Майдангерлерге мың алғыс!

0 0

Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына – 75 жыл. Айтулы мерекеге арналған шаралар өңірімізде басталып кетті. Осы атаулы датаға орай «Оңтүстік» әскери қолбасшылығы қызметкерлері облыс орталығында тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне барып, әскери шеру ұйымдастырды.
Әуелі «Арай-2» алқабында тұратын Мұсахан Бердібаев пен Бегасыл Белгібаевтың ауласында салтанатты шеру өтті. Жиында облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімінің кеңесшісі Талғат Ахатұлы ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, дендеріне саулық тіледі. Мұнан соң Мұсахан Бердібаевқа облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының, ал Бегасыл Белгібаевқа ТИГУ-дің өкілдері арнайы сыйлық тарту етіп, құрмет көрсетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты емханалардың мамандары қос ардагердің денсаулығын тексеріп, тиісті ем-домын жасап берсе, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілер аулаларын мұнтаздай етіп тазалады.
Жиында Мұсахан Бердібаев облыс және қала басшылығына алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
– Бүгінде бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Құдайға тәуба! Жастарға айтарым, адал еңбек етіп, таза жүріңдер. Сонда ғана еліміз дамиды, – деді 99 жасқа келген ардагер.
Мұсахан ақсақал 1941 жылдың 11 желтоқсанында әскер қатарына шақырылып, сол кездегі Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында құрылған 105-атты әскер құрамына кіріпті. Жарты жылдық әскери дайындықтан өткен соң, 1942 жылдың шілде айында Мәскеу түбіндегі Ногинский деген қалада 1107-дербес артеллериялық дивизиясына қабылданып, Сталинград майданында шайқасқан. Сондай-ақ Беларусь елін жаудан азат етуге де атсалысыпты.
Ал Бегасыл Белгібаев 1943 жылы қаңтар айында Сайрам аудандық әскери комиссариатынан соғысқа аттанған екен. Қиыр Шығысқа Чита қаласы маңына Самарск полкіне түскен. Соғыс жылдары атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болып, соғыста Қытайдың Маньчжурия аймағын Жапон басқыншыларынан азат етуге қатысқан. 1948 жылдың ақпан айында елге оралған.
Бүгінде өңірде ҰОС ардагерлерінің қатары жыл санап азайып келеді. Нақтырақ айтқанда, облыста – 60, ал қалада 34 ғана майдангер бар. Алдағы уақытта әскери бөлімшелердің соғыс ардагерлерінің үйіне барып, шеру ұйымдастыруы жалғаса бермек.

Ш.Биділдәұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.