Сұхбат

«Мәселенің бәрі тәрбиеге келіп тіреледі»

Written by Aray2005

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең жоғарғы мемлекеттік қызметке кірісу сәтінде басымдық берген 10 бастаманың ішінде жастар мәселесі де бар. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жарияласа, Мемлекет басшысы биылғы жылды еріктілікті елге кеңінен насихаттауға арнады. Бұл дегеніміз – мемлекеттің бойында қабілеті бар прогресшіл ұрпаққа айрықша сенім артып отырғанын көрсетсе керек. Осы орайда, Елбасы мен Мемлекет басшысы сенім артқан өрендердің бел ортасында жүрген облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Арайлым Абдуалиевамен аймақтың жастар саясаты жайлы аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Арайлым Әділбекқызы, сізді студент кезіңізден белсенді екеніңізді білеміз. Жалпы осы ортаға, жастар саясатына қалай келдіңіз?
– Бүгінде жастар саясаты ел дамуының басты басымдықтарының бірі болып отыр. Осының нәтижесінде жастарға айрықша көңіл бөлініп, оларға қатысты барлық сала дамып келе жатқаны белгілі. Қарап отырсам, бұл салада жүргеніме 10 жылдан асып кетіпті. 2009 жылы көршілес Түркістан облысынан Тараз қаласына оқуға келгеннен бері Қазақстан Студенттер альянсының қатарында жастар саясатына араласа бастадым. Оқуды бітірген жылы «Jas Otan» жастар қанаты «Сәтті қадам» жобасы бойынша өңірдегі бірқатар мекемелермен меморандумға қол қойған екен. Осы жобаға мен де қатысып, жаныма жақын болғаннан кейін облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасын таңдадым. Аталған жобаның мақсаты бойынша 3 ай тегін іс-тәжірибеден өту керек. Дегенмен ол тәжірибенің екінші айы аяқталар тұста жастар ресурстық орталығына аға кеңесші ретінде жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Осылайша басшылар менің жұмысқа деген талабымды бағалап, қызметке қабылдады. Сол уақыттан бері ресурстық орталықта еңбек етіп келемін.
– Әрине он жыл аз уақыт емес. Ендігі жерде қоғамның қозғаушы күші саналатын жастар саясатының өңірдегі аяқ алысы туралы айта кетіңізші…
– Жастар саясатын түсінбейтін кейбіреулер елей бермеуі мүмкін. Бірақ бұл саланың идеологиялық маңызы өте жоғары. Одан бөлек, жастар болған соң оларға қатысты барлық сала қамтылады. Мемлекеттік бағдарламалардан бастап денсаулық, білім, кәсіпкерліктен бөлек психологиялық кеңес беруге дейін біздің құзырымызда. Аймақта 10 аудан, 1 қала мен облыстағы ресурстық орталықтың қызметкерлері жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ әр ауылдық жерлердегі жастар ісі жөніндегі мамандарымыз да бар. Олар бекітілген жоспармен жұмыс істейді. Өз тарапымыздан әрдайым зерделеп отырамыз. Өз кезегінде ондай мамандар тұрғылықты жердегі барлық жасты таниды әрі олармен жұмыс жүргізу үстінде.
Дегенмен, бізде NEET жастар баршылық. Шындығын айтар болсам, облыс орталығы мен Шу қаласында халық көп болған соң ол санаттағы жастарды анықтау көбіне қиынға соғады. Ал ауылдық жерлерде аталған санатқа кіретін жастарды мамандарымыз толықтай анықтап отырады. Биыл NEET жастарға ерекше көңіл бөлудеміз. Сондай-ақ Волонтер жылын да жоғары деңгейде ұйымдастыру басты жоспарларымыздың бірі.
Қазіргі таңда жастардың өзінде кез келген нәрсеге қызығушылығы болуы керек. Расында мемлекет жастарға барлық жағдайды жасап-ақ жатыр. Біз де әрдайым БАҚ арқылы, әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз арқылы хабарлап отырамыз. Сондықтан әр жас өңірде жастар саясатын іске асыратын орталықтардың бар екенін біліп жүруі тиіс.
– Иә, жастар саясатының ауылдық жерлердегі нұсқаушы мамандардан басталатыны шындық. Ондағы мамандарға қаншалықты көңіл бөлінген?
