«Масленица» мерекесі тойланды

0 1

Тараз қаласындағы «Достық» үйінде «Масленица» мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Шараны облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және «Радонеж» орыс қауымдастығы ұйымдастырды.

Іс-шара концерттік бағдарламамен басталып, Тараз қаласындағы №2 мектептің жас таланттары әннен шашу шашты. Сонымен қатар театрландырылған қойылымда орыс драма театрының әртістері орыс халық әндері мен частушкаларын орындап, мерекелік кештің мазмұнын ашты. Сондай-ақ концерттік бағдарламаға «Балалар шығармашылығы» орталығының би ұжымдары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің «Красная гвоздика» хоры, «Калинка», «Маричка» ансамбльдері қатысты. Ал «Широкая масленица» театрландырылған қойылымы көрерменнің көңілін тәтті сезімге бөлеп, ерекше әсер сыйлады. Украин ұлтының «Маричка» вокалдық тобының, татар ансамблінің «Ляйсан тамчылары», «Поющие сердца» неміс дуэтінің де өнерін көпшілік өте жылы қабылдады.
– «Масленица» мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін «Радонеж» орыс қауымдастығының өкілдеріне және аянбай атсалысқандардың барлығына үлкен рақметімді айтамын. «Масленица» мерекесі адамдардың бір-біріне деген сыйластығы мен құрметін арттырады. Болашақта осы дәстүрді сақтай отырып, мерекелерді жаңа форматта өткізетінімізге сенімдіміз.
«Масленица» славян халқының мерекесі болғанына қарамастан, әртүрлі этностардың өкілдері қуанышпен атап өтеді. Мұндай іс-шаралар тәуелсіз Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін нығайтуда маңызды роль атқарады, – деді «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Парида Мамедова.
Сондай-ақ мерекені ұйымдастырушы «Радонеж» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин өз алғысын білдірді.
Шара соңында «Достық» үйі ғимаратының маңында сабан қуыршақты салтанатты түрде өртеу рәсімі өтіп, ел-жұрт бір-біріне жылы ақ-тілектерін айтып, қыспен қоштасты.

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.