"Шабыт"

Маралтайдың мұнарасы

Written by Aray2005

Маралтаймен дос болу, Маралтайша өлең оқу, Маралтайға еріп жүру, сілтеген соң, Маралтайша сілтеу – тоқсаныншы жылдардың алас-қапасында абдыраңқырап тұрған Алматыны сілкіндіріп, сілкіндіріп жіберетін. Маралтай кірген орта бөрі тигендей дүрлігіп, әлгі дүрлігудің соңы дүрмен дүбірге ұласып жататын-ды дүр. Мен, бірақ Маралтайдың «Маралтай» атын сыртынан естігенім болмаса, өзімен бетпе-бет, жүзбе-жүз кездеспеген екем. Жырқұмар жұрттың аузындағысы «Маңырама» емес Маралтай болып кеткен соң, «сол дәупірімді көрейінші өзі» деген ойға бекідім бір күні. Ол уақытта ақындар мен жазушылардың, журналистер мен баспагерлердің ауылына соға қалсаңыз, дымқылы кеппеген Маралтайдың ізіне кездесетінсіз. Мен ақынмен Жазушылар одағының алдында, Хан Абылай көшесінің бойында ұшырастым. Қасымда Әлібек бар еді, дулы ортаға менен бұрын кіріп үлгерген курстасым әбден таныс екен, бұйра шашы бұрқырап, бураланып келе жатқан сойқанды сонадайдан көрсетіп: «Әне, Маралтай», деді. Десе дегендей-ақ екен, ай-бозым! Күркіреп келді, күркіреп келген бетінде күңіреніп өлең оқыды. Энергия деген есіп тұр.

Бұл, сірә, тағат таптырмайтын бойындағы тасқын атқан күш-қуат болса керек, көз алдымда кең дүниеге сыймай аласұрып, атой салды. Маңайымызда суқаны сүймейтін біреулер болды-ау деймін, әлгілерге доқ көрсетіп, жұдырығын біледі. Сөйтіп, аз-кем сәттің сәулесі тарағанша тарпаң мінезін танытып, топалаң жасай жаздаған ақын менің атымды естігенде, кенет жадырай күліп: «Кеттік!» деді. Содан кейін кеттік қой екеуміз. Алматыны ала таңнан тұрып шарлап, түнде кездік. Түнемелі орнымызды түсте сайлап, түлей түзге сіңіп жоғалған кездеріміз де болды. Жастар газетінде жұмысбастылығым аяққа тұсау болып ере алмасам, Маралтай Әмірхан досымен (Балқыбек), Әлібек інісімен (Шегебай) табыса кетеді. Әмірханмен әсіресе көбірек болады. Екеуі бірге пәтер жалдап тұрды. Бірге көшіп-қонып жүрді, жарыса жазды. Әмірхан марқұм әңгімешіл еді, о кісінің әңгімесі әріден, әлқиссадан, әпсанадан басталатын. Берідегі әңгімеге жоқ. Уақытты, заманды, заманның қиындығын сөз қылсақ, «е-е, бәрі де жақсы болады» дейтін де, ескіліктің сорабына оралатын. Сондай-сондай әңгімесімен Әбекеңнің мойны озып бара жатқанда, орта жолдан киіп кетіп Маралтай өлең оқиды. Әдетте сөзіне ешкімді араластырмай жалғыз сөйлейтін Әмірхан Маралтай өлең оқығанда көзі жайнап, түлеп шыға келетін. Олжастың мақамымен Әмірхан өлең оқыса, Маралтайдың қазан басы, қазан басын жапқан бұйра қара шашы жалбырап теңселіп, теңселіп кетуші еді-ау. Бір қарағанда бәсекелес, тағы бір қарағанда бәсекелес қана емес, бақталас көрінетін екі ақынның үндестігін, шынайы достығын, бір-біріне жанашырлығын іштей сезіп, сүйсінетін күндерімді қазір сағына еске аламын. Өйткені ғапыл дүние… ортамызда Әмірхан жоқ.
1991 жылдан өкше көтеріп, бері өткенбіз. Қадамын қаз басқан тәуелсіздік жылдары басталған. Саяси реформалармен экономикалық реформалар қатар келіп, ұзынның қысқарып, жуанның жіңішкерген тұсы. Бұқара халық азаттық рухын сезінбестен бұрын аш қарынды толтырудың амалына бет алды. Қарны торғай көжеге тойғандар тоғышарлықтың тойын бастап, рухани құндылықтар құлдыраудың құрдымына тасталды. Міне, осы кезде өзегі «өнер» деп өртенетіндер, әсіресе ақындар күйзелісті күй кешті. Бастапқыда өлең музасына қоғамның жадау халі мен мұңын бөлеп жырлаған ақындар бірте-бірте ұсақталып, қара басының қамын ұлттық зарға ұластырып, былай да жүдеу жанымыздың жапырағын жұла бастағанда Маралтайдың даусы естілді. Ақын рухты жырлады. Тәкаппарлықты жырлады. Еңкеймейтін еңсені жырлады. Ол қазақтың сөзіне дарыған Тәңірлік сипатты оятты. Маралтайдың жырларындағы қазақ сөзі жарқ-жұрқ етіп, жалаңдап, «жау қайдалап» шыға келді. Мысалы, былай:
Құдай-Көкте, Мен-Жердемін, Жердегі –
Қаламымда тағдырымның кермегі.
Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп,
Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі.

Кермегімде кешегімнің зәрі бар,
Өрнегімде өмірімнің зары бар.
Боздар болса, мен боздайын ботадай,
Жүрегімде аруана елдің қаны бар.

Сол қайғыны жою үшін ғасырлық –
Арманымды алмау үшін ғасыл қып.
О, Кер Далам, сөйлесін деп биіктен,
Батыр тудың күркіреген күйіктен.

Ақын тудың ұлан-ғайыр Тұранға
Бөрінің де көкірегін иіткен.
Олар сенің таптатқан жоқ гүліңді,
Бүлдірткен жоқ тіліңді.

Содан бері жазылып сан Ғазалдар,
Қирамады дейсің не дүр мазарлар!
О, Туған ел, мен сен үшін шаттанып
Һәм күйредім саған төнген ажалға әр.

«Басыбайлы бөтен тұтып баламды,
Сыйлаудан да қалып мүлдем анамды,
Игере алмай иірімге кетем бе,–
деп ойлаушы ем, – жат билеген санамды».

Дінім, ділім, ғұрыптарым – күш, қаным,
Қайта айналып қонса, рас ұшқаным.
Босағамда сүйек мүжіп төбеті,
Неге озады-ей төріме әлі дұшпаным!?

Бірлігімді тапсам-дағы жоғалған,
Қайдан табам тарихымды тоналған?!
Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың
Сәби-елге сәулеңді құй, о, жалған.

Кәрін қайта төкпесін деп жат әмір,
Уа, бабалар, балаларыңа бата қыл.
Үмбеттерің үмітіне ер салды,
Қолың бос па, демеп жібер,
О, Тәңір!

Тамырынан таратылып текті сөз,
Ал арманшыл асыл халқым, көкті кез.
Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр жетті кез…
(«У қайтару»).
Бұны біз «Маралтайша жырлау» дейміз. Жаратқанға «жар бола гөр» деп жалбарынып, жалынбай «Қолың бос па, демеп жібер» дейтінді біздің Маралтай ғана айта алады һәм Тәңірге дәл осылай тіл қату тек Маралтайға ғана жарасады.
Өлең ақынның шер толғау кеудесінен шыққан соң өз бетімен өмір сүріп кетеді. Өлеңде, ойда сондай қасиет бар. Маралтайдың өлеңдері дүниеге келген күннің ертеңінде желдей есіп, жел маядай көшіп, газет-журналдардың мақаласына рух болып сіңіп, елге керек есті сөздің өзегіне айналып жататын.
Маралтайдың көше кезген өлеңдері Үкімет пен Парламент үйіне де бұзып-жарып кіріп баратын. Маралтай биліктегі азаматтарға елдің еркін, халық рухын өлеңмен жеткізіп, жігер берді. Ақын, әрине, саясаткер емес, бірақ ақында өз дәуірін баурап әкететін алапат күш болады. Маралтай сондай күштің ақыны. Ол бір өзі бір дәуірдің жырын жазып, бір кезеңнің келбетін сомдады. Махамбеттерге, Шортанбай, Мұрат, Дулаттарға, Мұқағалилар мен Төлегендерге оралып, соғып тұратынымыз сияқты келешек ұрпақтың Маралтай мұнарасына әлі талай ат басын тірейтінін ішіміз сезеді.. Себебі:

Мен туғанмын –
Ер Мұхаммед өлген күн.
Мен болмасам,
жүрегіңді емдер кім?!
Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі:
Келеді деп…
Келген ақын,
сол – Менмін! – дейді ақын.
(«Мұхаммедті растау»).
…«Атқан оқтай, шапқан аттай» зымыраған дәурен-ай, уақыт бізді де ел ағасы дейтін жасқа жетелеп әкеліпті. Бұл жасқа үлкен беделмен, айналасын түгел қамтып келген досымыз алдымен Маралтай болды. Маралтай қазір ауылдың да, Астананың да Маралтайы. Игіліктен (ақын туып-өскен ауыл) басталған оның жолы Ақ Жайық, Арқа, Алтай, Жетісуды шарлап, даңғылын тапты. Ер жасың, төр жасың құтты болсын, қоңырым!

Дәурен ҚУАТ,
жазушы

ПІКІР