Астанаға 20 жыл

Мәрт мердігердің сыйлығы

Қордай ауданы Әлжан ана ауылындағы дәрігерлік амбулатория ел игілігіне беріле салысымен ғимаратпен іргелес орналасқан кіші футбол алаңшасы да тұрғындарға тарту етілді. Нақтырақ айтсақ, бұл алаңша ауылдың тарихи музейі мен дәрігерлік амбулаториясының құрылысын жүргізген «Аль-Аркаржан и К» ЖШС-ның директоры Бақытжан Мырзамұратовтың ауылдықтарға азаматтық тартуы екен. Қазақстанның әр өлкесін өз өңіріндей көретін Бақытжан Құдайбергенұлының мұндай жомарттығына ауыл тұрғындары дән риза. Құрылысты биылғы наурыз айында бастап, мамыр айында тәмамдаған кәсіпкер бұл алаңшаға 9 миллион теңгеге жуық қаржысын жұмсапты.

– Астананың мерейтойына тек атқарушы билік қана емес, атымтай жомарт азаматтар да атсалысуы керек деп ойлаймын. Өйткені, Елорда тойы – баршамызға ортақ қуаныш. Болашақ – жастардың қолында. Күні ертең осы ауылдан футболдың жарық жұлдыздары шығып, әлемді аузына қаратпасына кім кепіл? Сондықтан да облыс, аудан басшыларымен ақылдаса келе тұрғындарға осындай тарту жасағанды жөн көрдім, – дейді үлкен жүректі кәсіпкер.

Алаңшаның лентасы қиылып, есігі ашылғаннан кейін жиналған көпшілік мектеп оқушыларының шағын футбол матчын тамашалады. Барлық құжаттары реттелген соң, алдағы уақытта бұл спорт нысаны ауылдық округ әкімдігінің қарауына берілмек.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

ПІКІР