Жеңіс-75

Матросовпен майдандас болған мерген

Written by Aray2005

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Адамзат тарихында қасіретті із қалдырған сұрапылдан аман өтіп, кескілескен шайқасты ерен ерлікпен еңсерген ерлеріміздің қатары бүгінде санаулы қалды. Ел басына күн туған заманда етігімен су кешкен сондай майдангерлердің бірі Қасен Шанбаев биыл 98 жаста.
Соғыс ардагері 1923 жылы 12 наурызда Жамбыл ауданы Головачевка (қазіргі Айша бибі) ауылында дүниеге келген. Жастық шағы соғыспен тұспа-тұс келген ол 7-сыныпты тәмамдай сала әскерге алынады. Бұл 1942 жыл болатын.
– Әскерге ауылдан жеті жігітті бірге алды. Олар Әбділда Айтұрғанов, Ошақбай Абасов, Бейсеу Отабаев, Жолшыбек Даңғылов, Қуандық Ташкенов, Әміре Жүнісов, Рақман Еркебаев және мен. Соғыстан соң Әміре Жүнісовтен басқасы елге аман-есен оралып, тіршіліктерін жалғастырды. Сонымен біз 22 сәуірге дейін Петропавл қаласында әскери дайындықтан өттік. 5 мамырда бізді алғы шепке жіберді. Калинин бағытындағы Белый (Белли) қаласында майданға кірдік. Мұнда тағы бір айдай мергендік курста болып, соғыс аяқталғанша мергендер құрамасын толықтырдым. 1945 жылы елге оралдым. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, ұрыс даласында екі жерден жаралансам да жаудың сағын сындырып, ауылыма аяқ-қолым бүтін, сап-сау болып қайттым. 1959 жылдан бастап 1984 жылға дейін, Жамбыл ауданында жүйке ауруларының интернатында еңбек нұсқаушысы болып жұмыс атқардым. Жалпы шаруадан зейнетке 1995 жылы шыққанша қол үзген жоқпын, – дейді майдангер.
Бүгінде бейбіт күннің баянды болуын тілеп отырған ақсақалдың кеудесінде «Қызыл Ту» ордені, «Маршал Жуков» медалі, «Ұлы Отан соғысы ардагері» белгісі жарқылдайды. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерекелік медальдары да бар.
Самайын ақ шалған ардагер алапат айқаста аты аңызға айналған Александр Матросовпен бір дивизияда әскери қызмет еткенін мақтанышпен айтады.
Елге қайтқан соң Қасен ата елдің дамуына үлес қосып, ерен еңбек етеді. Жұбайы Маликамен 3 ұл, 3 қыз, 18 немере, 35 шөбере, 3 шөпшек сүйіп, қарапайым тіршілік етіп келеді. Бүгінгі таңда бейнеттің зейнетін көріп, бейбіт күнге шүкіршілігін айтып, майдандас болған жолдастарының ерлігін жас ұрпаққа үлгі етуден жалықпай келеді.

Айжан Өзбекова,

Жамбыл ауданы

ПІКІР