Мәрт мінездің иесі еді

0 0

Шынайы ұстаз әрбір адамның көңілінде өзінің бірегей болмысымен, қайталанбайтын бейнесімен қалады. Ол ең әуелі адамның жүрегіне ізгілік нұрын егуші болып қызмет етеді де, өзінің білім, парасат, ақыл деген артықшылығымен шәкірттің де дүниеге көзқарасын қалыптастырады. Киелі Құлан өңірінің Тереңөзек деген шағын ауылында арман аялап өсіп келе жатқан шағымызда да алдымызда бізді тәрбиелеген жақсы жандар болды. Әрине, түрлі пәндерден сабақ берген ұстаздардың шарапатын барынша сезіндік. Жақсылығын көрдік. Олардың әрқайсысы біз үшін бір-бір темірқазық сияқты еді.

Бізге орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Серік Спаналиев сабақ берді. Әрі сыныбымызға жетекшілік жасады. Кезінде Т.Рысқұлов ауданының бірқатар ауылдарында, атап айтсақ, Ақыртөбе, Алғабас орта мектептерінде мұғалім, мектеп директоры болып қызмет атқарған Серік Спаналиев ауылда да жемісті еңбек етті. Тереңөзек ауылындағы Жамбыл Жабаев атындағы №15 орта мектепте мұғалім болды. Кесіп сөйлейтін, ойын кім болса да қаймықпай айтатын бірегей мінездің иесі біздің есімізде сол бір қайратты қалпында мәңгіге қалып қойды. Мінез болғанда да «Ұзында өші, қысқада кегі» дейтіндей шатақ мінез емес, кәдімгі кескекті ердің сойындай мәрт мінез.
Шыны керек, адамды мінез тәрбиелейді. Ол үшін жаға жыртысып, біреумен ерегесіп жату шарт емес, бәлкім өзіндік ұстанымынан айнымайтын біртуған мінез керек. Өзінің пікірінде тұру үшін, бәлкім, сыртынан оқ атқандарды да айбарымен жасқап жіберетін мінездің болмағы ерге парыз сияқты көрінетін де тұратын. Шәкірттің болашағына деген алаңдаушылық, біліміне деген жауапкершілік те нағыз ұстаздың болмысында қалыптасқан бекзат мінез болса керек. Қия бассаң жазалайтын, бірақ жек көрмейтін, қайта әкелік қамқорлығын білдіре сөйлейтін Серік Спаналиевтің болмысы осындай қайталанбайтын мінезбен астасып жатты. Иә, өмірде қия басқан барлық адамға жаза бар. Ертең өмірдің асау толқындары жағасына лақтырып жібермеуі үшін, өмірдің таяғы арқаңа аяздай батпауы үшін мұны түйсінбек ләзім екен.
Әлі тірі орысты көрмеген ауыл баласы үшін орысша сөйлемек түгілі, орысша бір ауыз сөзді оқу да мұң еді. Сол кездегі «Чтение» дейтін шағын кітаптан Крылов мысалдарының орысша түсінігін сұрайтыны, оны білмей талай тығырыққа тірелгеніміз естен шыға қойған жоқ. Әйтеуір бар орысшамызбен жыл сайын алға «ілгерілеп» «Русская литература» деген оқулыққа ауыстық. Мұнда да сол. Пушкиннің «Капитанская дочка» деген шығармасын талдауға берген. Білгенімізше талдадық. Кейін өзі сабақ үстінде аталған повестің қаһарманы Емельян Пугачев туралы жақсылап әңгімелеп берді. Пушкин туралы да айтты. Бұл кітаптың ұлы ақынның қайтыс боларынан бір апта бұрын жарық көргенін, аталған кітап сол уақыттағы «Современник» журналында Петр Гриневтен қалған мұра секілді жарыққа шыққанын, кейіннен Тургенев, Булгаков сияқты орыстың мықты жазушылары жоғары пікір білдіргенін де сонда білдім. Ол уақытта Пушкиннің бірді-екілі өлеңдерін, «Онегиннің Татьянаға жазған хатын» хакім Абай аудармалары арқылы оқығанбыз. Ал Тургенев, Булгаков мүлде бейтаныс.
Менің мектепте жүргенде ептеп өлең жазатынымды білетін ол кісі маған орыстың атақты ақын-жазушылары туралы жиі айтатын болды. Бір күні Пушкин, бір күні Лермонтов, Маяковский, Есенин… кете береді. Сабақ үстінде де, кейін де. Тіпті өзі өмірден озғанға дейін ауылға барған сайын кездескенімізде де бұл тақырып толастамайтын еді. Қандай кітап оқып жүргенімді сұрайтын. Ал, мектепте жүрген баланың жазғаны қайбір өлең дейсің. Кейіннен аздап болса да ақын деген атымыз шығып, журналист ретінде де таныла бастаған шақтағы кейбір ізденістерде ұстаздың бұрынғы айтқан әдеби деректері алдымнан қайта шықты. Санада қалған сәуле қайта өзінің жарығын шашып, шұғыласына бөлей түсті…
Адам бойындағы кісілік, тектілік деген қасиетті ұғымдар оның алған атағымен, қызметімен өлшенбейді. Атақтының да, шендінің де талайы белгілі. Бірақ ұстаздық ұлы мамандық, егер шәкірт жүрегіне нұр сеуіп, ұмытылмастай естелік қалдыра алса ғана. Бір әріп үйреткенге қырық жыл қызмет қылатын ұлттың ұрпағы ретінде де ұстаздың ұлағатын ұмытпаған дұрыс. Серік Спаналиев ағайымыз өзінің ұстаздық дейтін ұлы жолында өмірінің соңына дейін адал қызмет еткен, шәкірттерінің жанына шуақ сепкен адам ретінде де есімізде. Кейде күйбең тіршілік, бітпейтін шаруалар ол кісінің жанында көп бола беруге мүмкіндік те бермеген шығар. Бірақ адамның көңілі ешқашан көнермейтін дүние. Естеліктер – ескірмейтін құндылық.

Өтірік көп адамның өмір сүру тәсіліне айналып бара жатқан кезде өтірікке жаны қас, шындық пен өтіріктің аражігін айыра алатын адамның да орны бөлек. Мінез дегеннен шығады, маймөңкелемей ашығын айтатын, кейде еменнің иір бұтағындай шарт кететін, кейде өзінде жоқ болса да өзгеге бөліп бергісі келіп тұратын мәрт мінездің иесі – Серік Спаналиев ағай еді. Бірақ мінез адамның өзімен бірге туса да, адамның өзінен кейін де өмір сүре береді екен. Ол – өзінен кейінгілерге де сабақ, өрнек болуы үшін де. Өмірдің сабақтарынан, адамның адамдығынан тағылым алу да осындайдан басталса керек. Дегенмен, мезгілсіз қаза кімдерді қайғыртпаған, ғапыл-жалған кімдерді мұңайтпаған. Артыңда айта жүретін ісің қалса, өрнек аларлық әрекетің болса, бұл да адам өзі тіршілігінде жетпей кеткен бір арманының орындалуы екен.

Хамит Есаман,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.