелер оң шешімін табуда

Written by Aray2005

Жамбыл облысында әлеуметтік мәселелерді шешуге және ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Ағымдағы жылы түрлі мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында Байзақ ауданында 173 жобаны іске асыруға 12,9 миллиард теңге қарастырылды. Бюджет қаражатын 143 шақырымдық автомобиль жолдарын, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет мекемелерін салуға және жөндеуге, ауыз су, газбен қамтуға, электрмен жабдықтауға, абаттандыруға және басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағыттау жоспарлануда.

Жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Байзақ ауданына барып, жөндеу-құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Екі мыңнан астам адам тұратын Қостөбе ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 75 оқушыға арналған орта мектепте қосымша кеңейту құрылысы жүргізілуде. Кеңейту жобасында асхана мен спорт залы бар болғанымен, акт залы қамтылмаған. Бердібек Сапарбаев бұл олқылықты түзетіп, жобаға түзетулер енгізу керектігін ескертті. Жалпы, биыл ауданда бір жаңа мектеп және екі жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізіліп, 9 мектепте күрделі жөндеу, 12 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылмақ.
Өңір басшысы осы ауылдағы су тарту нысандары мен су құбырлары құрылысының барысымен де танысты. Бұл жұмыстарға 27 адам жұмылдырылған десек, оның 15-і жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылған.
– Жобаны аяқтау келесі жылға жоспарланғанымен, сіздер нысанды мерзімінен бұрын пайдалануға беруге тырысуларыңыз керек. Сондай-ақ ауызсудың сапасы мен қорына назар аударыңыздар, – деді Б.Сапарбаев мердігер өкілдеріне.
Ынтымақ ауылдық округінің Мәдімар ауылы Жамбыл облысының ең «Үлгілі ауылы» атағына үміткер. Ауыл тұрғындары ауыз су, электр энергиясы және газбен қамтылған. Мәдениет үйі мен пошта бөлімшесі бар, бүгінде спорт алаңы салынуда. Ағымдағы жылдың басынан бері мұнда бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары қайырымдылықпен белсенді түрде айналысып келеді. Айталық, көпбалалы мұқтаж отбасына әкімдік 15 сотық жер телімін және құрылыс материалдарын бөлсе, ал ауыл тұрғындары аталған отбасына өз үйін тұрғызуға асарлатып қол ұшын беруде.
Ауылдағы 1965 жылы салынған орта мектепте 300-ден астам бала білім алуда. Биыл оқу орнын күрделі жөндеу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 280 миллион теңге бөлінген. Бердібек Сапарбаев мектеп аумағын абаттандыру қажеттілігін атап өтті.
Көктал ауылында аймақ басшысы сумен жабдықтау жүйесі құрылысының барысын барлады. Биыл ауданда ауызсумен қамту бағытындағы 10 жобаны іске асыруға 4,7 миллиард теңге қарастырылған. Су құбыры Талас, Сарыкемер, Байзақ, Көктал, Қостөбе, Сеңкібай, Жаңатұрмыс және Бурыл ауылдарына тартылмақ. Мәдімар және Дихан ауылдарындағы желілер де жөндеуден өтетін болады.
13 мыңға жуық тұрғыны бар Бурыл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, орта мектептің, 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталып, су құбыры желісін қайта құру, бірқатар көшелерде жарықтандыру жүргізу жоспарлануда. Өңір басшысы нысанның құрылыс барысымен танысып, ақсақалдармен кездесті.
– Мемлекет ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін маңызды шаралар қабылдауда. Сіздердің ауылдарыңыз – тамаша үлгі. Тек осы жылдың өзінде әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге 2,6 миллиард теңге бөлінді. Өз кезегінде сіздер де ауылдағы тәртіпті қамтамасыз етуге, мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға, жастар арасында татулық, түсіністік және ұлтаралық келісімге негізделген тәрбие жұмыстарын күшейтуге назар аударуларыңыз керек. Жастардың күш-жігерін шығармашылыққа бағыттау – аға буынның басты міндеті, – деді облыс әкімі ақсақалдармен әңгіме барысында.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР