Маугли – Мұғұл аңыздарынан тараған кейіпкер ме?

0 14

Түп тарихы тұңғиыққа тұнған түркі шежіресінің тағы бір таңғажайып тылсымы

Қазіргі уақытқа дейін қаншама тарихшы немесе ғалым Шыңғысханның түрік-қазақ екенін дәлелдеп жазса да, ешқайсысы Шыңғыстың дүниежүзіне таратқан түркілік атауы Мұғұл сөзінің мән-мағынасын зерттемеген екен. Себебі оның мағынасын білмей жатып, әлемде ондай халықтың бары мен олардың осындай атаумен дүниежүзіне танылғанын зерттеудің өзі түсініксіз күйде қалар еді. XIII ғасыр әлем картасында үлкен өзгеріс әкелген тарихтың танымды тармағы болып қалғаны рас. Еуропа халқы әлі күнге дейін 13 санынан қорқатынын ескерсек, олардың шыбын жанын шоқтай шыжғырған он үшінші ғасырдағы Мұғұлдар кімдер еді?

Дауылдай жер бетін жайпаған Шыңғысхан бастаған мұғұлдар сонау Қиыр Шығыстан Еуропаның кіндік ортасы мен Африкаға дейін жаулап, өздерінің дала заңына бағытталған темірдей тәртіптерін орнатты. Бірде-бір ел мен мемлекет олардың қарсы алдына шығуға шамасы келмей, буыны ұстамаған қариядай қалтырап-дірілдеп, еріксіз басын июге мәжбүр болды. Тіптен мәжбүрледі десек те болады. Сонау жыл санауымыздың басынан бері қарай жан-жаққа шашылып жүрген және әртүрлі атаумен Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Түрік, Түргеш, Оғыз, Қыпшақ, Қимақ болып аталып келген түркілік тайпалар, ең соңында Шыңғысхан бастаған «Мұғұл» деген атаумен бір шаңырақтың астына біріге отырып, дүниені дүр сілкіндіріп, осы атты барша түркі баласының атауына айналдырып кетті.

Хош, сонымен Мұғұл сөзінің мән-мағынасын ашуға және оның не мақсатпен халықтардың ортақ аты болғанына назар аударып көрейік. Бізге ең алғаш керегі, яғни осы сөздің түбірі болған түп негізінің тамырына көз жүгіртейік. Ең алғаш «Мұғ» деген атауды Орта Азияға ислам дінін тарата келген араб басқыншылары осындағы түркілік тайпаларға қолданған. Олар Қазақстанның оңтүстігі мен қазіргі Өзбекстан, Түрікменстан, Хорезм және барлық Мауереннаһр өлкесіндегі халықтарды «Мұғтар» деп атаған. Арабтар алғаш Орта Азияны жаулап келген уақытта Мұғтардың жанкешті қарсылығына тап болып, олардан сан мәрте жеңіліп, сан мәрте қайта шауып, ірі қақтығыстарға барған болатын. Міне, «мұғ» деген халық осылайша арабтарға ең бірінші рет қатты қарсылық көрсеткен ел ретінде олардың жүрегін ұшырған-ды. Ортағасырлық ғұлама Ахмет Ясауидің інісі Сайф ад-Дин Орын Қойлақидың Қожалар мен Қарахандар шежіресін жазған «Насабнама» атты еңбегінде де Абд әл-Карім мен Ысқақ бабтың Тараз, Отырар, Ташкент өңірінің түркілерін жаулап келген кезіндегі соғыстары айтылады. Сол еңбекте де осы жаулаушылықта дін таратушылар түркілік Мұғтар, Мұғ-Тарсалармен соғысты деп атап тұрып жазады. Яғни сол кезеңде де Мұғ елінің болғаны, бірақ олар әлемге жайылып кеткен «Түркі» деген атаудың ішіне сіңе отырып, «Мұғ» атауларының ұмытыла бастаған кезеңі еді. Бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір тарихшы «Неге ислам дінін таратушылар бұларды мұғ деп атады? Ол не мағына береді, халықтың атауы ма, әлде арабша атау ма?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздеуді ойламапты, өкінішті! Әйтпесе олар тегіннен-тегін мұғ деп атаушы ма еді?!

Негізінен мұғтардың арғы тарихына көз жүгіртер болсақ, олардың сонау Сақ дәуіріне баратынына көз жеткіземіз. Сол бір біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтарда Орталық Азияның иесі атанған мұғтар парсы патшалығымен көп соғысып, парсылармен көп араласып кеткен. Тіптен парсы әскерінің құрамына сақтармен бірге барып, сол жерді мекендеп те қалған. Грек тарихшысы Геродот оларды Мидияның ірі тайпаларының бірі деп атаған. Ал Мидия патшалығы Орта Азиядан барған түркілік тайпалардың одағы екенін қазіргі ғалымдар дәлелдеп жүр.

Осы жерде Мекемтас Мырзахметовтің 2001 жылы 10 наурызда облыстық «Аq jol» газетінде жарық көрген «Тұранның ұлы қағаны» атты мақаласынан үзінді келтіре кеткен жөн сияқты: «Міне, осы құбылыстарды ескере отырып, біздің жыл санауымызға дейінгі VII ғасырда түрік тайпаларын біріктіріп, ұлы Тұран өлкесінде құрылған ұлы қағандық хақында сөз еткіміз келеді. Иранды тізе бүктіріп, өз билігінде ұстаған Алып Ер Тоңа қағанға тәуелді Иран шаһы Кейқысрау оны аса мәртебелі қонақ ретінде сарайына шақырып, қағанды опасыздықпен асына у қосып беріп, б.з.д. 626 жылы мерт етеді».

Сонда дейміз-ау, сол Иранға кеткен мұғ тайпаларын бір кездері Афрасиаб қаған да басқарып барғаны ғой?! Тағы да осы мақаласында Мекемтас ағамыз: «Алып Ер Тоңаның азан шақырып қойған аты Мадай екендігін де біліп отырмыз…» дейді. Тіптен Мидия мемлекетінің бір кездері Мадай, Мадая деп те аталғанын білеміз. Мұның барлығы Парсы тағына отырған Афрасиабтың шын атымен Мадай аталып кетуі де мүмкін екенін жай ұқсастық деп ойламаймыз. Және де парсылардың қасиетті кітабы саналған «Авеста» да парсылардыкі емес, маг тайпасынан шыққан Спитама-Заратуштра жазғанын екінің бірі біле ме екен? Бұл туралы ортағасырлық ғалым Әбу Райхан әл-Бируни өзінің «Памятники минувщих поколений» атты еңбегінде былай дейді: «Заратуштра Сефид-тұманның ұлы, азербайжандық. Ол патша Менучихрдің ұрпақтарынан шыққан және магтардың асыл отбасыларының мүшелеріне, олардың ақсүйектер тобына жататын. Заратуштра өзімен бірге «Авеста» деп аталатын кітапты алып келді. Ол барлық басқа халықтардың тілдерінен өзгеше тілде жазылған және ерекше түрде құрылған…..» (Перевод М.А.Салье. Ташкент-1957 ж. Академии Наук Узбекской ССР. 205 бет.). Міне, Заратуштра пайғамбардың Маг тайпасынан екендігі және ақсүйектер тобына жататыны нақты айтылған. Және әкесі Сефид-тұманның есімі де түрікше екені, сонымен қатар оның ақсүйектік Тұман деген лауазымы да түркілердің Тархан секілді атақтарының бірі болғанын бәріміз білеміз.

