Майдангер ерлігі — мәңгілік ел есінде

0 43

Жан берісіп, қан төгіскен сұрапыл соғыс жылдарында көзсіз ерлік көрсетіп, ел қорғаған ерлердің бірі – Рахымберді Досмұхамбетов. Жеңістің 76-шы көктемінде жерлесіміздің ордені сонау Румыниядан оралып, ұрпақтың рухын асқақтатып тастады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мереке қарсаңында Бухаресттен жеткен марапатты батырдың ұрпағына салтанатты түрде табыстады.

Рахымберді Досмұхамбетов 1920 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, бұрынғы Жасөркен, қазіргі Ақжар ауылында дүниеге келген. 1940-1944 жылдары Қызыл әскер қатарында қызмет атқарған. ҰОС жылдарында батальон басқарған, аға лейтенант әскери шені болған. 28-ші Невель атқыштар дивизиясының 88-ші полкінінің атқыштар ротасының командирі болған.
Рахымберді Досмұхамбетов Пахомово деревнясы үшін неміс басқыншыларымен болған шайқаста ротаны шабуылға шеберлікпен алып шығып, деревняға жеті жауынгер бірінші болып кіріп, 9 жауды жер жастандырған. Соғыс қимылы барысында жараланғанына қарамастан, майдан даласын тастамай, ұрысты жалғастырған. Жеке өзі ұрыс даласынан жаралы капитан Моисеевті арқалап алып шығып, жауынгерлік қызметіне адалдық танытқан.
Аталған ерлігі үшін жауынгер Рахымберді Досмұхамбетов 1944 жылдың 6 ақпанында «Александр Невский» орденімен марапатталған. Алайда, ауыр жарақаттан кейін командир жарты жыл госпитальде болып, сонда алған марапаттары мен құжаттарын жоғалтып алған. Орден жарты ғасыр Румыния астанасы Бухаресттің музейінде болған. Мереке қарсаңында «Александр Невский» ордені ардагердің немересі Бауыржан Досмамбетовке тапсырылды.

— Қадірлі ардагерлер, құрметті жерлестер! Тарихсыз болашақ болмайды. Бізге осындай мамыражай өмірді сыйлаған аталарымызды, бабаларымыздың, әжелерімізді әр уақытта ұмытпауымыз керек. Олардың рухтарының алдында басымызды июіміз қажет. Адамзат тарихында талай сұрапыл соғыстар болған. Бірақ төрт жылға жуық созылған Ұлы Отан соғысының орны бөлек. Миллиондаған азамат осы болашақ, тыныштық, бейбіт өмір үшін өздерінің жандарын қиды. Солардың ішінде біздің жерлестеріміз де бар. Өздеріңіз тарихтан жақсы білесіздер, Ұлы Отан соғысында қазақстандықтар тек соғыс даласында, майданда ғана емес, тылда да өздерінің үлкен еңбектерін көрсетті. Соғысты азық-түлікпен, қару-жарақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуде біздің аталарымыз бен әжелеріміздің еңбегі өте зор болды. Сол ерлік көрсеткен ардагерлеріміздің ішінде Жамбыл ауданының тумасы Рахымберді Досмұхамбетов те бар. Ол кісі соғысқа бастан-аяқ қатысып, өзі қатарлас жауынгерлерімен бірге ерлік көрсетіп, көптеген жолдастарын жаудан аман алып қалды. Кеңес одағының жарлығымен сол кездегі ең беделді ордендердің бірегейі, небәрі төрт жарым мың ғана данасы шығарылған «Александр Невский» орденімен марапатталған болатын. Бірақ ол кісінің денсаулығына байланысты құжаттарының жоғалуының салдарынан бұл орден дер кезінде берілмеді. Соғыстан кейін де туған жеріне қайтып келіп білім саласында, журналистикада еңбек етті. Соғыс бітсе де сол майданда қан төккен азаматтардың ерліктерін дәлелдеу үшін арнайы ерікті іздеушілер тобы үлкен еңбек етіп келеді. Қазақстанда осы мақсатта «Еуразия» деген топ бар. Сол топ бір жыл еңбек етіп, Еуропаның, бұрынғы кеңес одағының барлық жерлерін зерттеп, осы уақытқа дейін Бухаресттің музейінде сақталған орденді алып келіп, бізге жеткізді. Мен атамыздың барлық жерлестерінің атынан сол топқа алғыс айтамын. Әсіресе «Еуразия» телеарнасына, «Сіздердің жерлестеріңіздің орденін алып келдік, мүмкіндік болса соны ресми түрде ұрпағы Бауыржанға табыстасаңыздар» деген арнаның басшысы Сергей Киселевқа да риясыз ризашылығымызды айтамыз. Ең алдымен сол атамыздың аруағы разы болсын. Ол кісі тірі болғанда биыл 101 жасқа келеді екен. Сол кісінің аруағы барлығымызды қолдап жүрсін. Елімізде соғыс болмасын. Тек қана бейбітшілік орнасын. Рахымберді атамыз ұрпақ үшін үлкен өнеге, мақтаныш. Осынау екі мерекенің қатар келуі бекер емес. Оның астарында үлкен мән, мағына, сабақтастық жатыр. Біз өсіп келе жатқан ұрпақты өз Отанының нағыз патриоты болуға тәрбиелеуіміз керек. Барлықтарыңызға зор денсаулық, елімізге амандық тілеймін. Тәуелсіздігіміз баянды болсын, — деп облыс әкімі Бердібек Машбекұлы батырдың орденін ұрпағына табыстады.

«Отанды қан төгіп қорғаған аталарымыз аманат еткен байтақ даланы, бейбіт өмірді көздің қарашығындай сақтау әрбіріміздің міндетіміз. Атамыздың орденін іздестіріп, мағлұматтарын жинап, зерттеген кісілерге, соны бізге ресми түрде тапсырған облыс басшылығына әулетіміздің атынан алғыс айтамыз» деді өз сөзінде Бауыржан Досмамбетов.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.