Маңызы ізгі, мақсаты игі бастама

0 27

Кітап арқылы оқырмандардың, жастардың жан-жақты білім алуымен қатар, патриоттық рухта тәрбиеленуіне, отансүйгіштік қасиетін қалыптастырып, ғылыми, кәсіби, мәдени дәрежесінің дамуына әсер ету мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Кітап – сарқылмас қазына» атты кітапханаларға «Кітап сыйла» акциясы өтті.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, Қазақстан жетістігі мен жеңістерінің символы – Нұр-Сұлтан қаласының туған күні қарсаңында ұйымдастырылған шараның шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек құттықтау сөзімен ашып, игі бастаманың мән-маңызына кеңінен тоқталды.
Әрі қарай ҚР Мәдениет қайраткері, мәдениет саласының ардагері, өлкетанушы Әлібек Әмзеұлы, көрнекті ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, облыстық мәслихаттың хатшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, ардагер журналист Қалыбек Атжан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенова кітапхана қорына өздерінің арнайы акцияға деп алып келген жүзге жуық кітаптарын тарту етті. Өз кезегінде аға буын өкілдері жан қазынасы үшін берекелі бастаманың берері мол екеніне тоқталып, пайымды пікір, оралымды ой, мерекелік лебіздерін ортаға салды.
Ал, ұйымдастырушылар кітапхана қонақтарына алғыс білдіре отырып, сый ретінде «Кітапхананың құрметті оқырманы» лентасын табыстады.
Айта кету керек, ұрпаққа үлгі болар игі іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасын таппақ.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.