"Заң және біз"

Мәселеңіз бар ма, айтыңыз?!

Written by Aray2005

«Бейбітшілік пен келісім» жобасы Қордай ауданында болды

Өткен аптада ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында құрылған жұмыс топтары Қордай ауданында болды.

Ауданға келген ақпараттық топтың алғашқы жиыны аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтіп, онда жоба аясындағы жұмыс жоспарларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Аудан әкімі Рүстем Дәулет ақпараттық топтың мақсатын түсіндіріп, қарапайым халық үшін маңызы зор бастамаға аудан әкімдігі тарапынан тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Ал облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов жиынға қатысушыларға облыс әкімімен бекітілген өкімді таныстырып, ақпараттық топтың негізгі мақсаты мен басымдықтарын сөз етті.
Аталған топ құрамында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік мәселелер мен ауыл шаруашылығы мәселелерін, діни аспектілер мен қауіпсіздікті зерделеу секілді бағыттары бойынша бес жұмыс тобы бар.

Топ мүшелері ауданның барлық ауылдық округтерінде болып, жергілікті халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігіне және оларды қандай мәселелер толғандыратынына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар осы күндері этникалық топтардың жалпықазақстандық кеңістікке интеграциялану деңгейін анықтау бойынша шаралар ұйымдастырылып, түрлі спорттық жарыстар өтті. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылу аясын арттыру, мемлекеттік тілге деген құрметті нығайту, этностар арасында достықты бекемдеу, «Мәдениеттаным», «Ұлттаным» және «Өнертаным» турлары арқылы қазақ халқының тарихына, салт-дәстүрлеріне қызығушылықтарын ояту, қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықылас-ниетті жоғарлату мақсатында да іс-шаралар жүргізіліп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында жиындар ұйымдастырылды.
Жоба аясында облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутен мен облыстық «ARAI» жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төленді «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттерімен кездесті. Жастармен болған жылы жүздесуде алғаш болып сөз тізгіндеген А.Таутен білім алушы жастарға мемлекеттік тіл туралы кеңінен түсіндіріп, Абай Құнанбайұлының қара сөздерін оқуға кеңес берді. Сондай-ақ ресурстық орталықтың директоры өңірде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында атқарылып жатқан жобаларға кеңінен тоқталды. Бүгінгінің жастары ұлтқа бөлінбей, ұлттық құндылықтарымызды үйренуі қажет екенін баса айтқан ол қазіргі таңда білімге көп көңіл бөлу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар жастардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, өздерін дамыту керектігін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Дәулет Төленді татулық, ұлттар арасындағы достық тақырыбы төңірегінде ой қозғап, бүгінгі қоғамда өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді білу қажет екендігіне де баса назар аударды.
Расында бейбітшілік пен келісім жобасының тұрғындар үшін тиімділігі мол. Екі күн бойы әр саланың мамандары тұрғындармен кездесіп, толғандырып жүрген мәселелеріне ден қойды. Сондай шаралардың қатарында Қордай, Сарыбұлақ, Отар, Қаракемер және Масаншы ауылдарындағы халық көп шоғырланатын орындарда ақпараттық-түсіндіру топ мүшелерінің жетекшілері қоғамдық қабылдау өткізді. Мұнда келушілердің басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты мәселелер көтерді. Сондай-ақ ауылды жердегі бизнесті дамыту, діни мәселелер мен құқық қорғау органдарына қатысты сұрақтарға тұшымды жауаптар алды.
Мәселен Қаракемер ауылының тұрғыны Санатбай Әлиев ауылда 60-қа жуық созылмалы ауруға шалдыққан азаматтың тұратынын және тегін дәрі-дәрмектердің алу жолы күрделі екенін жеткізді. Оның сөзінше, тұрғындар дәрінің рецептін Сортөбе ауылынан алып, тегін дәріге қол жеткізу үшін аудан орталығына сабылады екен.
Өз кезегінде жауапты мамандар тегін дәрі-дәрмек ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекітіп берген ереже бойынша берілетінін жеткізді. Шаруалардың күрмеуі шешілмеген мәселелері де сөз болды. Мәселен осы ауылдың 20-ға жуық агроқұрылымы бір кездері «Достық» шаруа қожалығына біріккен екен. Кейіннен аталған қожалықтың басшысы қайтыс болып, істі оның жұбайы жүргізе бастаған. Бірақ, ол қожалық мүшелерінің тиісті егіндік жерлерін өзге біреулерге жалға беріп тастапты.
– Шаруа қожалықтан өзімізге қажетті жерді пайдалана алмай отырмыз. Өйткені құжатқа қолымыз жетпейді. Себебі бұрынғы қожалық иесінің жұбайы не мұрагерлік рәсімдемейді. Осыны айтып, жер қатынастары бөліміне қожалық мүшелерінің атынан хатымызды жазып барғанымызбен нәтиже жоқ, – дейді аталған қожалық мүшесі Рауан Соғанбаев.
Көтерілген мәселелерді тыңдаған облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Өмірзақ Оспанов шаруаларға уәкілетті органдарға арыз жазу қажеттігін түсіндіріп, заңға жүгінуді жеткізді.
Осылайша бір аптаға жуық ауыл тұрғындарының мұңына құлақ түрген жұмысшы топ мүшелері көптен бері шешілмей жүрген түйткілдерінің түйінін тарқатуға үлесін қосты. Осындай игі бастама арқылы қажетті ақпаратқа қанық болған қордайлықтардың облыс басшылығына алғысы шексіз.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Қордай ауданы

ПІКІР