Ал осы Мидия патшалығын құрған тайпаларды Гректің тарихшысы Геродот өзінің «Скифия» (Киев, Фирма «Довира» 1992 ж.) атты еңбегінде Магтар, маг тайпалары деп атап және олардың Шығыс Азия мен Әзірбайжанның оңтүстік өлкесінен келгенін жазады. Ол магтардың жадылау, сиқырлау өнеріне таңғала отырып, бұларды сиқыршылар деп те жазған екен. Шын мәнісінде, біздің бабаларымыз – түркілер де сиқырлау өнерін мықты игергенін ортағасырлық көптеген тарихшы жазып кеткен. Саидмурод Бобомуллоев пен Насрулло Убайдуллоевтың «Таджики в исторических источниках и трудах исследователей» атты еңбегінде: «Геродоттың айтуы бойынша, Мидия тайпаларының бірі магтар болған. Олар өздерінің рулық ұйымын сақтай отырып, Ахеменидтердің қол астында діни топ, әртүрлі салт-жоралғылар мен қарғыстар жасаған кәсіби діни қызметкерлер болды. Магтардың негізгі құрбандық жануарларының бірі жылқы болды» (Душанбе, 2018 ж, «Дониш» 21 бет) деп жазады. Осы бір Геродоттың жазбасынан аңғарсақ, сол кезеңдерде түркілерден басқа ешкім жылқыны құрбандыққа шалмайтыны және жылқы ғана түркілердің негізгі асы да, малы да болғанын байқауға болады. Сонымен қатар Мидия патшасының есімі де нағыз түркі есімі екенін (Қиақсар, Астиағ) аңғарамыз. Олардың сиқырлау, жадылау өнерінен және Мұғ деген сөзді Маг деп атаған сөзінен кейіннен орыстардағы маг, магия сөзі келіп шықты. Себебі гректер сиқыршылықпен, дуа жасаумен айналысқан Мұғ тайпаларын өз тілдеріне ыңғайлап, Магтар деп атап кеткен-ді. Осы Мұғ-Маг тайпалары Заратуштра бастаған діни жолды ұстана отырып, оны бүкіл парсы жеріне таратты. Ол жерден әлемнің барлық жеріне тарады. Әбу Райхан әл-Бируни өзінің «Индия» атты еңбегінде: «Ежелгі уақытта Хорасан, Фарс, Ирак, Мосул және Сирия шекарасына дейін будда дінін ұстанған. Кейін Заратуштра Әзірбайжаннан шыққаннан кейін оның ілімі Парсы патшасы Гуштаспаға ұнады. Оның ұлы Исфандийад бұл ілімді шығыс пен батыс елдерінде күшпен және бейбіт жолмен тарата бастады. Ол Қытайдан Ар-Рум шекарасына дейін от храмдарын тұрғызды. Оны таратушылар магтар (мұғтар) деп аталды» дейді. (Москва, «Ладомир» 1995 ж. 66-бет). Бирунидің айтуы бойынша, Заратуштра Ескендір Зұлқарнайыннан 258 жыл бұрын өмір сүрген екен. Сонда шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 600-жылдарға келеді. Бұл кезең Мекемтас ағамыз айтқандай, Афрасиабтың заманы еді. Сол тұста мұғ тайпасының ақсүйек тобынан шыққан ол өз дінін дүниеге әкеліп, тарата бастайды.

Сонымен, «Мұғ» деген тайпаның бар екенін, олардың ежелден жасап келе жатқанын біршама айттық. Енді «Мұғ» сөзінің мағынасы қандай болғанына ой жүгіртіп, тағы басқа да деректерді алға тартайық. ІХ ғасырдың аяқ жағында қазақ жері мен Орталық Азияны жаулап алған орыс империясымен бірге батыстың ғалымдары да біздің өңірге аяқ басып, олар үшін қызық болған көптеген деректерді зерттеп, біздің тарихи дүниелерімізді біршама жинақтады. Сол дәуірдің ұлы ойшылдары Бичурин, Бартольд, Каллаур, Панков, Диваев, Жетпісбаев секілді әуесқой зерттеушілері өздерінің жинақтаған ғылыми деректерін «Түркістан археология әуесқойлар үйірмесі» атты кружок құрып, сонда үнемі жариялап отырды. Олардың жинаған дүниелеріне қарап отырсақ, қазіргі Өзбекстан мен Тәжікстан жерінде осы «мұғ» атауына байланысты көптеген деректер айтылады. Шынында да Тәжікстандағы «Мұғ» тауы, Өзбекстандағы «Мұғ-кепе», «Мұғкент», «Мұғ қорған», Қазақстандағы «Мұғалжар» тауы деп аталатын жер-су атаулары тегіннен айтылмаса керек-ті.

