Қоғам

Майдангерлерге мәңгілік қарыздармыз

Халық ішінде «Отан оттан да ыстық» деген ұлағатты сөз бар. Туған елін қатыгез дұшпаннан қорғап, туған жерін жау табанына бастырмау үшін кешегі сұрапыл соғыста шейіт болған боздақтар есімі, ерлігі ешқашан ел есінен өшпек емес. Әкесін, жолдасын, ұлын зарыға күтіп, елдегі ауыр еңбектің бейнетін кешкен аналардың зары құлақтан кете қойған жоқ. Қимас жанын өзі майдан даласына аттандырып, артынан бір хабарын ала алмай қалғандар қаншама…

Бүгінде біздің бағымызға бұйырған бейбіт таң үшін барын берген сол жандардың алдында бәріміз де қарыздармыз. Отанының бақытты болашағы үшін жат жерде көз жұмғандардың алдындағы парызын іздеушілік еңбегімен ақтап жүрген аптал азаматтардың бірі – «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бекқұлы Әліұлы. Ол қан майданның деректерін тіртінектеп жинап, ардақтысын жоғалтқандардың жоқшысына айналған жан. Жеңіс күні қарсаңында біз сан күнін сауапты іске арнап келе жатқан ақсақалмен жүздесіп, сұхбаттасқан едік.

– Бекқұлы аға, сіздің «Парыз» қоғамдық бірлестігіңіз бүгінге дейін талай жанның өшкенін қайта тұтатып, жоғын тауып, үзілген үмітін жалғауына ықпал етті. Бұл жұмыспен қанша уақыттан бері айналысып келесіз? Әуелде мұндай істі бастауға не түрткі болды?

– Біздің бұл ізденіс жолындағы жұмысымыз 1981 жылы Т.Рысқұлов ауданының Жаңатұрмыс ауылындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте оқушылардың белсенді қатысуымен басталған еді. Бастапқыда 1985 жылы Каменка орта мектебінде оқушылардан құралған «Парыз» атты қызыл ізшілдер тобын ұйымдастырдық.

Сұрапыл соғыста бораған оқтың астында толарсақтан қан кешкен батыр бабаларымыздың ерлігі қанша жыл айтылса да, жазылса да маңызын жоймайды. Ел басына күн туғанда ерлермен қатар жүріп, бейнет кешкен асыл аналарымыздың азапты күндерді қайраттылықпен жеңгені бүгінгі ұрпақ үшін аңыз секілді болуы мүмкін. Майданға аттандырған азаматтарын, балаларын екі көзі төрт болып, сағына күткендері өз алдына бір бөлек. Олардың бірқатары елге аман оралды. Ал, оралмағандары қаншама?! Тіпті, хабар-ошарсыз кеткендер де көп. Талай майдангерлердің соңынан бір дерегін таппай жүргендердің мұңын естіп жүріп, олар туралы мәліметтер іздеуді тарихшы ретінде өзімнің азаматтық парызым деп ұғындым. Сол оймен хабарсыз кеткен майдангерлерді іздеуге бел байладым. Осы бағытта «Парыз» қоғамдық бірлестігін құрдым. Майданға аттандырған азаматтарынан дерексіз қалған кісілермен жүздестік, сұхбаттастық. Қай уақытқа дейін байланыста болғандарын анықтадық. Сол деректер бойынша біздің елден аттанған азаматтар болған жерлерге сұраныс жіберіп, ізденісіміздің аясын кеңейттік.

– Адам өз қызығушылығымен бастаған ісінде табысқа жетсе, қанаттана түсетіні бар. Сол арқылы жұмысы да жанданады. Сіздің әлі күнге жұрттың жоқшысы болып жүруіңіз де үлкен табыстардың жемісі болар. Бүгінге дейін қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіз?

– Иә, дұрыс айтасыз. Шүкір, қол жеткізген табыстарымыз баршылық. Тек ауыз толтырып айтуға тұрарлықтарына ғана тоқталайын.
1981-2011 жылдары аралығында Брест қамалын қорғаған 131 жамбылдық жауынгерді таптық. Кейінгі ұрпақтарына дәлелді деректерін әкеліп бердік.
Брест қамалы мұражайы ғылыми кеңесінің шешімімен 2011 жылы 4 жауынгеріміз «Қамал қорғаушысы» болып танылды. Олар – Ақыртөбе ауылынан Жанахмет Елубаев, Қордайдан Әбдіразақ Мәмиев, Тараз қаласынан М.П.Андреев пен В.Я.Грицаненко.

2013 жылы Ленинград, Новгород облыстарында қаза тапқан 2 мыңнан астам жауынгерлеріміздің дерегін аталған облыстардың әскери комиссариаттарына апарып тапсырған едім. Көп ұзамай-ақ, 2014 жылы 235 боздақтың есімдері ескерткіштеріне жазылғаны туралы хабар алдым.
Сол жылдың 27-28 сәуірінде Курск қаласындағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ізденушілерінің 4-форумына қатысып, Курск, Орел шайқасында қаза тапқан 3 мыңнан аса жауынгерлеріміздің деректерін тапсырдым.

2015 жылы 11-23 сәуір аралығында «Майдангерлер даңқы жолымен» атты отаншылдық сапармен Ресейдің Волоколамск-Зубцовск-Ржев-Великие Луки-Невель-Смоленск-Орел-Курск облыстарына бардық. Жауынгерлеріміздің мәліметтерін алып, деректерімізді өткізіп, «Тағзым» атты фильм түсірдік. Фильмде мергеніміз Ыбырайым Сүлейменов, Кеңес Одағының Батыры Амантай Дәулетбеков, Тверь облысы Зубцовск ауданы Веригино деревнясында бір зиратқа қайта жерленген 16 сарысулықтардың және Ржев, Великие Луки, Невельде 75 пайызы бірнеше айда опат болған алматылық 100, ақтөбелік 101-атқыштар бригадасының майдан жолдары баяндалады.

2015 жылы 27-28 сәуірде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына Москвадағы «Бірлікпен келген Ұлы Жеңіс» атты ТМД мемлекеттерінің 5-форумына қатысып, Францияда партизан отрядында шайқасқан 61 қазақстандық туралы зерттеуімді баяндап, 1994 жылы француздар түсірген деректі фильмді көрсеттім.
Ал, 2016 жылы 21-22 маусымда Брест қорғанысының 75 жылдығына арналған іс-шараға Минскке, Брестке қамал қорғағандардың ұрпақтарымен бірге бардық. Брест қамалы мұражайының директорының қабылдауында тағы да 3 жауынгеріміздің «Қамал қорғаушысы» болғанын естіп, барған ұрпақтары қуанышқа кенелді. Бұл – Кеңес Одағының Батыры атағы секілді үлкен дәреже.

Сол сапарда «1941 жылғы Бресттің соңғы бейбіт күні» атты қала көшелеріндегі шеруге қатысып, 56 қамал қорғағандардың суреттерін, Туымызды, «Жамбылдықтар Брест қамалы қорғаушылары» деген транспорантымызды алып жүрдік. Ұйымдастырушылар сахна төрінен орын беріп, сөзімізді тыңдады. Халықтың ризашылығына бөлендік. 22 маусымда түнгі сағат 3-те Брест қамалындағы ҰОС құрбандарына арналған мыңдаған «Естелік шырағы» жағылды. Театрландырылған көріністер қойылып, патриоттық әндер айтылып, үлкен экрандарында соғыс хроникалары көрсетілді. Сағат 4.15-те «Қаралы митинг» басталды. Мәңгілік алауға қаза тапқандар кешеніне гүл қойылды. Әскери шеру болды. Біздер кешенде 275 жауынгер жерленген зиратқа, қамалда қаза тапқан жамбылдық 63 жауынгеріміздің рухына бағыштап Құран оқып, гүл қойып, туған жер топырағын салдық. Таңғы 5.30-да қамалдың батыс жағындағы Кобрин бекінісінде 800 адам қатысқан «41-жылғы соғысты жаңғыртып, көрсету» іс-шарасында броньды машина, самолет, зеңбірек, минометтер қатысқан ұрысты көрдік. Неміс күшінің басымдығы, жауынгерлеріміздің ерлігі, әскерилердің жанұя мүшелерінің және жауынгерлердің қазасы, тұтқындалуы шынайы көрсетілді. Осы іс-шараға қарап, соғыстың қандай қасірет әкелгенін көзімізбен көріп, жүрегімізбен сезіндік.

Сапарымызда Минск маңындағы «Хатынь» кешенінде болдық. Осы маңдағы деревняда 1941 жылы немістер 100-ден астам балалар мен қарияларды сарайға қамап, өртеп жіберген. Сол қырғыннан 1 ер адам мен 2 бала аман қалыпты. Кешенде 10 шақты пеш мұржаларына қойылған электрлі қоңыраулар жарты сағат сайын опат болғандардың рухына қоңыраулатып тұрады. Кешен орталығында өрттен аман қалған, қаза тапқан немересін көтерген азаматтың мүсіні фа­шизм­нің қасіретін бейнелеп тұр. Сонымен қа­тар «Қамал қорғаушылар» атты деректі фильмнің кө­рініс­терін түсірдік. Осы фильм өткен жылы
6 ма­мыр­да Тараз қаласындағы Достық алаңында көр­се­тіл­ді.

Былтыр Белгород, Воронеж, Тула, Брянск, Калуга, Смоленск шайқастарында қаза тапқан жауынгерлеріміздің деректерін анықтадық. Сонымен қатар, 2014-2016 жылдары есімдері ескерткіштеріне жазылған, ұлықтанған 708 жауынгеріміздің ұрпақтарын іздестіріп, әке-аталарының хабарын тапсырдық. Бүгінгі таңда үздіксіз ізденіс жұмыстарымыздың нәтижесінде мыңнан аса жамбылдық майдангерлердің деректерін таптық.