– Әрдайым ауылдық жерлерге барып, мамандарымыздың жұмыстарын зерделеп тұрамыз. Сондай-ақ жұмыс орнын назарда ұстап, жергілікті әкімдіктің шаруасына араласып кетпеуін қадағалаймыз. Себебі олар жас маман болған соң қосымша тапсырмалар жүктеліп, өзінің нақты ісі назардан тыс қалып кетуі мүмкін. Одан бөлек ауылдық округтің әкімімен тікелей сұхбаттасып, маманға қолдау білдіру қажеттігін ескертеміз.
Сондай-ақ ресурстық орталықта жұмыс істейтін мамандар жыл сайын оқудан өтеді. Мәселен психологтарды психологтар, теологтарды теологтар оқытса, сол секілді директорлар да бөлек курстан өтіп тұрады.
– Ресурстық орталықтың жастар ұйымдарымен байланысы қандай?
– Әрдайым тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Өйткені, жастар саясатын бір ғана басқарма мен ресурстық орталықтар іске асырмайды. Аймақта жастар қоғамдық бірлестіктері мен ұйымдары жетерлік. Биылғы байланысымыз волонтерлік жұмыстарды іске асыруға бағытталып отыр. Әрі аталған бағыттағы жоспарларымыз да ортақ десек те болады. Атап айтқанда, аймақта волонтерлік қозғалысты іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары 9 бөлім, 21 жобадан тұрады. Ол жобаларды іске асыруда «Jas Otan» жастар қанаты және «Ақ сұңқар» қоғамдық бірлестігімен бірігіп жұмыс істейтін боламыз. Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаменті, С.Жошыбаевтың ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы, облыстық қазақ драма театры сынды ірі мекемелермен де тығыз қарым-қатынастамыз. Бұдан өзге «Харекет» қайырымдылық және «Өркениет» сынды қорлары да бізбен бірге.
– Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта жастарға қатысты алаулатқан-жалаулатқан шаралар азайып келеді. Дегенмен оларға қатысты нақты адрестік жұмыстар атқарылып жатыр ма?
– Рас, қазір адрестік жұмыстарға басымдық берілген. Мұндай жұмыстарды іске асыру ресурстық орталықтың мамандарына тікелей жүктелген. Өткен жылы «Қамқор» жобасы қолға алынғаны белгілі. Сол кезде өңірдің әлеуметтік картасын жасадық. Әрине, мұндай ілкімді істі іске асыруға еріктілеріміз де қомақты үлестерін қосқанын айтпай кетпеске болмас.
Ал бүгінде жастарға кеңес беруге көңіл бөлінуде. Мысалы өз кәсібін бастаймын деген жастарға қай жақтан оқудан өтіп, қай банктен несие алуға болатындығын түсіндіреміз. Сол секілді, «Серпін», «Дипломмен – ауылға», «Жастар практикасы» секілді бағдарламаларға қатысамын деген ниет білдірушілер де бізден кеңес ала алады. Сонымен қатар өзіміздің сенім телефондарымыз іске қосылған.
– Арайлым Әділбекқызы, сіздіңше, бүгінгі қоғамда жастардың түйіні тарқамаған қандай мәселелер бар?
– Шынында, бүгінгі қоғамда қылмыс та, нашақорлыққа салынған жас та, ерте жүктілік те бар. Қандай мәселе болмасын тәрбиеге келіп тіреледі. Бұл орайда отбасы институтының дамымай отырғанын айтқым келеді. Рас, барлық ата-ана баласын жақсы болсын дейді, жамандыққа қимайды. Бірақ күйбең тіршіліктің соңында жүріп, баласының тәрбиесіне көп көңіл бөлмей жатады. Осының әсерінен бала ортаны дұрыс таңдамайды. Сондықтан тәрбиені тал бесіктен берсек, қоғамдағы келеңсіздіктер азаятын еді.
– Сөзіңізбен толықтай келісемін. Жастардың қателесуіне бос уақытын тиімді пайдалана алмау да сеп болып жатады. Қазіргі студенттер алтын уақыттарының қадірін түсініп жүр ме? Жалпы жастардың уақыты текке кетпеуі үшін сіздер бұл бағытта нендей жұмыстар атқарып жатырсыздар?
– Олардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі аудандық және облыстық байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Бір байқаудың өзіне бірнеше күн немесе ай бойы дайындалуы мүмкін. Сондай-ақ, экспедициялар мен экскурсиялар да ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде әрбір жастың зейінін ашып, туған жері туралы білімін жетілдіреді. Бір сөзбен айтқанда, барлық саланы қамтуға тырысамыз. Оның ішінде айта кетерлігі, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың балалары да назардан тыс қалған емес.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР