Қоғам

Мәселе көпірде ме, әлде жүргізушіде ме?

«Жол мұраты – жету» дейді дана қазақ. Расында да сапарға шықсақ, діттеген жерімізге жеткенше асығамыз. Алайда, кейбір жол айрықтарының жақын маңдағы елді мекендердегі көлік қозғалысына сай ескерілмеуі қайғылы жағдайларға душар етіп, қабырғаны қайыстыруда. Мәселен, бүгінде «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізінің Тараз қаласын айналып өтер жолының Түймекент ауылына баратын жолмен қиылысқан тұсы қауіпті аймаққа айналды. Пайдалануға берілгеніне де көп бола қоймаған жаңа жолдағы дәл осы қиылысқа көпір салынбаған. Ал, ауыл тұрғындары «Көпір керек» деп дабыл қағуда.

Байзақ аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл жыл басынан бері дәл осы жерде 5 жол-көлік оқиғасы орын алыпты. Оның екеуі адам өлімімен аяқталған.
Жақында ғана дәл осы тұста тағы жол апаты орын алып, бір жас өмір қыршынынан қиылды. Артында ба­ла­лары боздап қалды. Бұл жағдай ауыл тұрғын­да­ры­ның жанына аяздай батты. «Көпірі жоқ қиылыс қа­шан­ға дейін адам жанын жалмай бермек?..» деп ашынады олар.
– Бұл жол қиылысынан жалғыз түймекенттіктер емес, осы маңдағы бірнеше ауылдың тұрғындары қаламен қарым-қатынас жасайды. Өмір болған соң адам алуан мәселелерді ойлап отыруы немесе өте асығыс шаруамен көлік жүргізуі әбден мүмкін ғой. Сондай жағдайларда әлгіндей жерлерде қиылысқа келгенін байқамай да қалуы ғажап емес. Немесе көлікте қандай да бір ақау болып, тежегішті тізгіндей алмауы да ықтимыл. Сондықтан, үлкен қос жолдың қиылысына көпір салынуы тиіс. Мысалы, осы Таразды айналып өтетін жолмен қиылысатын тағы бір бағыттар Байзақ ауданындағы Дихан және Жамбыл ауданындағы Аса ауылдарына апарады. Оларға көпір салынған. Ал, неге Түймекент бағытындағы қиылыста көпір жоқ? – дейді осы ауылдың тұрғыны Дәурен Байгутдиев.
Ашынған жандардың сауалын алға тартып, біз «Қазавтожол» акционерлік қоғамының облысымыздағы филиалының есігін қақтық. Филиал директорының орынбасары Дәурен Төлтаевтың айтуынша, алаңдайтын ештеңе жоқ екен.
– Бұл жер «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықара­лық транзиттік дәлізінің бір бөлігі. Халық көп шоғырланған аумаққа жүк көліктерін кіргізбеу мақсатында Тараз қаласын айналып өтетін, жаңадан салынған екінші санаттағы жол. Жалпы ұзындығы 58 шақырым. Қазақстан Республикасының құрылыс нормативтеріне сай жасалған жобасы мемлекеттік сараптамадан өткен, оң қорытынды берілген. Мұнда 4 жол айрығы бар. Жолда жүру ережесі бойынша Тараз айналма жолы – басты жол, ал Түймекентке баратын облыстық мәні бар жол екінші дәрежелі. Түймекентке баратын облыстық мәні бар жолмен қиылысатын тұсына көпір салынбағанымен, ескерту белгілері қойылған. Тіпті, басты жолға жақындаған тұстан жылдамдықты бәсеңдеткіш («лежачий полицейский») де орнатылған. Әрбір тоқсан сайын және ауа райы қолайсыздық туғызатын көктем, күз мезгілдерінде бұл жолдың жағдайы тексеріліп тұрады.
Жалпы, Түймекент бағытымен қиылысатын тұсқа көпір салынбауының өзіндік себебі бар. 2008-2009 жылдары жол құрылысы жобаланғанда көліктер ағымы алдын ала зерттеліп, есептелді. Әлгінде айтқанымдай,
4 бағыттың ішіндегі осы Түймекент бағытындағы көліктер ағымы қалған үшеуінен әлдеқайда аз. Сондықтан, мұнда тоқтап, басты жолмен келе жатқандарға жол беру керектігін ескертетін белгілер қойылған, – дейді.
Алайда, тұрғындар мұндағы бағыттың тек Түймекент аулына тиесілі еместігін айтуда. Айтуларынша, Аймантөбе, Дихан, Дихан-2, Қарасу, Көкөзек, Суханбай, Жаңатұрмыс елді мекендеріне де тұрғындар осы жолмен қатынайды. «Жаңатұрмыстың жолына шығып кететін жерде тағы бірнеше елді мекендер орналасқан. Сол себепті, аталмыш қиылыстан өтетін көліктер аз болуы мүмкін емес» дейді ауыл тұрғындары. Бірақ, сала мамандары бұл тілектің орындалуы әзірге мүмкін емес екенін тілге тиек етіп отыр.
– Аталмыш жол жаңадан салынып, жуырда пайдалануға берілген. Әлгінде айтқанымдай, алдын ала көлік ағымы есептеліп, соған сай жобасы жасалып, тиісті қаржы бөлініп, жүзеге асырылды. Енді оны қайта қарап, көпір салу үшін тағы да қыруар қаржы керек. Негізінде ол жердегі көлік апаттары жүргізушілердің жол ережесін бұзуының салдарынан болып отыр. Яғни, Түймекентке баратын немесе шығатын көлік жүргізушілері белгілерге мән бермей, лезде өтіп кетуге асыққандықтан, сондай апаттарға ұшырауда. Жақында ғана болған оқиғадан кейін облыстық ішкі істер департаментінің ұйғарымдамасы бойынша тағы да жол қиылысына жақындағанда жылдамдықты азайтып, негізгі жолда келе жатқан көліктерді өткізіп жіберу керектігін ескертетін белгілерді арттырдық. Соңғы оқиғада «Volkswagen Vento» маркалы автокөлігінің жүргізушісі Алматыдан Ташкентке кетіп бара жатқан ауыр жүк көлігіне жол бермей, соқтығысқан. Егер басты жолдағы көлікті өткізіп жібергенде, қайғылы жағдай болмас еді ғой, – дейді Дәурен Төлтаев.
Рас, асығудың соңы апатқа апарып соқтырады. Дегенмен, ол жүргізушінің сол сәттегі нендей күйде болғаны бізге беймәлім. Қалай десек те қайғылы оқиға бірнеше рет қайталанған тұсқа көпір қажет шығар. Ауыл тұрғындарының тілегі жерде қалмас деген үміттеміз.

Қ.Рахметуллина,
Байзақ ауданы

ПІКІР