Енді біраз деректерді Бұлғар деректерімен сөйлеткен жөн болар. Бұлғарияның түпкі тарихын шежірелеп жазған, ортағасырлық ғалым Бахши Иманның 3 томдық «Джагфар тарихы» атты еңбегінде талай түркі халықтарының тарихы тереңнен қозғалып, көптеген тарихи негіздердің беті ашылады. Біз осы еңбекті зерттеп, зерделей отырып, «мұғ» деген сөздің түп-төркінін осы деректен таптық. Негізі барлық түркілердің ортақ тотеміне айналып кеткен бөрі кейпі бұлғарлардың да негізгі түбі саналады. Джагфар тарихында: ««Булгар» – «қасқырдың басы (булг, бург)»– иделиттердің туы деп аталды, онда қасқырдың басы бейнеленген. Ежелгі Болгар тіліндегі «булг» сөзі «қара» және «қасқыр» дегенді білдіретіндіктен, булгарды «қасқыр» және «қара бас» деп те атады» деп нақтылай түседі. (Оренбург. 2-том, «Болгар иле» редакциясы, 1994-1997 жж. 62-бет). Міне, қарап отырсаңыздар, барлық түркі баласы өзінің шығу төркінін бөрімен байланыстырады. Мұны айтып отырғанымыз, біздің негізгі зерттеп келе жатқан түп-төркініміз де осы бөріге тірелгелі тұр. Себебі түркілердің түп тарихын жазып қалдырған да, талдап, мән-мағынасын ашып берген де бұлғарлардың көне тарихы еді. Жоғарыдағы аталған деректе тағы да өздерінің шығу тарихына қатысты бір аңызды келтіреді. Онда: «Басқа мифте басты кейіпкер – алпауыт Қасқыр. Бірде жаулар бір Болгар руын жойып, оның соңғы өкілін – биінің (көсемнің) кішкентай ұлын өлтіргісі келгенде, алпауыт Маг-Қасқыр бұған жол бермеді. Содан кейін Қасқыр баланы тамақтандырып, кейін ол «ұлы Маг», «мұғ ұлы», яғни (Қасқырдың ұлы) деп аталып кетті» дейді.

Ал бұл атауды бүкіл әлемге таратып, алып шыққан тек Шыңғысхан еді. Яғни Шыңғысхан өзінің құрған ұлы империясын «Мұғұлдар» деп атады. Ондағысы сонау ескі замандарда ұмытылып кеткен бабаларымыздың атауын қайта көтеріп, «Мұғ ұлдары, мұғұлдар, Бөрі ұлдары» деген нағыз шынайы, адам жанына, әсіресе барша түркі баласына рух беретін атауды қалыптастырғаны болатын. Шынында да Шыңғыстың қалың әскері бөрідей талап, жайпап, әлемді жаулағаны тарихтың алтын сахнасында өшпестей із болып қалды. Ортағасырлық арабтың, парсының көптеген тарихшысы да Шыңғысхан туралы жазғанда мұғұлдарды бөріге теңеп, олардың қайтпас-қайсар батырлығын таңғала жырлаған-ды. Мұның барлығы да тегіннен-тегін емес екенін енді байқап тұрмыз. Тіптен осы «Мұғ ұлы», яғни «Бөрі ұлдары» атанған тайпалардың атауы Ежелгі Үндістанға да жетіп, онда ол орманда өскен Бөрінің ұлы Мауглиге айналып, аңыз болып кеткеніне де осы дерек куәлік етеді. «Джагфар тарихы» 2-томының 46-47-беттерінде: «Болгар топтары Алтайда, Қытайда, Моңғолияда Бөрі мен Қазан туралы аңыздарды таратты (олардың негізінде ғұн патшалары мен Шыңғыс хан туралы аңыздар пайда болды), Үндістанда Магул есімі «Моголдарға», жабайы қасқыр баласы «Мауглиге» айналды» дейді. Әрине, мұндағы Болгар аңыздары деп отырғанды жалпы түркінің түп тарихы деп түсініңіздер. Ал енді ағылшын жазушысы Киплинг Редьярд Джозефтың 1894 жылы жазған «Маугли» деген кітабындағы «Мұғ ұлының» тарихына шамалы көз салайықшы. Аталған еңбекте кішкентай бала джунглиге, қасқырлар отбасына түседі. Оны емізіп, асыраған анасы қасқыр Ракшаны жақсы көреді. Ол оны «Маугли» (Қасқыр ұлы – Магул) деп атайды және оны өзінің олжасы деп санайтын Шер-Хан атты жолбарыстан қорғайды. Қасқырлар адам баласын тамақтандырып, өсіреді. Ол өз отбасы санаған қасқырлармен Джунгли заңында өмір сүреді. Дәл осы аңыз б.д.д ІІІ ғасырларда өмір сүрген Үйсін Елсау бидің аңызына қатты ұқсас. Оны да жас кезінде қасқыр ұрлап асырайды да, кейіннен сол дәуірдегі тайпалардың бәрі оны «Көкбөрі» атап кетеді.

