Жамбыл жаңалықтары

Майдангерге құрмет

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ұлы Отан соғысының ардагері, облыстың және Тараз қаласының Құрметті азаматы Тілеуқабыл Төребековті 95 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын тапсырды.

Облыста Тілеуқабыл Төребекұлы туралы білмейтін адам кемде-кем.
Кеңес әскерінің қатарында Жапониямен соғысқан ержүрек майдангер Т. Төребеков соғыс аяқталған соң барлық күш-жігерін облыстың дамуына арнады. 1950-1966 жылдар аралығында ол облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының көмекшісі, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Жамбыл (қазіргі Тараз) қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, 1970 жылдан 1983 жылға дейін Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Тілеуқабыл Төребекұлы құрметті демалысқа шыққанда да қоғамдық жұмыстан тыс қалған жоқ. 1995 жылдан 2015 жылға дейін облыстық ардагерлер кеңесін басқарды.
Соғыс және еңбек ардагері ІІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, 13 медальмен, оның ішінде «Ерлігі үшін»медалімен марапатталған. Алты бала тәрбиелеп өсірген.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз хатында аға ұрпақ – Т.Төребеков сияқты тұлғалардың өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып табылатынын атап өткен.
Қариямен әңгіме барысында Бердібек Сапарбаев ардагердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесін, оның ұйымдастырушылық қабілетін және біліктілік қасиеттерін тілге тиек етті.
Тілеуқабыл Төребекұлы әлі күнге тың. Ақсақалдың тұлғасында даналық пен абыздық әдемі жарасым тапқандай. Өңір басшысы Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, ардагерге бір миллион теңгегелік сертификат табыс етті.

ПІКІР