Қоғам

Майдандағы махаббат

Махаббат оты мезгіл, заман, жас талғамайтыны соншалық, адамдардың бір-біріне деген ғашықтық сезімінің тұтануына тіпті сұрапыл соғыс та кедергі бола алмайды. Бұл сөзімізге асыл жары Алла Владимировна Ступамен жарты ғасырдай жұбайлық ғұмырдың бақытын бастан өткерген Ұлы Отан соғысының ардагері Халиулла Дармахановтың махаббат хикаясы дәлел десек, қателеспесіміз анық.

Бүгінде 96 жасқа толып отырған майдангер, Тараз қаласының тұрғыны Халиулла Дармаханов 1922 жылдың 19 қазанында Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында дүниеге келген. 1942 жылы Пенза миномет училищесін бітірген өрімдей жігіт миномет батареясының командирі ретінде Сталинград шайқасының ең қайнаған ортасына жіберіледі. Ол Дон, Балтық маңы, Бірінші Белорус майдандарында аянбай атой салды. Кескілескен ұрыстарда екі рет жараланғанына қарамастан, қайтадан Отан қорғаушылар қатарынан табылды.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін ардагер екі дүркін «Қызыл жұлдыз», I дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен және басқа да көптеген құрмет белгілерімен марапатталды.

Жалпақ жұрт жақындары мен жолдастарын жоғалтқан майданда кейіпкеріміз өмірлік жарын жолықтырады. 1945 жыл. Ленинград қаласы. 23 жасар жас жігіт үшін түнерген соғыс аспаны бір мезетте жарқырап ашылып кеткендей болады. Себебі, ол айдай сұлу украин қызымен танысып, бірден ұнатады.

Жеңіс күні қарсаңында мерекемен құттықтап, амандық-саулық сұрай барғанымызда қария сол бір сағымға айналған жылдарды сағынышпен еске алды. «Ылғи шашы күзелген қыздардың ішінде өзінің сарғылт түсті қолаң шашымен ерекшеленген қыз бірден көзіме түсті. Соңында ол бар қиындықты қасқая көтерген өмірлік жарым болды емес пе?» деп терең ойға шомды майдангер.
Алайда, ділі мен діні бөлек бойжеткенмен көңіл жарастыру киелі Түркістаннан шыққан мұсылман жігіті үшін оңай болмайды. Мұнымен қоса, онсызда сарсаңға түсіп жүрген Халиуллаға өз командирі де қарсы шығып, «Кәмелетке толмаған қызға үйленсең, соттатамын!» дейді. Содан жас жауынгер болашақ жары Аллаға пәтер жалдаған көрінеді. Қыз ол баспанада уақытша қоныстана тұруға мәжбүр болады. Кейін ай дидарлы ару қыз қазақтың қайсар жігітімен жұп құрап, өмір бойы бірге болуға серт байласады.

Осылайша сұрапыл соғыс жылдарында сезім мен сүйіспеншілік те салтанат құрып, жаңа отаудың іргесі қаланады. Олар соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де қол ұстасып, бақытты да баянды ғұмыр кешті. Бір ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірді. Өкініштісі сол, жауынгердің жүрегін жаралап, жанына медеу болған Алла Владимировна осыдан бірнеше жылдар бұрын жарық дүниемен қош айтысты.
Десек те, сын сағатта сыр бермеген сарбаздың сертке беріктігі мен сезімге адалдығы кім-кімді де сүйсіндірмей қоймайды. Осы орайда ақын Мұхтар Шахановтың «Бағаласаң, махаббатты бағала!» деген өлең жолы еріксіз еске түседі.

Айжан Өзбекова

ПІКІР