– Өткен жылы бірқатар құзіретті орындардан «Еріктілер тобын» жасақтауға қолдау көрсетулерін сұранып, Петербор, Ленинград, Новгород облыстарына сапарға шығуды жоспарлағаныңызды естіген едік. Жоспарларыңыз жүзеге асты ма?

–Иә, сондай бір жақсы істі атқарсақ деген ой болған еді. Бірақ, еріктілер тобы құрылмады. Тек, қайта-қайта барып, айтып жүріп, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы жинап берген жас азаматтармен семинар өткіздім.

Ал, Петербор, Ленинград, Новгород облыстарына жоспарлаған сапарымыз сәтті болды. Ондағы мақсатымыз аталған облыстарда 2014-2015 жылдары есімдері ескерткіштеріне жазылған жамбылдық боздақтардың ұрпақтарын ерте барып, бабалар рухына тағзым ету еді. Діттеген миссиямызды орындап келдік.

– Бүгінгі уақытта «Парыз» қандай істерге мұрындық болуда?

– Жақында ғана Волгоград қаласындағы «Мамай қорғаны» мемориалында қазақстандық батырлардың құрметіне бой көтеретін ескерткіштің ашылуына барып, қатысып келдік. Ол жерде біздің облыстың азаматтары да бар. Сол себепті өңіріміздің бір уыс топырағын ала барып, капсуламен әлгі ескерткіш түбіне салдық. Ол жерге еліміздің 5 облысынан делегаттар барды. Хабар-ошарсыз кеткен майдангерлердің іздеушісі ретінде менен көптеген телеарналар сұхбат алды. Еңбегімді бағалаған консул Қанат Шекқалиев алғысын жаудырып, бұл туралы жергілікті басшылыққа хат жазатынын айтты.
Бізді Волгоград облысы губернаторының орынбасары Александр Блошкин, Волжский қаласының мэрі Игорь Воронин, сол қаладағы қазақтардың қоғамдық ұйымының төрағасы Ерсайын Назаров қарсы алды. Өте жоғары деңгейде құрмет көрсетті. Сол өңірдегі қазақтар қауымдастығы нағыз халқымызға тән қонақжайлылық танытты. Жан-жақтан мыңдаған қазақтар жиналды. Мен «Парыз» қоғамдық бірлестігі тапқан Сталинградта қайтыс болған 1075 жауынгердің тізімін, 200-ге жуық қара қағазды сол жердегі іздеуші топқа тапсырдым. Енді олар сол майдангерлердің есімдері ескерткішке жазылған-жазылмағанын анықтап, бізге деректерін көрсетіп, хат жібереді. Отан үшін жанын қиған боздақтарды ұлықтаудың жол-жоралғысы осындай.

Волгоградта арнайы іздеумен айналысатын орталық бар. Ол жақта соғыста көз жұмғандарды, хабарсыз кеткендерді іздеу жұмыстары өте жүйелі түрде жүргізіліп жатқанына көзім жетті. Сол сапарымызда болашақ фильмнің сюжеттерін түсіріп келдім. Бұл – біздің үшінші туындымыз. Алдағы уақытта еліміздің телеарналарынан Сталинград шайқасы туралы киномызды көрсететін боламыз.

– Қазір қалың қоғам ішінде «1941-1945 жылдардағы соғыс Ресей үшін болған шайқас. Оны насихаттаудың қажет қанша?» деген сыңаржақ пікірлер айтылып жүр. Бұған не дейсіз?

– Бұл – тарих. Еліміздің кешегі күні бастан кешкендерін, көзбен көргендерін біз қалай жоққа шығара аламыз? Сол сұрапыл соғыста жанын қиғандардың, ажалмен арпалысқа түскендердің еңбегін, ерлігін ұмытуға бола ма? Керісінше, сол арқылы өсіп келе жатқан жас ұрпақты Бауыржан батыр айтқандай Отан үшін отқа түссе күймейтініне сендіріп, тәрбиелеуіміз керек. Орын алған тарихты өзгертуге біздің хақымыз жоқ. Егер өткен тарихымызға тереңірек үңілер болсақ, неше түрлі оқиғалар болды. Оның бәрін жоққа шығарсақ, тарих қалай жасалмақ? Мұндай біржақты пікірге құлақ түріп, өткенге қиянат жасау үлкен қателік деп ойлаймын.

– Жеңіс мерекесіне орай айтар тілегіңіз…

– Кеше Волгоградта Ресейдің 4 облысының қазақтары жиналған дастархан басында «Қиын-қыстау заманның ауыртпалығын қара нардай қыңбай көтеріп, жендеттерді өз ордасында жайратқан ата-әжелеріміз секілді бүгінгі жастарымыз да намысшыл, батыл, ержүректі батыр болсын! Ешқашан соғыс өрті тұтанбасын! Егемен еліміз бейбітшілік бесігінде тербелсін» деп Жаратушыдан қол жайып тілеген едім.

– Тілегіңіз қабыл болсын! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

ПІКІР