Жалпы біз сөз етіп отырған атауға орыстар да иелік етіп, жоқтан бар шығарып отыр. Олардың бұлай ойлауы Алтын Орда тарихын зерттеуден шыққан құбылыс еді. Себебі олар әлемді жаулаған мұғұлдардың ұрпағы Алтын Орданы зерттеп, оны өздеріне тарта отырып, бұл – Ұлы Русьтің мемлекеті, «Мұғұл» деген атау да Руське тиесілі деген ойды айтып, әлемге бөрідей тиіп, үстем етуші бізбіз дейтін пасықтығы. Мысалы, орыстың тарихшылары А.Т.Фоменко, Г.В.Носовскийлердің «Русь и Орда. Великая империя средних веков» атты 2006 жылы Москвада шыққан еңбегінде былай дейді: «Моңғолия атауының шығу тегі туралы ойланамыз. Бұл негізі орыстың «много-көп», «множество-көпшілік», «многочисленное войско-көптеген әскер» сөздерінен шыққан болуы мүмкін. Сонымен қатар Монғолия сөзі орыстың «Мощь-күш», «мог-мүмкін», «могущество-алып күш», күш (демек, Магог), көпшілік дегені. Ал Н.Морозов болса, Моңғолия деген грек сөзі– Мегалион, яғни «ұлы-великий» деген мағынаны білдіреді дейді. Бірақ, мегалион деген сөздің өзі славян тілінен шыққан много-көп, мог-күштілік болуы мүмкін. Біз Стамбулдағы Хор шіркеуіндегі ескі мозаиканы алып көрдік. Онда Моңғолия сөзі – Мугулион, яғни мегалион сияқты жазылған. Осы уақытқа дейін Шығыс Ресей Ұлы Ресей деп, яғни Великоросс деп аталады. Біздің гипотезамыз келесідей: «Моңғол» империясы, бұл – ұлы Империя. Яғни ортағасырлық Ресей мемлекеті дегіміз келеді» дейді. Иә, шынында да «мог» сөзі «мұғ» сөзінен шыққаны рас. Бірақ орыстар осы атаудың түркінің сөзінен орыстарға дәл солай күштілікті, бөрілікті білдіретін мағынада сіңгенін мойындағысы келмейді немесе мағынасын еш түсінбегені. Олар ол сөзді тек орыстың сөзі ғана деп қабылдап жіберді. Ал орыстардың 90 пайыз сөзінің құрамы түркілік сөздер екенін сонау 1970 жылдары-ақ Олжас Сүлейменов ағамыз өзінің «Аз и я» кітабында дәлелдеп қойғанын білеміз.

Сонымен ойымызды қорыта айтар болсақ, ХІІІ ғасырда әлемді қойға шапқан қасқырдай талапайға ұшыратқан Шыңғысхан бастаған мұғұлдардың ешқандай да бөтен ел емес, өзіміздің Мұғ, Сақ, Ғұн секілді көне бабаларымыздың ұрпақтары екенін шындықпен айту еді. Тарихты жете зерттемегеннен осы уақытқа дейінгі мұғұлдарды гректердің сөзімен «маг, мог, магол, могол» деп атадық. «Мұғ-мұғұл», «маг-магия», «мог-мощь», «мық-мықты», «Магог-гог» сөздерінің барлығы да осы «Мұғ» сөзінің баламасы болғанын және де «Мұғ – Бөрі» сөзінің синонимі екенін айтқымыз келеді. «Мұғ ұлдар – Бөрі ұлдары» деген – біз үшін нағыз рухты атау!

Біз – әлемді жаулаған түркінің ұрпағымыз!

 

Асылжан Дулати,

Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану

орталығының бөлім меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.